Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк ресми түрде қызметінен кетті. Енді футбол жанкүйерлері оның орнын кім басар екен деп тағатсыздана күтіп жүр. Ал біз осы ешкімге ұнамайтын қызметтің қыр-сырын әрі тарихын түгендеп өтсек. Сонда Қазақстан құрамасына қандай бапкер керек екеніне көзіміз жетер, бәлкім.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінде 15 маман болыпты. Оның алтауы шетел азаматы. Ең алғашқы бапкер Бақтияр Байсейітовтен Александр Бородюкке дейін әртүрлі жастағы, пікірдегі адамдар қызмет етіпті. Тіпті олардың тізімінде бір ғана ойында бапкер болған Владимир Фомичев те бар.
Ал қай бапкердің кезінде ұлттық құрамамыз көп жеңіске жетті? Голландиялық маман Арно Пайперс баптаған шақта жерлестеріміз 7 рет жеңіске жетіпті. Бірақ Арно бапкер 36 ойын бойы құрама тізгінін ұстаған. Бір қарағанда 36 ойынның 7-еуін жеңу соншалықты мықты көрсеткіш емес секілді көрінеді. Алайда күллі кәрі құрлықты шулатып, өз алаңымызда Сербияны ұтуымыз, Бельгиямен тең түсіп, Әзербайжан мен Арменияны қарсылас құрлы көрмейтін шақтарымыз көпшілік жанкүйердің тәтті естелігін тудырады. Елімізде кәнігі бір еуропалық футболдың ойын ырғағы қалыптасып, Қазақстан құрамасын сенсация жасайтын команда деп қабылдай бастауы дәл осы Пайперстің тұсында болды.
Ал нәтиже жағынан қарастырар болсақ Қазақстан Ұлттық құрамасы 1998 жылғы Әлем біріншілігіне кәдімгідей бір табан жақындаған кез болды. Азия құрлығында ойнап жүрген шағымызда алғашқы іріктеуден өтіп, финалдық сынға жеттік. Онда тобымызда Оңтүстік Корея, Жапония секілді мықтылар қос жолдаманы жеңді де, Қазақстанды артта қалдырды. Бұл шақта командамыздың бас бапкері Серік Бердалин болды.
Осыдан кейін Қазақстан әлем біріншілігіне шығуға мүмкіндік түгілі, маңына да жоламады. Бапкерлік жұмыстың ұзақтығы тұрғысында Бердалин үздік үштікті қорытындылайды, ол кісі 20 матчта қызмет етті. Екінші орында – Мирослав Беранек мырза. Чехиялық маман 24 ойынның 5-еуін жеңіп, 6-да тең түскен. Ал бірінші орындағы Арно Пайперстің рекордын жаңартатын әзірге бапкер пайда болған жоқ.
Ал енді бапкерлердің пайдалылық коэффициентіне тоқталайық. Өткізген ойындары мен көрсеткен нәтижелерін саралай сөйлесек, онда 57 пайыз үстемдікпен Бақтияр Байсейітов бірінші орынға шығады. Былтыр ғана «Ордабасыны» жаттықтырған маман 9 ойынның 4-еуін жеңіп, 3-еуінде тең түскен. Бұл тұрғыда екінші орында Воит Талғаев (9 ойын: 5 жеңіс, 4 жеңіліс, 55 пайыз) болса, үздік үштікте Вахид Масудов (9 ойын: 4 жеңіс, 4 тең, 1 жеңіліс, 44 пайыз) тұр. Енді осыдан шығар қорытынды: отандық бапкерлердің де орны ерекше, оларды деңгейі төмен деп сызып тастау орынсыз деген сөз. Әрине шетелден келген алты бапкердің ішінде әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болды, пайдасы тиді. Бернд Шторк немістің темір тәртібін әкеліп, футболшылардың физикалық әл-қуатын арттырды. Таңат Нөсербаев, Жамбыл Көкеев секілді жастарды да сол кісі баулыды. Жеребесі ауыр түскен шақта құрама тізгінін ұстаған Юрий Красножанның да еңбегі орасан. Чехия, Исландиялармен тең түсіп, Латвияны сыртта жеңдік. Тек Леонид Пахомов пен Александр Бородюк бапкер болған шақтарда бізде айтарға ешқандай аргумент табылмай тұрғаны.
Қазақстан құрамасының бас бапкері болғандардың көбісі «Б» деген әріпке қатысы бар адамдар. Мысалға, Бақтияр Байсейітов, Бауыржан Баймұхамедов, Бердалин, Бернд Шторк, Беранек, Байсуфинов, Бородюк. Кездейсоқтыққа сенбейтін адамдар үшін, әрине бұл өте қызықты фактілер. Ал енді бос тұрған қызметке бапкер болып, Бердыев келсе ше? Әрине әзірге бұл мүмкін емес. Құрбан Бекейұлы Қазанның «Рубинінде» жүр. Ұлттық құрамамызды баптауға аса қатты құлығы жоқ. Шаруасы онсызда жетіп-артылады.
Ал енді ұлттық құраманы баптауы мүмкін қандай бапкерлер бар, осыған тоқталып өтсек. Әрине қазір бос жүрген бапкерлер жетерлік. Дегенмен Дон Фабио Капеллоны шақыруға қаржымыз жетпейді. Қаржымыз жеткен күннің өзінде де Рональд Куман, Лоран Блан, Томас Тухель секілді тұлғалар Қазақстанды менсініп келе қояр ма? Демек, бізге деңгейімізге дәл келетін, тақиямызға тар болмайтын орташа деңгейлі бапкер ретінде өсіп-өніп, өз амбициясын да ойлайтын адам керек. Қазақстанды жаттықтырып, атымды шығарып, осы елдің футболын көтеріп, ел тарихында қаламын дейтін мамандар баршылық. Қаржысы мен жағдайын жасап, қолына футболшылар тізімін ұстатса, білекті сыбана тұрып жұмысқа кірісетін жаттықтырушылар да жоқ емес.
Әзербайжан құрамасының деңгейін әжептәуір көтеріп тастаған хорватиялық маман Роберт Просинечки қазір демалыста. Жақсы ұсыныс түссе, қарастыруға дайын. Біздің командаға сай келеді деп ойлаймыз. Дегенмен көптеген шенеуніктер бапкердің орыс тілін біліп, жергілікті футболшылардың менталитетін ұғынғаны дұрыс деп санайды. Егер осы қағидамен қарастырылар болса, онда ең жақсы кандидат – Олег Блохин. Бұл бапкердің қандай жетістіктерге жеткенін көзіқарақты жанкүйердің бәрі біледі. Делдал агенттер осы қазірден бастап Қазақстан футбол федерациясына өз үміткерлерін ұсынып жатқаны анық. Көршілес Ресей футболына көз тігетін басшыларымыз осы елдің бапкерлерін қалайтын болса, онда бізге тек олардың біреуі ғана жарайды деп ойлаймыз. Бапкерлік болашағы бар – Олег Кононов. Одан бөлек алып-қашпа әңгімеге сенер болсақ, румыниялық бапкер Мирча Луческу де Қазақстанның бас бапкері болудан бас тартып отырған жоқ. Санкт-Петербургтің «Зенитінен» кеткелі бері, тәжірибиелі маман жұмысқа кіріспепті.
Ал отандық мамандарға сенім артатын болсақ, онда әрине, бізде кандидаттар баршылық. Сол Талғат Байсуфиновты немесе Станимир Стойловты қарастыруға болады. Алайда Талғат Маруанұлы қазір Қазақстан жастар құрамасының, ал Стойлов «Астананың» бапкері. Қалың жанкүйердің пікіріне құлақ түрсек көбісі болгар бапкерінің екі жұмысты қатар алып жүргенін қалайды. Оның үстіне ұлттық құраманың негізгі ойыншылары осы «Астанада» ойнайды.
Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті 10 ақпан күні анықталады. Сайлаудың қорытындысынан кейін, бапкердің есімін де естіп қалуға тиіспіз. Себебі 23 наурыз күні Қазақстан ұлттық құрамасы Будапештте Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»