Өткен жұма күні өткен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Мәдина Әбілқасымова былтыр атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндап, биылғы жоспарларымен таныстырды.
Осы сала басшылығына жаңадан тағайындалған М.Әбілқасымова бұдан бірнеше күн бұрын ведомствоның жұмыс жоспарлары туралы жиын өткізуі мұң екен, журналистер оны қазақша білмейді деп айыптаған болатын. Бұдан қорытынды шығарды ма, министр алқа отырысын тек қазақша жүргізіп, баяндамасының жартысын да мемлекеттік тілде оқыды.
Сонымен әуелі министрліктің өткен жылы атқарған шаруаларына тоқталған М.Әбілқасымова былтыр еңбек нарығындағы көрсеткіштер толығымен жақсарғанын, жұмыссыз тұрғындардың саны соңғы он жыл ішінде 180 мыңға азайғанын атап өтті. Бүгінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайызды құрап отыр. Министрдің айтуынша, бұл тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі ең төменгі көрсеткіш екен. Ал әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құраса, жұмыс күшінің саны 8 980 адамға жеткен. Қазіргі таңда жұмыс істейтіндердің қатары 1,8 пайызға өссе, өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдардың қатары 4,5 пайызға азайған.
Бір жұмыскердің орташа айлық жалақысы 147 988 теңгеге жетіп, 3,6 пайызға артқан. 2017 жылдың 11 айындағы бағалау бойынша тұрғындардың жан басына шаққандағы номиналды табысы 6 пайызға өсіп, 79 727 теңгені құрапты. Осылайша мемлекет былтыр әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындаған көрінеді. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 2,1 трлн теңге бөлінген.
Бұдан кейін министр биыл қолға алынатын жұмыстарға тоқталды. Министрлік алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру барысында Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмаларды басым бағыт ретінде ұстанатынын айтқан М.Әбілқасымова ең бірінші халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға көбірек көңіл бөлінетінін жеткізді. Осы орайда негізгі тетік ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» басшылыққа алынбақ. Аталған бағдарлама биыл 571 мың адамды қамтып, соның ішінде жұмыссыз жүрген, өздігінен күн көріп жүрген 300 мыңнан астам азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруды көздеп отыр. Әсіресе кәсібін ашқысы келген жандарға қолдау көрсетілмек. Жобамен биыл 7,5 мың азаматқа шағын несиелер беріліп, 3 мыңына қайтарымсыз грант ұсынылмақ. Бұған қоса 15 мың қазақстандық «Атамекен» ҰКП жобалары бойынша бизнес негіздеріне оқытылатын болады.
Жұмыстың екінші бағыты – еңбек қатынастарын реттеп, мемлекет, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында әлеуметтік диалог құруды нығайту. Министрдің айтуынша, былтыр жалақы қарызы 3 млрд теңгені құраған. Еңбек инспекторларының араласуымен 25 мың еңбеккердің айлық жалақысы оңынан шешілген. Ал бүгінде жалақы қарызы 2,2 млрд теңгені құрап отыр.
Үшінші бағыт – әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек екенін атап айтқан министр биыл 1 шілдеден бастап, І топ мүгедектерін бала кезден қарап отырған тұлғаларға жаңа жәрдемақы түрі берілетінін жеткізді. Болжам бойынша, жәрдемақының бұл түрін 14 мыңдай отбасы алатын болады. Бүгінде заңдағы бұл өзгерістер Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.
Төртіншісі – әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту және бұл қызметтер түрін цифрландыруға сәйкес электронды форматқа көшіру. Ол үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құрылмақ. Қазірдің өзінде еліміздің төрт өңірінде электронды еңбек биржасы жұмыс істеп, оған жұмыспен қамтуға қатысты 200 қызмет қосылған. Енді электронды еңбек келісімдерін есепке алатын, еңбек кітапшасын электронды нұсқаға көшіретін «e-HR» жүйесі қанатқақты жоба ретінде енгізілмек.
Баяндамасын түйіндеген министр өздерінің барлық қызметі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды тиімді, сапалы және өз уақытында орындауға бар күш-жігерін салатынына уәде етті.
Алқа отырысы өңірлерге онлайн-трансляция арқылы көрсетілді және оған Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»