Сурет өнері туралы, суретшілер жайлы сөз қозғалғанда, көпшілігінің көз алдына Арбаттың бойында қызылды-жасыл картиналарын сатып не қарындашпен әлдекімнің портретін әп-сәтте салып беретін қылқалам иелері елестейді.
Рас, Арбатта жайлау, жылқы, жыл мезгілдері, табиғат, ару, ана сияқты бір қарағанда-ақ түсінікті бола салатын бәріне таныс тақырыпта жазатын дилетанттардан бастап күрделі идеяны ширататын шын өнер данышпандарына дейін отырады. Өзі отырмаса да, картиналары тұрады.
Танымалдылыққа емес, табыс табуға ұмтылдыратын ашық аспан астындағы сурет көрмесі талай суретшінің тұрмысын түзесе, сурет өнерінен хабары жоқ қарапайым адамдардың хас өнер турасындағы алғашқы сауатын ашып, талғамын ұштады. Алайда стихиялы дамып келе жатқан қазақстандық қылқалам өнерінің серкелері туындыларын Арбат арқылы емес, арт-галереяның тұтынушылары негізінде игілікке айналдыра алса, ол ұлттық сурет өнерінің өскендігінің белгісі болмақ. Өйткені арт-галерея – жабайы сауданы қыздыратын әуесқойлар әлемі емес, нағыз суреткердің сұрыптаудан өткен туындыларымен таныстырып қана қоймай, өзінің сыншыларын, табынушыларын, ең ақырында, сатып алушысын табуға мүмкіндік беретін шығармашылық орын екені анық.
Ал Қазақстан қылқалам өнерін Арбаттан арт-галерея дәрежесіне көтерген суретшілер санаулы ғана. Соның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Чехияның Ян Масарик сыйлығының иегері Алпысбай Қазығұлов.
Өткен аптада Алпысбай Қазығұлов, Марат Әбдіреев, Ербол Хамиров, Құрманғазы Ақашов сынды кәсіби қылқалам шеберлерінің 70-тен астам картиналары қойылған «Дала өнері» деп аталатын арт-галереяның ашылу салтанаты болды. Мақсаты – қазақстандық кәсіби қылқалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеу. «Дала өнері» атауына сәйкес, галереяға қойылған туындылар ортақ идеяға бағынып, бір тақырыпты қаузайды. Ол – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, этнотақырыптар, қазақ даласының табиғаты. Тек бояу, жанр, стиль – әр басқа. Картиналар ілінген қабырғаларға жағалата көз салғаннан-ақ ашық түсті бояулардың жарқын, жайдары табы сезіліп, жаныңнан самал есіп өткендей болады. Көркем әдебиетте кездесетін шымыр оқиға, сәтті сюжет, қызықты баяндау, келісті ұйқас деп жататын тәсілдің бәрі бояу күшімен кенептің үстіне көшіп алғандай әсер береді. Қылқалам шеберінің жеткізгісі келген идеясы көңіл-күймен керемет сабақтасады.
Осы уақытқа дейін 7000-нан артық картина салып, өмірден өткен, көзі тірі белгілі суретшілердің туындыларын сатып алып, оларға ғұмыр сыйлаған Алпысбай Қазығұлов қазақ бейнелеу өнерінің негізін қаламаса да, оған абстракционизм негізін қалағандардың бірі деп батыл баға беруге болады. Арт-галереяда оның осы бағыттағы он бес картинасы қойылған. «Көш», «Қалыңдықтың ұзатылуы» атты картиналары архаизмге айналған байырғы танымнан туған дүниелер болса да, ерекше мәдениеттің иесі болған бабаларымыздың тұрмыс-салтын жаңаша жазуымен, қалыптан тыс қиялдағы қисынмен қаз-қалпында көз алдымызға әкеледі. Автор айтар ойын амалсыз төртбұрышты жиектемеге қамап қойғаны болмаса, сары далаға деген сағынышы шетсіз-шексіз кеңістіктің өзімен астасып кеткен. Ал «Қалыңдықтың ұзатылуында» құлағыңа сыңсу келгендей болады, яки қара өлеңнің шумақтары бойжеткеннің назын жеткізеді. Абстракцияның «адам түсінбейтін бағыт» емес екенін, өзгелердей мың түрлі әдіске салып, елес секілді, есті шығаратын таңқы-таран күйге түсірмей, қазақы ұғыммен бейнелеуі арқылы елімшіл ерек мінезін байқатады.
Викториналық сұрақтар қойылып, лотерея билеттері ойнатылып, жеңімпаздарға автордың қаламынан туған суреттері сыйға тартылған салтанатты тұсаукесердің қызықты өтуіне оның ұлы, арт-дилер Әнуар Қазығұловтың еңбегі зор. Арт-галереяны тамашалағанымыз үшін авторларға алғыс білдіргіміз келді. Себебі көпшілік назарына ұсынылғанда ғана картинаның бағасы мен маңыздылығы танылады. Тамашалаушысы мен тұтынушысы табылған картина суретшіні шабыттандырады, өнердің өрісін кеңейтеді, ең бастысы, ойландырады, ерекше энергетика таратады. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүреді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ