Былтырғы қыс өскемендіктер үшін қатқылдау тиіп, көшелер мен жол бойындағы қар уақтылы тазаланбай қала басшылығына тұрғындар тарапынан сын-ескертпелер көп айтылған еді. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, биыл осындай олқылыққа жол бермес үшін шаһар билігі «кәрі құданы» күтіп алуға ерте бастан қамданыпты.
Осы мақсатта Германиядан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жол құрылысы саласының сарапшысы Эрвин Флейшерді арнайы шақырған. «Неміс маманы техникалар мен қызметкерлер санын көбейту қажеттігін айтты. Оның ұсыныс-пікірлерін ескеріп, «Foton» деп аталатын көп функциялы 10 жаңа машина сатып алдық. Бір жақсысы, бұл техниканы қыста да, жазда да жол тазалауға пайдалануға болады. Сонымен қатар автопаркіміз 4 грейдермен және 2 шнекті ротормен толықты. Өткен жылы грейдерлер жол үстіндегі мұзды тазалай алмағандықтан финдік мұз жарғыш техника сатып алдық. Қала тазалығына жауапты «Өскемен тәртіп» мекемесіндегі жұмысшылар санын 500-ге жеткіздік. Қысқасы, техника мен жұмысшылар сақадай сай. Алайда қалада былтырғыдай қалың қар мен сірескен мұздың жоқтығынан бұл техникаларды әлі пайдалана алмай отырмыз. Әзірге қаңтарылып тұр», дейді Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев. Неміс сарапшысы біздегі көбіне ашық-шашық жататын канализациялық люктердің орналасуына қатысты да өз ойын білдіріпті. Шетелдік маман мұның көлік жүргізушілеріне қолайсыз екендігін айтып, Еуропа мен АҚШ-тағыдай жаяу жүргіншілер жолына орналасқаны дұрыс депті.
Қала басшысы өткен жыл Өскемен үшін табысты болғанын, облыс орталығында Елбасының қатысуымен «Нұрлы жол» саябағы ашылғанын, шаһарда 23 шақырым жол орташа жөндеуден өткенін, 20 жылға жуық үй кезегінде тұрған тұрғындар баспанаға қол жеткізгенін айтады. Ал 2018 жылы қала көшелерін жарықтандыру, абаттандыру, жолдарды кеңейту жұмыстары жалғасын тауып, Жібек маталар шағын ауданында үлкен саябақ салынады. Тағы бір жағымды жаңалық, жақында осы шағын ауданда 1000 орындық қазақ мектебінің құрылысы басталды.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН