Өткен жұмада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақ ұлттық аграрлық университеті белсенді студенттерінің қатысуымен «Тәуелсіздік және жастар» онлайн-дөңгелек үстелін өткізді.
Іс-шара жастарды Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабымен таныстыруға және Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талдауға бағытталды.
ҚазҰАУ тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Жанар Дәуренбаева дөңгелек үстелді аша отырып, іс-шараның университет жастарын Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерімен толыққанды таныстыру мақсатына негізделгенін атап өтті.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова онлайн үлгіде Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын көпшілік назарына ұсынды.
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталмыш кітабы – тарихи публицистика үлгісінде жазылған іргелі еңбек. Ол түсінуге жеңіл тілде жас, егемен мемлекеттің 26 жыл ішінде бастан кешірген құрылу кезеңдерін сипаттап, күрделі сын сәттерін баяндайды. Тәуелсіздік тарихын түсіндіре отырып, Елбасы мемлекет пен қоғамға нақты талдау жасайды. Беттерді кезек-кезегімен мұқият оқыған адам елімізде қысқа уақыт ішінде жүз жылға татитын өзгерістер мен реформалардың орындалғанын түсінеді. Бұл жетістіктер Президентіміз бастаған қазақстандықтардың үлкен жеңісі. Елбасы тарихымыздың күрделі кезеңдерін сипаттай келе, серпіліс үшін Қазақстанның дағдарысты ұтымды пайдаланғанын айтып жас ұрпақты қанаттандырады. Елімізді ғана емес, күллі әлемді ойландырған мәселелер де бүгінгі серпіліс үшін қолданылды. «Қазақ барысының» күші мен ерекшелігі де осы. Мұның бәрі Елбасы кітабында белгіленген, – деді Ботагөз Мұттахиденқызы.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында белгіленген негізгі он міндетті түсіндіру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова, «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов, ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, академик Ханкелді Әбжанов сөз сөйледі. Дөңгелек үстел барысында профессорлар мен оқытушылар, белсенді студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Шараны қорытындылаған Жанар Дәуренбаева жастар үшін мемлекеттің даму тарихы маңызды екенін алға тартты. Осы тұста Елбасының еңбегі мемлекеттіліктің қалыптасуында жауапты рөл атқарып, Қазақстан кадрларын дайындау жүйесінің бағдарламасынан орын табатыны айтылды.
Дөңгелек үстел қатысушылары Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын бүгінгі әлемде өмір сүруге қажетті жол-бағдарға теңеді.
«Егемен-ақпарат»