• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Ақпан, 2018

«Туған жер» фильмі көрермендерге жол тартты

1559 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің Астана және Алматы қалаларында бір мезгілде алдағы Алғыс айту күніне арналған Қазақстан кинолары апталығы басталды. Елордадағы іс-шара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Туған жер» телехикаясының тұсаукесерімен шымылдық түрді. 

Маңызды жиынға «Qazaq­stan» телеарнасының директо­ры А.Тұрғанбеков, Л.Н.Гу­ми­лев атындағы ЕҰУ рек­торы Е.Сыдықов, Парла­мент Мәжі­лісінің депутаттары, ҚХА мү­шелері, ғылыми және шығар­ма­шылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев «Туған жер» бағдар­ла­масы аясында орындалуы тиіс бірнеше міндеттерді ерек­ше атап айтқан болатын. Апталық барысында аста­на­лық көрермендердің наза­рына ұсынылған «Туған жер» фильмі де осы бағыттағы бірқатар жұ­мыс­тардың жемісті жалғасы  деуге болады.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мұрындық болған кино ап­талығы биыл еліміздің жетекші оқу орындарының базасында өтпек. Жоғары оқу орындарының студенттерінен бастап барлық қазақстандықтар бір апта бойы  отандық режис­серлердің «Аманат», «Заман-ай», «Сталинге сыйлық», «Жер­ұйық», «Алжир», «Орал­ман», «Жат» фильмдерін тамашалайтын болады. Бүгінде Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетін насихаттау, тарихи жадыны сақтау, жас­тарға патриоттық тәрбие беру және жалпыұлттық бірлік­ті нығайту мақсатында ұйымдас­тырылған бұл апталық көпші­лік­тің көңілінен шығып отыр.

Шараның ашылу салтанатына жиналған көрермендер арасында халық қалаулылары да тың картинаны тамашалап, телехикаядан алған әсер­лерімен бөлісті. Парламент Мә­жілісінің депутаты Сауытбек Аб­драхманов өз сөзінде мере­ке қарсаңындағы бұл игілік­ті шараның еліміздегі тұрақ­тылық пен бірлікті насихаттайтын маңызына тоқталды. «Соғыс жылдарында сол зұлмат заманның саясатына байланыс­ты тұтас халықтарды біздің елімізге депортация­лап алып келді. Сол кезде қазақ халқының дархан жаны, үлкен жүрегі осы кең-байтақ даланы барлық ұлттар мен ұлыс­тардың ортақ отанына айналдырды. Сондықтан да Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» бағдарламасын жасау­ды ұсынып, осы бойынша үлкен жұмыстар жүргізуді тапсырды. Соның негізінде атқарылған істердің біреуі осы «Туған жер» фильмі болып отыр. Онда Қазақстандағы корей этносының тағдырын бір отбасының  өмірі арқылы көрсетеді. Мұндай мысалдарды біз Қазақстандағы кез келген өзге ұлт өкілдерінің басы­нан байқаймыз. Олар­дың қазақтармен ара-қаты­на­сындағы мейірімділік мінез­дері туындыға түпкі идея болған», деді С.Абдрахманов.

Тура сол уақытта бұл іс-шара Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ө.Жол­дасбеков атындағы Студенттер сарайында «Аманат» көркем фильмінің көрсетілімімен бас­талды.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»