Адам тағдыры шалқар теңіздегі қауқарсыз қайық секілді. Үнемі асау толқындармен арпалыса жүзіп, жаңқадай шағылып жағаға шығып қалмауға тырысып бағады. Сондықтан «өмір – теңіз» деп бекер айтпайды. Бірақ осындай өмірдің ыстық-суығын көрген, оның небір қиын жолдарынан өткен адамдардың салған соқпақтарының сыры ашылмаса, қайырымы да болмайды екен. Неліктен дейсіз ғой.
1941-1945 жылдардағы соғыстың тыл еңбеккері, «Қазақ тілі» қоғамының ардагері, КСРО және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері, Жылыой ауданының құрметті азаматы Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы бүгінде 88 жастан асып отыр. Жылыой ауданынан табан аудармай, сондағы мектептерде 65 жыл бойы үздіксіз ұстаздық еткен. Еліміздің жоғары оқу орнын өткен ғасырдың 53-жылдары бітірген екен. Иә, кеңестік заманның бар ауыртпалығын да, бүгінгі егемен еліміздің тәуелсіздік алған жылдарындағы қызығын да қатар көріп келе жатыр. Расында, көргені аз емес. Айтары да көп екен. Бірақ соған қоса назы да бар екенін жасырмады.
89 жасқа аяқ басқан атамыз өткен жолы редакциямызға арнайы бас сұқты. Осы жасқа келгенде бас басылымның қара шаңырағы табалдырығын аттағанына қатты риза болды. Газетіміздің жаңарып, жасарып, жанданып жатқанына қуаныш білдірді. Сөйтіп өмір жолын да, өмір жолынан жастарға үлгі алар жайттарды да айтып өтті. Еліміз тәуелсіздігін алған шақта бақытты өмір сүріп жатқан қазіргі жастарға қызыға да қуана қарайтындығын, мұндай кезеңге аяқ бастырған Елбасының сара саясатының баяндылығына ризашылығын жеткізді. Енді міне, бүгінде «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде көптеген жақсылықтардың, игі істердің куәсі болып жүргенін жасырмады. Алайда ол, өзінің жас кезінде қолға алған ісінің аяқсыз қалғанын күрсіне айтады. Сонау 1982 жылдың желтоқсан айында сол кездегі Қамыскөл қазақ мектеп-интернатының директоры болып тағайындалады. Әрине ол кезде мектеп-интернат деген аты ғана еді дейді. Себебі мектеп-интернат кешені толықтай құлдырауға түскен.
Дәл мұндай қысылтаяң шақта директорлық тізгінді өзіне текке ұстатпағанын Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы да анық ұғынады. Келесі жылы мектеп-интернатты құрдымнан құтқару үшін үш жылдық күрделі құрылыс жұмыстарының жоспарын түзіп, соған бел шеше кіріседі. Сөйтіп бас-аяғы үш жыл дегенде мектеп-интернат кешені қайта жаңарып, қатарға қосылады. Тіпті содан Қамыскөл қазақ мектеп-интернаты 1986-1987 оқу жылына сақадай сай әзір болғаны сонша, социалистік жарыста оныншы бесжылдықтың жеңімпазы атанады. Соны бағалаған аудан басшылары мектеп директоры Н. Таңбайды «КСРО ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапаттайды. Алайда бұл еңбектің жемісін көру ұзаққа созылмайды. Неге екені белгісіз 1988 жылы «Қамыскөл қазақ мектеп-интернаты жабылсын» деген шешім шығарылады. Бар еңбек зая кетіп, аталған оқу кешені жабылып тынады.
Міне, содан бері Н. Есенәліұлы ақсақал осы мектеп-интернаттың орынсыз жабылғанын айтып келеді. Мәселе, дәл сол мектептің жөнделіп, қайтадан қирап қалуында емес. Мәселе, сол кездегі қаншама оқушылар мен ата-аналардың күткен ақ үміті ақталмай қалуында, соған сай қаншама жастың қиыншылық көргенінде дейді. Ол мектеп жабылмағанда әлі күнге пайдаға асып, талай жастың өмірге қанаттанып ұшуына алтын ұя міндетін атқарар еді. Тіпті басқа да сала қызметіне жарар ма еді. Сондықтан бүгінде ақсақал нақ сол кездегі өзінің де еңбегі ескерусіз қалғандығын жасырмайды. Енді қазір сол кезде атқарған қызметтерінің басы ашылып, анықталып тексерілсе деген тілегі де жоқ емес. Осының жайын қуалаймын деп жүріп, басы да дауға қалған көрінеді. Жергілікті басылымдарда «Қамыскөл мектеп-интернаты неге жабылды?», «Қамыскөл интернаты қашан ашылады?» атты мақалалар да жарияланған екен. Сондықтан ақсақал өзінің кезіндегі атқарған еңбегін елеп, әлі де ескерсе, сөйтіп бір қайырымын қарастырар тиісті билік орны болса деп үміттенеді. Әрине мұндай шешімі қиын мәселелер түйіні тарқатылуы үшін құзырлы органдар көмегі қажет екендігі сөзсіз. Ендеше ақсақалдың үніне құлақ түрер мекемелер де табылып қалар дейміз.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»