Әр сенбі мен жексенбі сайын Жайық өзенінің үстінде сан түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Қалалық спорттық ойындар фестивалі, шанамен сырғанаудан облыстық чемпионат, балалар арасында коньки мен шаңғы тебуден жарыс сынды шараларға қатысушылардың саны да көп. Бұқаралық спортты дамытып, халықтың демалуына жайлы жағдай жасау мақсатында мұз үстінде арнайы орындар жасалды.
«Бейбарыс» хоккей командасы да бұл бастамадан тыс қалмай, жас жанкүйерлеріне шеберлік сағатын өткізді. Оған 400-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Команда түгел құрамда балаларды хоккей ойынының қыр-сырымен таныстырды.
– Біздің мақсат – хоккейді дамыту. Жастарды спортпен шұғылдануға баулып, үлгі көрсету. Барлық құраммен бүгін шеберлік сағатын өткіздік. Өте қуаныштымыз,–дейді команданың бас жаттықтырушысы Александр Истомин.
Шайбалы хоккейден еліміздің чемпионы атанып жүрген «Бейбарыстың» балаларға арналған мектебі де бар. Онда жергілікті жас хоккейшілерді дайындауға ден қойылып отыр.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ