• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Ақпан, 2018

Сойылмен соғып алды

462 рет
көрсетілді

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде қыстақтағы қораға түскен көкжалды қақпанмен ұстап, соңынан сойылмен соғып алған жігіттің бейнежазбасы тараған-ды. Анықтап, білгеніміз, бұл жігіт Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауыл­дық округіне қарасты Ахметбұлақ ауылы маңындағы Қымызбай қыстағында тұра­тын көрінеді. Әлгі бейнекөріністе қораға түскен қасқырдың 6 қой мен 1 тайды жеп, сол төңі­ректегі жұртты зар қақсатқаны, оны ұстау үшін 6 жерден қақпан қойылғаны туралы айтылады. 

Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Ниязбековке телефон шалғанымызда, ол оқиғаның Қымызбай қыстағында орын алғанын, онда Мақсат Байбазаров есімді жігіт әкесі Дәлелбек Байбазаровпен бірге мал бағып отырғанын айтты. Әңгіме барысында ауыл әкімі Тарбағатай ауданының Қытаймен шекаралас елді мекен тұрғындарына мылтықпен ұзап шығуға тыйым салынғандығын, түз тағысының қыстауларға жиі шабуылдап, малға ауыз салуының бір себебі осында жатқандығын, бұл мәселе, әсіресе, байланысы жоқ, жол қатынасы нашар шалғайдағы ауыл тұрғындарын алаңдатып отырғанын жеткізді. «Ахметбұлақ шекараға жақын орналас­қандықтан, қыстауларға рұқсат арқылы ғана шығамыз. Ол жаққа мылтықпен өткізбейді. Аңшыларды жібермейді. Қыстауда бір-бірінен алшақ орналасқан 40-қа жуық қора бар. Қойшылардың бәрінің қолында мылтық жоқ. Соны сезе ме екен, қасқырлар да малшыларды басынып алған. Түсінеміз, шекара бойында сақталуға тиіс ережелер мен заңдар бар. Алайда түз тағысы ереже мен заңға қарамайды ғой. Сондықтан қыстақтағы адамдарға көмек көрсетілсе, ит-құстан қорғану үшін мылтық ұстауға рұқсат берілсе», дейді Дәуітбек Ниязбеков. Таратқан мәліметтерден аңғарғанымыз, соңғы жылдары өңірде қасқыр саны арта түсіпті. 2015 жылы олардың саны 948 болса, 2017 жылы 1010-ға жетіп жығылған. Өткен жылдың соңғы үш айында ауыл тұрғын­дары 358 қасқырдың терісін өткізіпті.

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы