Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жаңа заман талабына сай әрекеттерді айқындайды. Жолдаудағы 10 міндетте елімізді озық мемлекеттер қатарына қосудың жолдары нақты көрсетіліп отыр.
Жолдаудың басында аталған табыстар еліміздің ағымдағы жаһандық мәселелерді шешуге қабілеттілігіне дәлел болады. Президент өзерістердің негізгі флагманы ретінде индустрияландыруға ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, жаңа технологиялар мен бейімделген білім жүйесі цифрлы және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйелерін дамыту үшін тиісті жағдайлар жасайды. Ресурстарды пайдаланудың жаңа тәсілдері маңызды қадам болмақ. Біз 2017 жылы Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесі бойынша «жасыл» технологияларды әзірлеудегі Қазақстанның мүмкіндіктері туралы білеміз. Сондықтан Мемлекет басшысы қойған бұл міндетті шешу үшін бізде бәрі бар деп сеніммен айта аламыз.
Педагогикалық қызметкерлер үшін жетінші міндет ерекше маңызға ие. Себебі, жаңа технологиялық тәртіп терең математикалық және жаратылыстану-ғылыми білімді талап етеді. Ол үшін оқыту үдерісін ресурстық қамтамасыз етуді күшейтумен қатар, педагогтарды дайындау тәсілдерін қайта қарастыруды ұсынады, бұл бүкіл жүйені жаңарту болып табылады.
Жолдауда барлық жастағы адамдарға арналған білім беру жүйесін құруға назар аударылды. Бұл өте маңызды, өйткені он жыл бұрын алынған білім ескірген, ал жұмысқа қабілетті жастағы адамдар қайта даярлықтан өтуге, жаңа дағдыларды игеруге тиіс. Бүгінгі күнгі білім беру жүйесі қоғам қажеттіліктерін толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Қалалық мектептердің жан басына қаржыландырылуы – білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті жағдайларды жасайды. Бұл білім беру сапасын арттыратыны сөзсіз.
Біз үшін үш тілде оқыту, ағылшын тілін білу қажеттілігі туралы ереже өте маңызды. Ол әлбетте, латын әліпбиіне көшуге көмектеседі. Бірақ ұлттық сәйкестікті сақтап қалу да маңызды рөл атқарады, оның маңызды бөлігі қазақ тілін білу болып табылады. Үш тілді еркін меңгеру, интернетке жаппай қолжетімділік – жастар үшін жарқын болашақтың кепілі.
Педагогтердің жаңартылған білім беру бағдарламасын игеруге деген құлшынысына қарай отырып, оның уақтылы және сапалы екендігін айтуға болады. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту да уақыт талабы. Шетел мамандарын тарта отырып, жаңа технологияларды пайдаланып, жастардың мамандықты меңгеруі өз кәсіби шеберліктерін халықаралық деңгейде сәтті жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, Жолдауда білім беру жүйесінің экономиканың бір саласы ретінде қарастырылуы аса құнды болып табылады. Өйткені білім беру ұйымдарының экономикалық еркіндігі сапалы деңгейді құрайды. Бұл халықаралық кеңістікте тәжірибеден өткен және өз нәтижесін көрсетті.
Педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесі қызметкерлері ретінде мұғалімдердің әлеуеті, мемлекеттің көмегі мен жаңа технологиялар білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенеміз. Ол – болашақтың негізі. Біз бір мақсатқа ұмтыламыз, сондықтан жасқа, әлеуметтік жағдайға, лауазымға қарамай, Жолдауды жүзеге асыруға жауапты болуымыз керек. Келер ұрпаққа жедел дамушы Қазақстанды қалдыру – қасиетті борышымыз.
Еркін ИСИМБАЕВ,
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты