Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптаның соңында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға қайшы келгені үшін GetContact мобильді қосымшасының еліміздегі қолданысына шектеу қойған еді. Бірер күн бұрын Әзербайжан да қосымшаға тыйым салған болатын. Қазақстандық қалтафон қолданушылары бар болғаны бір ғана күн пайдаланған бұл қосымша несімен қауіпті еді? Жеке ақпаратты саудалайтын мұндай қосымшаларға төтеп беруге бола ма?
GetContact қосымшасының жұртты еліктіретіні – кез келген байланыс нөмірін енгізгенде өзгелердің ол нөмірді қалай сақтағанын көре алу мүмкіндігі. Мәселен, қызмет көрсету орталықтарында ұялы телефонға мені Дархан клиент деп, кәсіби қызметте я Дархан журналист, я Дархан саясаттанушы деп сақтауы мүмкін. Егер сіз белгілі бір қызметті үйге алдыртып жасатар болсаңыз, әлгі қызметті көрсетуші сіздің атыңыздың жанына тұратын үйіңіздің атын және пәтеріңіздің нөмірін жазып қояды. Егер кімде-кім әлгі қосымшаға сіздің телефон нөміріңізді теретін болса, осы ақпараттың бәрі оның құзыретінде болмақ.
Қосымшаның авторлары жеке ақпаратты қолжетімді етуді көздемедік, бар ойымыз бейтаныс нөмірден қоңырау не хабарлама түскенде кім екенін білу мүмкіндігін ұсыну болды дейді. Олардың айтуынша, қосымша алаяқтардан қорғайды және сөйлескіңіз келмейтін адамның қажетсіз қоңырауына байқамай жауап берудің алдын алады. Ниет дұрыс-ақ, алайда адамдар бағдарламаның мүмкіндігін асыра пайдаланып, өзге адамдардың нөмірлерін ермекке теретін болды. Бір-бірін аңдитындар да табылды. Әзербайжандық гинеколог қосымшаның кесірінен көптеген науқастар қиын жағдайға тап болды дейді. Өйткені ол науқастардың есімінің жанына аурудың атын қоса сақтаған екен. Пәленше аборт, түгенше гонорея деп кете береді. Дәрігердің көмегіне жүгінетін жалғыз әйелдер емес. Денсаулық проблемалары көп адамда кездеседі, алайда көбі ондай жеке мәліметтерді жасырын ұстағысы келеді.
Жасөспірімдер арасында қауіп еселене түседі. Тұрмысы төмен отбасының баласы сабақтан тыс уақытта ата-анасына көмектесемін деп сауда жасап, көлік жуып немесе даяшы болып ақша тауып жүреді. Оң-солын әлі толық танымаған жеткіншектер әлгі құрбыларын келеке етуі әбден мүмкін. Тіпті, ешкім мазақтамаса да, әлгі бала өзін кемшін сезінеді. Кейбіреулері бәзбіреуден кек аламын деп оның телефон нөмірін қасақана жаман сөздермен сақтауы мүмкін. Бұл – мәселенің этикалық және психологиялық жағы. Мұндай мысалдарды шексіз келтіре беруге болады. Қауіптісі – қосымшаның алаяқтыққа жол беретіндігі. Мекенжайыңыз, қызметіңіз, бала-шағаңыздың, жарыңыздың аты-жөні секілді мәліметтердің бәрі үшінші тарапқа қолжетімді болмақ. Ұрлықтан бастап, түрлі алдап-арбау, қорқытып-үркіту – осының бәріне жол ашылмақ.
Әдетте адамдар мобильді қосымшаны орнатарда пайдалану шартына мәтінін оқымастан келісім береді. Мысалы, GetContact шартында сіздің дербес деректеріңіз үшінші тарапқа берілуі мүмкін деп жазылған. Осы күнге дейін қосымша 1,8 млрд байланыс нөмірін жинап алса, соның қазақстандық бөлігін бағдарлама иелері еліміздегі компанияларға сатуы ғажап емес. Нәтижесінде сіздің телефон нөміріңіз көптеген компаниялардың базаларында тұрады. Онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Айтайық. Телеарнадағы немесе интернеттегі жарнамадан шаршап жүргенде, қалтафондағы жарнамаға тап боласыз. Спам хабарламалар мен қоңыраулар көптеп келсе, таңғалмаңыз.
GetContact – адамның жеке мәліметтерін жинайтын жалғыз бағдарлама емес. Google мен Facebook сияқты корпорациялар қосымшалары арқылы сіздің қай жерде жүргеніңізді, кіммен сөйлескеніңізді, қандай тамақ жеп, қандай киім алғаныңызды сақтап отырады. Осы арқылы бұл корпорациялар сіздің таңдауыңыз бен талғамыңызға әсер етіп, сізді ақпараттық вакуумда ұстайды. Егер қосымшаны орнату шартында сіз микрофоныңыз бен пернетақтаңызға рұқсат берсеңіз, сіздің сөйлесуіңіз жазылып, пернетақтада не тергеніңіз сақталып отырады. Қалтафоныңыз арқылы жеке поштаңызға кірсеңіз, не болмаса онлайн банкинг қызметін пайдалансаңыз, құпия сөздеріңіздің бәрі үшінші тарапқа мәлім болмақ.
Не істемек керек? Ақпараттық технологиялар артықшылықтармен бірге қауіп-қатер де төндіреді. Бұл ақпараттық технологиядан бас тарту керектігін білдірмейді. Біз қаласақ та, бас тарта алмаймыз. Қолымыздан келетіні – жеке мәліметтерді қалтафонда мейлінше сақтамай, орнататын қосымшалардың шартын мұқият оқып отыру.
Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан»