• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 06 Ақпан, 2018

Футболдан әлем кубогы – Алматыда

428 рет
көрсетілді

Жаһан жұртшылығы асыға күткен футболдан әлем чемпионаты биыл Ресейде өтетіні көпшілікке белгілі. Осыған орай дүниежүзілік теңбіл доп бәсекесінің басты жүлдесі, салмағы 6 кило тартатын алтын кубок Алматыға келді. Естеріңізде болса, алғаш рет Әлем кубогы Алматыға 2010 жылы келген болатын. Қазақстан осы трофейді екінші рет қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанып отыр.

Әлем чемпионаттарының алдын­да өткізілетін дәстүрлі тур 9 қыркүйек күні Мәскеудегі «Луж­ники» стадионында басталған. Басты трофейді әуежайдан күтіп алған алматылықтар, ар­тынша осы тарихи сәттің құрметіне орай қаладағы «Мега» орта­лы­ғында бас қосты. Бұл Алматы тұр­ғындарына ғана емес, бүкіл елімізге ФИФА-ның ресми өкіл­дері тарапынан жасалған үлкен сый, қайталанбас естелік деп айтуға болады.

ФИФА өкілдерімен қатар Алматыға келген әйгілі француз футболшысы, әлем және Еуропа чемпионы Кристиан Карамбё бұл тариxи оқиғаның маңызын ерекше атап өтті. Со­нымен қатар танымал футболшы қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, тілшілердің барлық сұрақтарына жауап бере отырып, кубок 9 елді аралап үлгергенін айта кетті. Оның айтуынша бұл трофей біздің елге Пәкістаннан келіп, өз сапарын Қырғызстанда жалғастырмақ.

– Қазақстан үшін бұл үлкен қуаныш. Біз Әлем кубогын өз қаламызда тамашаладық. Әсерімді айтып жеткізе алмас­пын. Әрине еліміздің құрама командасы бұл додаға қатыс­пай­тыны өкінішті-ақ. Бірақ бүгін футболдың жанкүйер­лері үшін үлкен мереке. Ұйым­дас­тыру­шыларға осындай мүм­кіндік сый­лағаны үшін шексіз алғы­сым­ды білдіремін, – дей­ді қа­ла тұрғыны Темірлан Қуанышев.

Теңбіл доп додасының ең басты трофейінің келуіне орай жиналған қонақтардың айтуынша, бұл әлем спортындағы ауқымды оқиға тек қуаныштың белгісі. Қонақтарға алғысын біл­дірген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та бұл сөзді қуаттап, бұл еліміз үшін үлкен абырой екенін жеткізді.

Аталған жоба 2006 жылдан бері әлемдік футбол қауым­дастығы мен Coca-cola компа­ния­сының мұрындық болуымен іске асып келе жатыр. Ұйым­дастырушылар Алматы әкім­дігіне кубоктың кіші нұс­қасын сыйлап, қолдау көрсет­кеніне алғыс білдірді. Сондай-ақ шараға жиналған барлық қо­нақтар Әлем кубогының жанында естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ