1 трлн теңге. 2017 жылы Атырау облысындағы шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім көлемі осы сомадан асты. Бұл – 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53,4 пайызға артық. Мұнайлы аймақта жыл санап бизнеске бет бұрғандар қатары өсіп келеді. Қазір өңірде 42 897 кәсіпкерлік субъектісі бар.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, салада 120 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бірақ өткен жылы Атырау қаласы мен Жылыой, Индер аудандарында шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамту көрсеткішінде біраз төмендеу байқалды, басқарма басшысы мұны өндірістің автоматтандырылуы мен кейбір мекемелерде қызметкерлер санының қысқаруымен байланыстырады.
Алыстағы ауыл халқының кәсіп ашып, заманға сай талаптануына «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегі көп болып отыр. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған 2010 жылдан бері Атырауда 976 бизнес-жоба қолдау тауып, 5564 жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда Индер, Қызылқоға, Исатай аудандарының тұрғындары бағдарлама игілігін көруге әлі де асығар емес. Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлердің кепіл мүлкін тым арзанға бағалауы да ауыл шаруашылығы жобаларының несие алуына кедергі келтіруде.
«Соңғы бес жылда ауыл кәсіпкерлерін қолдауға жергілікті бюджеттен 1 157 млн теңге қаражат қаралды. Соның нәтижесінде 242 бизнес нысаны ашылып, 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Былтырдың өзінде 67 жоба мақұлданды», дейді Айқын Елеусізов.
Қазір бизнес бастаймын деген адамға мемлекет тарапынан көмектің сан түрі бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Асылбек Жәкиев былтыр 265 кәсіпкерлік субъектісі қаржыландырылып, жаңадан 200 бизнес орны ашылғанын айтады. «Бастау бизнес» жобасына облыста 750 адам қатысқан. Алайда кәсіпкерлік негіздерін оқыған 750 адамның 130-ы ғана нақты іс бастапты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай ауданына жұмыс сапары барысында өткізген көшпелі мәжілісте осы мәселеге назар аударды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында Атырау облысында 2017 жылы несиелеуге 927 млн теңге, кепілдікті қамтамасыз етуге 97,6 млн теңге, «Бастау бизнес» бағдарламасын жүзеге асыруға 51 млн теңге бөлінген. Аймақ басшысы бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде оқытылған адамдардың санына емес, оның нәтижесіне, тиімділігіне назар аудару керектігін айтты.
– 750 ауыл тұрғынының бизнес туралы білім алғаны жақсы, бірақ солардың ішінен тек 130-ы ғана кәсіп ашқаны оның тиімділігі төмен болғанын көрсетеді. Адамдардың ынтасын, бизнеске бейімділігін ескеру керек. Қызылқоға ауданында 253 адам оқытудан өткен, нақты іс бастағаны – 22 адам. Қалғандары неліктен тыс қалып қойды? Кәсіпкер болғылары келетін тағы да 231 адамға қандай көмек көрсете аламыз? Барлық жауапты органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек, – деді Нұрлан Ноғаев.
Қазір аймақта 20 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Қолда бар мүмкіндік пен мемлекеттің көмегін пайдаланып, іс бастаймын деген азаматтарға кәсіпкер атану аса қиын емес. Бастысы – ниет.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы