Оңтүстік Қазақстан облысында елімізде алғаш болып қолға алынған модульді құрамалы 20 медициналық пункт пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев халықтың денсаулығын сақтау – мемлекет үшін аса маңызды мәселе болып табылатынын айтты.
- Жолдауда Мемлекет басшысы тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет екенін атап өткен болатын. Яғни, медицина мекемелері озық медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер халыққа сапалы қызмет көрсетуі тиіс.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, медициналық тіректердің құрылысын жүргізуге модульдік конструкция үлгісі ұсынылып отыр. Модульдік конструкцияны құрастыру тәсілі уақытты және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға оң әсерін тигізеді. Осындай медициналық тіректе науқастарға бірінші медициналық санитарлық көмек көрсетілетін болады, - деді облыс әкімі.
2017 жылы облыс бойынша 33 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген болатын. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 846 медициналық нысан бар болса, оның ішінде 225-і медициналық тірек болып табылады.
Бақтияр ТАЙЖАН
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы