• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Ақпан, 2018

Оразкүл Асанғазы: Тілді сақтау – ұлтты сақтаудың кепілі

1341 рет
көрсетілді

Ғаламдық даму, жаһанданудың жаңа мүмкіндіктері мен талаптары әрбір мемлекеттен осындай жаңаша әрекеттерді күтетіні түсінікті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы еліміз үшін маңызды осындай қадамдардың қамы десе боларлық. Он тараудан тұрып өміріміздің барлық негізгі салаларын қамтитын бұл Жолдаудың қай тарауы да өзінше маңызды.

Барлық жаңалықтар мен өзгерістердің бастауы – адам, оның қабілеті, еңбегі, санасы. Сол се­беп­ті де Жолдаудың «Адами ка­пи­тал – жаңғыру негізі» деп атал­ған жетінші тарауының маңызы айрықша. Елбасы бұл тарауды білім берудің жаңа сапалық мәні­нен бастайды да, орта білім беру саласындағы жаңартылған маз­мұнға көшу жайына тоқталып, бірқатар тапсырмалар береді. Жаңа жаһандық жағдайда білім беру үрдісінің әлемдік дең­гей­ден кейін қалмағаны жөн. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы жөнінде Президент б­ұ­рын­ғы Жол­дауларында да сан мәрте айт­қан. Енді Елбасы тапсыр­ма­сы­­­ның қалай орындалуына кел­сек, бұл арада сан сауал туын­­дайды. Әсіресе бұл мек­теп бағ­дар­ламалары мен оқулық­тарына қатысты. Біздің ойымызша, бұл арада жылдар бойы шешілмей келе жатқан бірнеше мәселе бар. 

Біріншіден, бастауыш сынып­тардың оқулықтары өте күр­делі. Ұсынылған мәтіндер мен тапсырмалар кей жағдайда түсі­ніксіз беріледі. Тіпті кейбір екінші, үшінші, төртінші сы­ны­п­тардағы оқу­лықтардың мәті­нін түсіну қиын­дыққа соға­ды.

Екіншіден, «Ана тілі» оқу­лық­тарындағы мәтіндер көбі­несе, заманауи талаптарға сай кел­­мейді. Бұл оқулықтарға бала­лар әдебиетінің бүгінгі заман­ға үн­де­сетін шығармалары таң­да­лынып ұсынылғаны жөн. 

Үшін­шіден, жоғары сынып­тарға арнал­ған «Қазақ тілі» оқу­лық­тарын­да тіл мәдениеті, сти­лис­ти­ка­ға арналған материалдар тым ғылымиланып, олар күн­де­лікті сөйлеу әдебінен, жастарды тапқыр, шешен сөйлеуге баулу әдебінен тым алыстатылған. Егер ана тіліміз бай, бейнелі дейтін болсақ, біз 9-11 сыныптарда осы бай­­лық пен бейнелілікті оқу­шы­­лардың бойына дарытудың тәсілдерін қарастыруымыз қажет. Дәл осы сыныптарда ана тілінің бар құнарын, сөз байлығын, сөз машығын бойына сіңірмеген жас­тар оны басқа еш жерден де ала алмайды. 

Төртіншіден, біздегі әсіресе, жаратылыстану пәндері оқу­лық­тарының мәтіндерінде аудар­ма­лық сипат тым қатты байқала­ды. Математика, физика, химия, биология, география, геомет­рия пәндерінің мәтіндері қазақы ұғым­ға лайықталмаған. Бұл кі­тап­­тар орыс тіліндегі осындай е­ңбектерден тікелей ауда­рыл­­­ған немесе оның авторлары қазақ тіліне жетік емес. Егер тіл мен ойлаудың өзара ажыра­мас бірлікте екенін ескерсек, жастарымыз осындай оқу­лық­тар арқылы ұлттық ойлау­дан, дүние, жаратылыс, әлем ту­ра­лы ой қорытудан шеттеп қалуы ғажап емес. Сондықтан жаратылыстану пәндері оқулық­тары тілдік тұрғыдан арнайы сарап­таудан өткізілгені жөн. 

Бесін­шіден, жаһандану дәуі­рінде ұлт­тық қалпымызды сақтау үшін «Ұлттану» пәні бір оқу жылы емес, айталық кем деген­де 10-11-сы­ныптарда арн­айы пән ретін­де оқытылғаны дұрыс. 

Ал­тын­шыдан, «Қазақ әде­биеті» оқу­лық­тарына енген көп­теген шы­ғар­малар идеология­лық тұрғы­дан ескірген. Сон­дық­тан оларды тәуел­сіздік құн­ды­лық­тарына сай көркем туынды­лар­мен ал­мас­тырған дұрыс. Мұн­­дай оқу­лықтарда көркемдік қағи­дат­тар да ескерілмей жатады. «Қазақ әдебиеті» пәніне енетін әр­бір әдеби туындының идеялық және көркемдік деңгейі тең тү­сіп, оларда жалпы гуманистік, ұлт­­­тық мұраттар менмұндалап тұруы тиіс. 

Жетіншіден, тарих пәні­­не арналған оқулықтардың маз­­мұнын мейлінше қызғылықты баян­дауға құрған дұрыс сияқты. Әлбетте, тарих деректер мен оқи­ға­лардан тұратынын білеміз, мә­селе бұл арада оларды оқушы­ның жас ерекшеліктеріне, танымына сай етіп беруде.  Жолдауда көтерілген бәрі­міз үшін маңызды мәселенің бірі – тіл мәселесі. Президент: «Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзір­леніп, енгізілуде» деді осы Жол­дауында. Бұл тарапта да атқарылатын жұмыстар әлі көп. Атап айтқанда, қазақ тілін үй­ретуге арналған мектеп оқу­лық­тарында тілдің лексикалық және грамматикалық минимум­дары ескерілмей келеді.

Сон­дық­тан да тіл үйрету маз­мұны сөйлеу тіліне, яғни күнде­лікті ком­муни­кацияға құрылма­ған­дықтан 11 жыл бойы оқыған тілді орыс сы­ны­бы­ның оқушылары меңгере ал­мауда. Бұл бағытта Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді да­мыт­у­дың қоғамдық-саяси жұ­мыс ко­ми­теті Ш.Шаяхметов атын­дағы тілдерді дамытудың рес­­пуб­­ликалық үйлестіру-әдіс­те­ме­лік орталығы «Қазақ сөзі» атты бес кітаптан және муль­ти­­ме­диалық қосымшадан тұра­тын кешен дайындады. Осы ор­­та­лықтың мамандары ең қа­же­тті деген лексикалық және грам­­матикалық минимумдарды анықтады. Әсіресе олар осы сала­дағы халықаралық тәжі­ри­­белерді тыңғылықты сараптап шық­ты. Қазір осы «Қазақ сөзі» кеше­нін қолданушылар тарапынан көптеген оң пікірлер айтылуда. Орыс тілі мектептерінде қазақ тілін үйретудің ең бастапқы м­аңызды, шешуші қадамы осы лек­си­калық және грамматикалық минимумдарды дұрыс таңдауда. 

Жолдауда айрықша айтылған тілге байланысты мәселенің бірі – терминология тақырыбы. «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы бол­сын десек, оны жөнсіз термино­ло­гия­мен қиындатпай, қазіргі заман­ға лайықтауымыз қажет», деп Пре­зидент терминология мәсе­ле­сін талаптарға сай қалып­тас­тыру­ды айтты. Қоғамда терми­ноло­гия­ға қатысты алуан пікірлер бар. Оны баспасөз беттерінен оқып та жүрміз. Біздің білетініміз бұл салаға үлкен мониторингтік жұ­мыс қажет. Осы күнге дейін 18 мың­нан астам термин бекітіліпті. Олар­дың 7 мыңға жуығы тәуел­сіз­­дікке дейін, қалған көп бөлігі еге­мен­дік тұсында бекітілген. Енді осы бекітілген терминдерге ғы­лы­ми сараптама жүргізу сияқ­ты үл­кен мәселе тұр. Күні ертең қазақ тілі латын графикасы­на ауыс­­қанда терминдер жайы қа­лай болады, бұл да ойланатын мә­се­ле. Асылы, бекітілген тер­мин­­­дері­мізді ғылыми сараптау­дан толық өткізіп, термин жасау­дың жаңа­ша қағидаттарын қалып­тас­тыру­дың уақыты келген сияқты. Бұл тұрғыда Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді да­­мы­ту және қоғамдық-саяси жұ­­­мыс комитетінің Ш.Шаях­метов атын­дағы тілдерді дамы­ту­­­дың рес­пуб­лика­лық үйлес­тіру-әді­сте­ме­лік орта­лығы бекітіл­ген терминдерге сарап­тау жұмыс­тарын жүргізуде. 

Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен бағдарламалық ма­қ­а­­лалары өзара іштей сабақ­та­сып, Қазақ елінің мемлекет ре­­тінде өркендеуінің басым ба­ғыт­тарын үнемі белгі­леп оты­рады. Бұл орайда біз осы Жол­дау­­да айтылған мәсе­ле­лер­ді оның «Бо­ла­шаққа бағ­дар: руха­ни жаң­ғы­ру» бағ­дар­лама­лық ма­­қа­ласы­мен сабақ­тас­ты­рып, дамуы­мыздың жаңа мүм­кін­дік­тері мен жаңа көк­жиектерін бар­лағанымыз жөн.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтымызды сақ­тау мен өркендету үшін, біздің ойы­мызша, Елбасы екі үлкен дәуір­лік мәселені көтерген десек, бі­рін­шісі – төл дәстүріміздің өмір­­шең тұстарын заманауи сұ­ра­­ны­с­тармен сабақтастыру, екін­шісі – бүкіл адамзат баласына ортақ жаһандану үдерісінің өзі­міз үшін тиімді тұстарын игеру. Әлбетте біз ең алдымен төл дәс­түріміздің өміршең тұстары де­генде, бар дәстүрімізді, жалпы мә­д­ен­иетімізді, тұтас ұлтымызды сақтаушы ана тілімізді айтамыз. Жаңа жаһандану заманында тіліміздің ұлтты сақтайтын қо­ғам­­дық һәм рухани құралы ре­­тін­дегі барлық алғышарттары мен мүмкіндіктері бар. Бірін­ш­і­­­ден, оның сөздік қорынан, бей­­­не­­лі­лігінен, стилистикалық мүм­­­­кін­­­діктерінен құралған үл­кен әлеуеті бар. Екіншіден, қазақ тілі­н­де сөйлеушілердің саны сан миллиондап саналады, айта­лық қазір әлемде 16 мил­лионға жуық қазақ бар десек, соның кем дегенде 11-11,5 миллионы өзі­нің ана тілін біледі. Яғни бұл тілді қа­­жет ететіндердің саны қа­зіргі ға­­лам­­дық өлшеммен ал­ған­да жоға­­ры. Үшіншіден, қазақ тілі – Конс­титуция бойын­ша мем­лекет­тік тіл. Бұларға қосымша қазақ тілі қоғамның барлық сала­сында қолданылады, яғни білім мен ғылым­ның, қоғамдық қа­ты­настың, биз­нес пен биліктің тілі. Осындай мүм­кіндігі зор тіл­ді сол қоғамның барлық сала­сында жетекші тілге айналдыру мәсе­лесі тұр. Бұл реттен келгенде, тілі­­міз өз елінде әлі де осын­дай жетек­ші функцияға ай­нал­ды деп айта алмасақ керек. 

Ру­хани жаң­ғырудың өзегі – қо­ғам­дық сананы жаңа сапаға көте­ру десек, онда тілдің осындай үлкен мақсатты шешетін әлеуетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіл – тек қарым-қа­ты­нас құралы болса, онда өрке­ниет­ті әлемде оған онша мән де, мақ­сат та үстемелемес еді. Тіл тек қаты­настық құралдан да жо­ғары құбылыс. Тілді сақтау ұлт­ты сақ­таудың тікелей кепілі еке­­нін Ахаң бастаған Алаш зиялы­­лары, кешегі Баукеңдер сан рет ай­т­­ты, тіпті ескертті десе де бола­тын­дай. Дегенмен, бүкіл әлемде және өзімізде де қалыптасқан тіл­ді сақтаушылыққа байланыс­ты сан пікірлер бүгін де бірқатар тіпті депутаттар, оқыған білімді деген адамдар тарапынан айтылып жүр. Олардың кейбірі қазақ тілін билікке де, бизнеске де, үлкен ақпаратқа да енгіз­гісі келмей, тұрмыстық дең­гей­де ғана бағалайды. Енді біреу­лері бәрімізге түсінікті тілде сөй­лесек болды емес пе деп тілге сон­­­ша­­лықты немқұрайлы, оның бар­­­ша қасиетін соншалықты бі­лім­­­с­і­з­­­дікпен жеткізгісі келеді.

Егер осындай адамдардың ойы олар­­­дың өздері айтқандай бол­­са, он­да әлемдегі естияр ха­лық­­тар өз тілдерін сақтауға не­лік­­тен күреседі. Еуропаның төрін­де, Бри­танияға бізден де ге­ог­ра­фиялық жағынан жа­қын шағын елдердің өзі атап айт­қ­ан­да, Голландия, Бельгия, Дания, тіпті біздің облыс түгілі аудан­дары­мыздай-ақ жері бар Алба­ния, Эстония, Словения, Слова­кия тағы да басқа қаншама мем­лекеттер өз тілдерін ең жоға­ры деңгейде қорғайды, ең бас­тысы үйде де, түзде де өз ана тіл­дерінде ғана сөйлейді. Әлем­нің отыздан ас­там елінде мем­ле­кет­тік немесе ресми тіл ретінде бекітілген, жүз­деген миллион адам сөйлейтін фран­цуз тілі Фран­цияда бірнеше заңмен қорғалған. Олар ағылшын тілінің ықпалын азайту үшін француз тілін қолданысы жағынан да, оның байлығын сақтау жағы­нан да, тіл мәдениетін арттыру жа­ғы­­нан да арнайы құжаттар қабыл­даған. Осылардың бәрі әл­гін­дей білгіштерге өнеге болғаны жөн. Жаһандану біздің тұрмы­сы­мызға, жалпы өмірімізге тілдік-саналық деңгейде енеді, яғни оның ең басты көрінер тұсы да – тіл. Әлбетте ағылшын тілін бе, басқа қажетті тілді ме үй­ре­ну за­ман­ның талабы да болар. Бірақ ол өз тіліңнен безі­ну деген сөз емес қой.

Өрке­ниет­ті әлем бірнеше тілде сөй­ле­й­ді, бі­рақ өркениетті әлем­іңіз ал­ды­­­мен өзінің тілін құрмет­тей­ді. Құр­­меттері біздікі сияқты дек­­ла­­ра­тивті түрде емес, нақ­ты қол­­данылуында. Яғни тіл­дің ең басты шарты – оны қол­дану. Оған нешеме мысалдар кел­тіруге боларлық. Дүниежүзі қазақ­­тарының V құрылтайын­да Италияның Милан қаласы­нан келген Әйгерім Төлегенқызы, Ирландиядан келген Өзгежан Кесижи, Франциядан келген Мехмет Зенгин қазақ тілінде еркін сөйледі. Олар әрқайсысы төрт-бес тілден біледі. Бірақ өздерінің ана тілдері олар үшін бірінші орын­да. Бұл нені көрсетеді, тілді қол­дануға құлшыныс бар жерде, өзі­нің тіліне орта емес, адамның өзі қожа екенін көрсетеді. Өз елі­мізге келсек, Қазақстанда тұра­­тын шешен мен ингуштің бәрі ана тілдерін біледі, отбасында тек ана тілінде сөйлейді. Өзбек, ұйғыр сияқты үлкен диаспоралар­ды айт­пағанның өзінде. Ал өз мем­ле­кетінде 11,7 миллион қазақтың ішін­­­де тұрып бай да бейнелі, мем­ле­­кет­тік мәртебесі бар өзінің ана тілін­де сөйлемесе, оған кімді жаз­­ғы­рамыз. Осының бәрі тілге де­­ген немқұрайлылық, мұндай нем­құрайлылық түптің түбінде өзіңнің халқыңа, өзіңнің шыққан тегіңе деген немқұрай­лылықтан шығады. 

Елбасы осы бағдарламалық мақаласында ұлттық код жөнінде жазды. Ұлттық кодтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұр­пақ­қа берілетін қоры да, қазы­на­сы да, тасымалдаушысы да оның осы тілі. Ендеше тіл біздің бары­­мыз. Сондықтан жаһандану тұ­­сын­да ақпаратпен, киномен, тұ­­ты­­натын тауармен, музыкамен, біліммен, қазақ еліне келіп жат­қан барлық құбылыстар мен құ­рал­дардың баршасында тілдік де­рек­тер бар дейтін болсақ, онда олар қазақтың санасына орны­ғып та жатыр. Әлбетте шетелден кел­ген дүниелер тартымдылығы, қы­зық­тылығы жағынан елімізде өн­ді­рілетін сондай заттардан неме­се басқа да ақпараттық дүние­лер­ден артық болуы да мүм­кін. Бұл әсіресе жастарымызды бау­ли­­ды. Ол біздің санамызға, сезі­мі­­міз­ге күн сайын мысқылдап ене­ді. Содан күндердің күнінде өзі­­ні­кі­­нен айнитын, өзгенікін жо­ғары қоя­­тын ұрпақ қалыптасады. Оның бас­тапқы же­містері қазір де көрініп жатыр. 

Жаңа жаңғыру дәуірі қай халық­тан болса да дамуды һәм сақ­­тана отырып дамуды қажет­сі­не­ді. Бұл сол әр халықтың ке­ле­­ше­­гінің қамы. Ол бүгіннен бас­­та­лады. Қазақтың жері, тілі өзіні­­кі. Тұр­мысымызда, жалпы өмі­­р­і­­мізде өзгелердің жасаған дү­­­н­ие­­сін көбірек қолданатын заманда тұрмыз. Дүние бүтіндей араласты, тұтастай сабақтасып, ол үрдіс осылай қарай жүре де бе­ретіні байқалады. Елбасы мақа­ласы осындай әлемдегі қазақ­тың, Қазақстанның алдымен өзін сақтау, содан барып өркендеу ба­ры­­сын көрсету ниетінен туған ең­бек. Одан сабақ алу, оның мін­дет­терін жүзеге асыру – бар­ша­мыздың міндетіміз десек, жалпылап кетер едік, дұрысы – ел бас­қарған, әсіресе жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің басында тұрған азаматтардың парызы. Осындай елдік борыш қазақ ата-анасының да ең басты маңызды міндеті.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ