Жаһан жұртшылығы асыға күткен футболдан әлем чемпионаты биыл Ресейде өтетіні көпшілікке белгілі. Осыған орай дүниежүзілік теңбіл доп бәсекесінің басты жүлдесі, салмағы 6 кило тартатын алтын кубок Алматыға келді. Естеріңізде болса, алғаш рет Әлем кубогы Алматыға 2010 жылы келген болатын. Қазақстан осы трофейді екінші рет қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанып отыр.
Әлем чемпионаттарының алдында өткізілетін дәстүрлі тур 9 қыркүйек күні Мәскеудегі «Лужники» стадионында басталған. Басты трофейді әуежайдан күтіп алған алматылықтар, артынша осы тарихи сәттің құрметіне орай қаладағы «Мега» орталығында бас қосты. Бұл Алматы тұрғындарына ғана емес, бүкіл елімізге ФИФА-ның ресми өкілдері тарапынан жасалған үлкен сый, қайталанбас естелік деп айтуға болады.
ФИФА өкілдерімен қатар Алматыға келген әйгілі француз футболшысы, әлем және Еуропа чемпионы Кристиан Карамбё бұл тариxи оқиғаның маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар танымал футболшы қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, тілшілердің барлық сұрақтарына жауап бере отырып, кубок 9 елді аралап үлгергенін айта кетті. Оның айтуынша бұл трофей біздің елге Пәкістаннан келіп, өз сапарын Қырғызстанда жалғастырмақ.
– Қазақстан үшін бұл үлкен қуаныш. Біз Әлем кубогын өз қаламызда тамашаладық. Әсерімді айтып жеткізе алмаспын. Әрине еліміздің құрама командасы бұл додаға қатыспайтыны өкінішті-ақ. Бірақ бүгін футболдың жанкүйерлері үшін үлкен мереке. Ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін шексіз алғысымды білдіремін, – дейді қала тұрғыны Темірлан Қуанышев.
Теңбіл доп додасының ең басты трофейінің келуіне орай жиналған қонақтардың айтуынша, бұл әлем спортындағы ауқымды оқиға тек қуаныштың белгісі. Қонақтарға алғысын білдірген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та бұл сөзді қуаттап, бұл еліміз үшін үлкен абырой екенін жеткізді.
Аталған жоба 2006 жылдан бері әлемдік футбол қауымдастығы мен Coca-cola компаниясының мұрындық болуымен іске асып келе жатыр. Ұйымдастырушылар Алматы әкімдігіне кубоктың кіші нұсқасын сыйлап, қолдау көрсеткеніне алғыс білдірді. Сондай-ақ шараға жиналған барлық қонақтар Әлем кубогының жанында естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ