• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 05 Ақпан, 2018

Зияткерлік мектептердің өрісі кеңеюде

445 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) өзара серіктестік туралы меморандум шартына отырды. Құжатқа облыс әкімі Ерлан Қошанов және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қол қойды.

Өңір басшысы өз сөзінде еліміз­дің ертеңіне балаған, білім­ді де ақылды, отансүйгіш жаңа буынды қалыптастыруды мақ­сат еткен білім беру сала­сының жаңа бағытта ілгері жылжып келе жатқанын ерекше атап өтті. «Назарбаев зият­керлік мек­теп­терінің Елбасы Жолдауын­да айтылған төртінші өнеркәсіп револю­циясы жағ­дайында атқа­рып жатқан жұ­мыс­тары аса маңызды. Жастар үшін бұл жаңа пішім заманауи тұрғыда білім алуға мүм­кіндік береді. Сіздердің тәжі­рибелеріңіз бен жұмыс әдіс­теріңізді орта және кәсіби білімнің барлық салаларына тара­ту керек», деді өңір басшысы.

Ал «Назарбаев зияткерлік мек­­тептері» ДББҰ басқарма төр­айымы К.Шәмшидинова оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін өзге білім мекемелеріне енгізудің маңыздылығына тоқталды. «Біз­­дің негізгі мақсатымыз – әр­бір нақты мектептің әлеуетін жоғарылату. Сондықтан осымен үшінші жыл қатарынан біз ең үздік мұғалімдер арасынан баға­лау жүйесі арқылы білім беру әдістемесі мен технология­сы бо­йынша тренерлерді даярлау үстін­деміз», деді К.Шәм­ши­динова.

– Жалпы, Қарағанды облысында 19 859 мұғалім еңбек етеді. Бүгін­де оның жартысына жуығы (54%) жаңартылған бағдарлама бойынша оқу курсынан өткен. «Алайда бұл мұғалімдердің өзі жұмыстарында қиындыққа тап болып отыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев. – Жа­ңар­тылған білім мазмұны – ол педагогикалық тәжірибенің өте күрделі құрамдас бөлігі. Сон­дықтан бұл меморандум біздің мүмкіндіктерімізге кең өріс аша­ды».

Елімізде алғашқы Назарбаев зият­керлік мектебі осыдан 10 жыл бұрын пайда болса, Қарағ­ан­дыдағы білім ошағы бес жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бүгінде пәндік мұғалімдер үшін онлайн оқыту курстарының бағ­дарламасы әзірленген. Қазір еліміздің 170 мыңнан астам мұға­лімі осы бағдарлама бойынша оқып жатыр. Ал Қарағанды облысында мұғалімдердің 54%-ы аталған базаға тіркелген. Биыл­дан бастап критерийлі бағалау жүйесі бойынша онлайн курс іске қосылды. «Бұл меморандум – мұғалімдерге деген нақты әдіс­темелік көмек. Өйткені білім беру саласындағы жаңартылған мазмұнның табысты болуы ең алдымен педагог мамандарға тікелей байланысты», деп атап өтті К.Шәмшидинова.

Кездесу барысында облыс әкімі Е.Қошанов алдағы уақытта Назарбаев зияткерлік мектебін Жезқазған қаласында да ашуды ұсынды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Суретті түсірген  Дмитрий КУЗМИЧЕВ