• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2018

Оңтүстікте медпункт мәселесі толық шешілмек

605 рет
көрсетілді

Ме­млекет медицинаға үнемі қолдау көр­сетіп келеді. Ал жеке адамдар өз ден­сау­лы­ғына жете көңіл бөледі деп айта алмаймыз, өкінішке қарай. 

Көпшіліктің жаны қы­сыл­ғанда, айтқан жерден аулақ, ауру ал­қымнан алғанда дәрігерге жүгіретіні жа­сы­рын емес. Әсіресе ауылдағы ағайынға ау­ру­дың алдын алу, алғашқы көмекті сапа­лы көр­сету ма­ңызды. Яғни әр ауылдың бі­лік­ті маманмен және медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілуі заман талабы.

Бұл орайда Сайрам ауданы, Теспе ауылында таяуда пайдалануға берілген құрамалы модульді медициналық пункт тұрғындар үшін қолжетімді әрі тиімді болып отыр. Құрылысы қыруар қар­жы­ны қажет етпейтін емдеу мекемесін іске қосуға екі-ақ ай уақыт кеткен. Алаңы 125 шаршы метр бола­тын, медициналық құралдармен жабдықталған мо­дульдік конструкцияның құны – 30 млн теңге. Жал­пы, Сайрам ауданында биыл бұдан бөлек осын­дай 5 медициналық тірек орнатылады. Сөй­тіп ауданның денсаулық сақтау нысанына деген қа­жеттілігі 100 пайыз шешілмекші. Сонымен қатар Са­рыағаш ауданында – 13, Бәйдібек ауданында – 3, Түлкібас ауданында 2 модульді медпункт пайдалануға беріледі.

Теспе ауылы тұрғындарының қуанышын бөліс­кен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев елімізде отандық медицинаны дамытуға баса назар аударылып жатқанын жеткізді.

– Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында меди­ци­налық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арт­тыру қажеттігін атап көрсетті. «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық тех­нологиялардың дамуына байланысты меди­ци­налық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс», екені де Елбасы Жолдауында айтылды. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар ат­қа­ры­лып жатыр. Мәселен, медициналық тірек­тердің құ­рылысын жүргізуге модульдік конструкция үлгісі ұсынылып отыр. Оны құрастыру тәсілі уақытты үнемдеуге және бюджет қаражатын ти­ім­­ді жұмсауға оң әсерін тигізеді. Осындай меди­циналық тіректе науқастарға бірінші меди­ци­налық-санитарлық көмек көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ бүгінде Сайрам ауданының ор­та­лы­ғы – Ақсукент ауылында 500 келушіге ар­нал­ған емхана құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, ком­пьютерлік томограф сатып алынып, инсульт ор­талығын ашу жоспарланып отыр. Айта кетелік, облыста жыл соңына дейін тағы 47 құрамалы модульді медпункт іске қосылмақ. Жалпы, өңірде 846 медициналық нысан халыққа дәрігерлік көмек көрсетеді, оның 225-і медициналық тірек.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы