• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Ақпан, 2018

Алматы облысында саңлақ спортшыларға құрмет көрсетілді

317 рет
көрсетілді

Биылғы жылы Алматы облысында спортты дамытуға бөлінетін қаржы еселеп өсіп, 14 млрд теңгеге жетпек. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі топжарған спортшылармен кездесуде жария етті.

- Отандық спорттың дамуына жетісулық саңлақтар да мол үлес қосуда. Жерлестеріміздің жарқын жеңістері күн санап көбейіп келеді. Біз де өз тарапымыздан спорт нысандарына күрделі жөндеу жасауға, құрылысын жүргізуге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға барынша қолдау танытып келеміз. Бұдан былай да қолдау жалғасын табатын болады,-деді аймақ басшысы.

Бүгінде Алматы облысында 3439 спорт нысаны келушілерге есік ашып отыр.. Әсіресе, бұқаралық спортты дамытуға орай қолданысқа берілген  денешынықтыру орындарының саны жыл сайын артып келеді.  Мәселен, өткен жылы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Қарасай ауданының Жалпақсай ауылында футбол алаңдары салынды. Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы спорт мектебі, «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы базасы күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары былтыр басталған бірнеше нысан - Райымбек ауданының Кеген ауылында, Талғар және Қаскелең қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтермек. Сонымен қатар, Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында және Қарасай ауданының Шамалған ауылында шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жоспарлануда екен. Оған қоса биыл Талдықорған қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқу ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. «Қазан аузы жоғары...» деге носы.

Облыс басшысы осы жиында ел қоржынына ұпай салып, аймақтың намысын түрлі жарыстарда абыроймен қорғап жүрген бір топ спортшыларды марапаттады. 2017 жылдың үздік спортшылары болып танылған  Альберт Линдер, Карина Горичева, Демеу Жадыраевтарға 700 мың теңгеден сыйақы берілсе, дүбірлі додалардың шаңын қаққан 28 спортшыға 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі  қаржылай сыйақының сертификаты табысталды.

Атап айтқанда, өткен жыл қорытындысы бойынша Альберт Линдер, Карина Горичева, Демеу Жадыраев үздік спортшылар атанды. Спорттағы ерен еңбектері үшін оларға дипломдар мен әрқайсысына 700 мың теңгенің сертификаты берілді.  Бұдан өзге 28 спортшының жыл ішіндегі жетістіктері үшін 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейінгі сертификаттар ұсынылды.   Мұндай құрметтен жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалған жоқ.  Жылдың үздік жаттықтырушылары болып Сергей Седов пен Боранбек Қоңыратов танылды. Ал  шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінген жиырмадан астам бапкердің де еңбегі аталып өтілді.  Сондай-ақ, облыстағы үздік спорт мектептері де марапаттан құралақан қалмады. Топ ішінен Талдықорған қаласындағы № 1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі  мақтаулы деп танылып, 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Бұл жиында спорт тақырыбына қалам тартып жүрген жетісулық журналистерге де шүлен тиді. Облыс әкімі бір топ тілші, фототілші, тележүргізуші, бейнеоператор мен блогерге лайықты құрмет көрсетті.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.