ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ!
90-шы жылдары Ленин кеңшарының бөлімшесі саналып келген Дайындық ауылы 11 миллион теңге қарызға белшеден батқанда басқаруға ешкімнің жүрегі дауаламады. Тұрғындар ауылдың болашағынан күдер үзіп, жан-жаққа кете бастады. Үйлер қаңырап, түтін саны 38-ге дейін құлдырады. Біржан Шәймерденов басшылыққа осындай сын сәтте жерлестерінің өтінішімен облыс орталығындағы қызметі мен жайлы пәтерін тастап келді. Содан бері арада 15 жыл өте шықты. Осы жерде бір кездері тараудың аз-ақ алдында қалған елді мекен болды дегенге сену қиын. Дайындық адам танымастай өзгеріп, үлгілі ауылға айналды. Ал Біржан құрған осы аттас серіктестік Қызылжар өңіріндегі іргелі шаруашылықтың бірі саналады. Машина-трактор паркі түгелдей жаңарып, соңғы жылдары ғана 12 «МТЗ -82» тракторы, 4 «Джон Дир» комбайны, 2 себу кешені, кең алымды жатка, дәрішашқыш сатып алынды. Сөйтіп, озық агротехнологиялар кеңінен қолданылатын болды. Егіншілік мәдениетін жақсарту бағытында жақсы тәжірибелер қалыптасқан. 850 гектар астықты алқап 10 есеге дейін ұлғайып, жыл өткен сайын шығымдылық артып келеді. 2009 жылы гектар берекесі 34 центнерді құрады. Былтырғы қуаңшылықтың өзінде 17 центнерден өнім алды. Биыл 39 центнерден айналып, облыста жарыс көшін бастады. Қазір Дайындықта 58 түтін бар. Осы жылдар ішінде Мәдениет үйін жөндеуге 5,5 миллион теңге жұмсалды. 7 миллион теңгеге мешіт салынды. 2,5 миллион теңгеге серіктестік кеңсесі, 12 орынды монша, ФАП бой көтерді. Кітапхана қайтадан жұмыс істей бастады. Әлеуметтік-мәдени нысандар жиһаздармен, қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылды. Былтыр Моңғолиядан көп балалы отбасыларды алдырып, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етті. Олардың 11 баласы сабаққа барып жүр. Сөйтіп, негізгі мектеп мәртебесін сақтап қалды. 90 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы 80 мың теңгені құрайды. Жуырда өз күштерімен 4 үй салып, көп балалы отбасыларды қоныстандырды. Біржан Әбділманұлы мектепке деген қамқорлығын еш аяған емес. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жеңіл көлік сыйлады. Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. 500 мың теңге бөліп, шағын орталық ұйымдастырды. 250 мың теңге қарастырып, өрт дабылын орнатты. Кешегі қан майданнан оралмаған боздақтар мен бейбіт өмірде еңбек етіп, қайтыс болған 97 адамның аты-жөндері жазылған еңселі ескерткіш орнатты. Оның жаны саябаққа айналдырылып, ағаш көшеттері егілді. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында ЖШС-де еңбек ететін 10 озат жұмысшыға 50 пайыздық жеңілдікпен жеңіл көлік әперілсе, содан бергі кезеңде ондай құрметке бөленгендердің қатары 50-ге жетті. Биыл 20 жылдық мерейтойды өз сән-салтанатымен атап өту мақсатымен қомақты қаржы бөлініп отыр. «Дайындық» ЖШС 2002 жылдан бері банктен несие алып көрмепті. Істің көзін тауып, ұтымды ұйымдастырудың арқасында берешектен толық құтылып, енді егіншілікпен қатар етті мал шаруашылығын да өркендетуге бет бұрған. Соған орай шаруашылықтың 40 миллион теңге қаражатына Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан 230 бас қазақтың ақбас сиырын әкелген. Оларды аукцион арқылы сатып алынған канадалық етті герефорд бұқаларымен шағылыстырмақ. Ондағы мақсат – етті мал басын 400-ге дейін жеткізіп, асыл тұқымды репредуктор шаруашылық мәртебесін иелену. Мұнда құнарлы жем-шөп қорын жасау ісі де мұқият ескерілген. 300 гектар жерге көпжылдық шөп егіледі. Мал шаруашылығы үшін Қытайдан жүк тиегіш, АҚШ-тан орама шөп тайлағыш жеткізілген. Францияға «Маниту» атты ондаған операцияны бір өзі атқаратын техникаға тапсырыс беріп қойыпты. Біржан атбегілікпен де айналысады. Серіктестіктегі арғымақтардың дені – ағылшындық тұқымдар. Айман атты желмен жарысқан сәйгүлік талай бәйгелерде топ жарып, 11 жеңіл көлік пен 3 миллион теңге ұтып алған. Міне, қаладағы жылы орнын ауылға ауыстырған ол бір кездердегі қиындықтарды еңсеріп, бүгінде ел азаматына лайық өз орнын тапқан. _____________________________ Материалдарды ұйымдастырған «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.
•
22 Қараша, 2011
Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!
918 рет
көрсетілді