• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2018

Соныға салған соқпақ

510 рет
көрсетілді

Ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан-ғайыр қазақ даласының қасиет қонбаған қиыры жоқ. Төрт құбыласы – түгел құт.

Асыл текті арда түркінің алтын бесі­гін­дей аяулы Алтай.

Көк сүңгілі шыңдары күн көзімен шағылысқан асқар Аспантау.

Әріден жеткен әфсаналарда айтылатындай, жер жүзін топан су басқанда басына Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған киелі Қазығұрт.

Ұлт ұғымынан ойып орын алған осынау ұлы тауларды біз неге бөле-жара атап отырмыз? Өйткені өткен жұма­да Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ха­нада белгілі жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Әлібек Асқаровтың жуыр­да «Фолиант» баспасынан жа­рық көрген «Көккөл», «Аспантау», «Шана­ғаты», «Шабанбай», «Қазығұрт», «Мұз­тау», «Қайырымды үміт мүйісі» атты кі­тап­­тарының беташар рәсімі болды.

Табиғат таңғажайыптарынан сыр тартатын танымдық сипаты мол бұл жинақтар жоғарыда тілімізге тиек еткен жағрафиялық нысандардың тыныс-тір­шілігін баяндап, арғы-бергі тари­хындағы ақт­аңдақтарды ашып көр­сетеді. Автор сон­дай-ақ қаузап отыр­ған тақырыбына қатыс­ты ордалы ой қозғап, әртүрлі әде­биеттерден алған мол мәліметтерін оқыр­ман олжасына айналдыра білген. Ең бас­тысы, жеті желіден тұратын жи­­һан­гездік жазбалардың барлығы да ке­зінде «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рия­ланған еді.

Әлекең әсіресе өзі туып-өскен Алтай өлкесінің өзен-көлдерін, қарағайлы-қай­ың­ды, аршалы-шыршалы ормандарын, төбеден төніп тұрған құз-қиясын қара сөз­бен жырлағанда қамшы салдырмайды. Баяндау тәсіліндегі өзіндік өрнектері тәнті етіп, стиль сұлулығы сүйсінтеді. Жел­дірте жазылған оқиғалар желісі жеңіл оқылады. Көркем табиғат көріністері көз ал­дыңда көлбеңдеп, естен кетпес елестері ерік­сіз баурайды.

Төңірегінде төрт мемлекет тоғысқан төр Алтайды асқақтатуға келгенде Қатон­қарағай топырағында түлеп, әде­би­ет әлеміне қанат қаққан қаламгерлер бірінен бірі өтеді. Кейіпкерлері шетінен шешен, тіпті кер баққан кержағына дейін кес­те­леп сөйлейтін Қалихан Ысқақ­тай хас ше­бердің шедеврлеріне таңдай қағып, там­санбау мүмкін бе?! Арнасынан асып-та­сыған асқақ романти­касы адамды елік­ті­ріп желіктіріп, өң мен түстің арасында өмір кешкендей өзгеше  күйге бөлейтін Оралхан Бөкей орамдары ойдан кетер ме?! Кешегі кеңестік кезеңдегі келеңсіздіктерді астарлай сынап, азған ел, тозған жұрттың ұпайын түгендеуге ұмтылған Дидахмет Әшімханұлының ұлтжанды өткір хикаяттарын көзі қарақты көпшілік қалай ұмытсын?!

Алтайдың сондай ақиықтарымен бірге жүріп, біте қайнасқан Әлібек Асқаров та қабілет-қарым жағынан  ешкімнен кем еместігін көрсетіп, тұшымды туындылар жазды. «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай мен қайтейік биігіңді», «Алтай­да алтын күз еді», «Социализм әңгіме­ле­рі» сияқты роман, повестерін қазіргі проза­мыз­дың қоржынына қосылған шұрайлы шы­ғар­малардың қатарына жатқызсақ бола­ды. Оның қаламынан туған басқа да та­тымды дүниелер баршылық. Соныға соқпақ салып, бізге бейтаныстау сафари жанрын меңгеруі көп қырлы таланттың көк­жиегін кеңейте түскендей. Тосын жай­лар­ға толы саяхаттардың бел ортасында жазбагердің өзі жүруі деректі публицистика деңгейін көтерері даусыз.

Жазушының жаңа жинақтарының тұсау­кесеріне байланысты жиынды жүр­гізген Парламент Мәжілісінің депу­таты, көрнекті көсемсөзші Сауыт­бек Абдрах­манов аталмыш шара халқы­мыз­дың санасына сапалық өзгеріс әкелген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарл­амалық мақаласында көтерілген көкейкесті идея­лармен толықтай үндесе­тіндігіне тоқ­талып, осыған орай «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төр­кіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.  ... Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

...Туған жерге деген сүйіспеншілік  «Туған елге – Қазақстанға деген отаншыл­дық сезімге ұласады» деген Президент сө­зін келтірді. Әлібек Асқаровтың маң­дай­ына қазақ сөз өнерінде сафари жанры ізашарларының бірі болу құрметі жазылғанына ерекше екпін түсірді.

Басқосу барысында Сейіт Қасқабасов, Сұлтан Оразалин, Намазалы Омашев, Абай Тасболатов, Серік Негимов, Жан­бо­лат Аупбаев, Серік Тұрғынбекұлы, Қу­аныш Жиенбай секілді танымал тұл­ға­­лар ағынан жарылып, тақырыбын тап­қан да­рын иесінің шығармашылық, қай­рат­кер­лік, азаматтық қырларын алға тарта әңгіме тиегін ағытты.

Тау асып, тас басып жүріп жұртшы­лық­қа тамаша сапарнамалар сериясын ұсын­ған қабырғалы қаламгер кездесу соңында өз атына жылы лебіздерін біл­ді­ріп, игі тілектерімен иіткен зиялы қауым өкілдеріне өзекжарды алғысын айтты.

Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»