• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Ақпан, 2018

Павлодар қаласының әкімдігі жәрмеңке өткізбейтін болды

256 рет
көрсетілді

Қала әкімдігі енді облыс орталығында ашық алаңда жәрмеңке өткізбейтін болды. Ал жәрмеңкенің жабық орынға ауысуына тұрғындар дүрлігіп, наразылық білдіруде. Аудандардан келетін кәсіпкерлер өндірген өнімдерін саудалайтын жер іздемекші. Жәрмеңке өткізу талас-тартысқа айналғандай. Оның артында кімдердің мүддесі тұрғанын саралап көрелік.

Жуырда ғана біз «Егеменде» облыс орт­алығындағы «Ертіс ырысы» деп ата­ла­тын ашық алаңда өтетін жәрмеңке ту­ралы жазған едік. Қаңтардағы аязды күн­­дері кейінге шегерілген жәрмеңке 3 ақ­­панда өтіп, асыға күтіп жүрген тұр­­ғын­дар да бір қарқ болып қалған болатын.

Бірақ, күтпеген жерден «Ертіс ырысы» жәрмеңкесі көшетін болып шықты. Қала әкімдігі, облыстық ауыл шаруа­шылығы, кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармалары және «Gold Plaza» ЖШС бірлесіп меморандумға қол қойып та үлгеріпті. Қала әкімдігі «Енді ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашық алаңда өткізілмейді. Апта сайын қаладағы Суворов көшесі, 11-үй ғимаратында жабық жерде өтеді. Сауда алаңын 5 жыл мерзімге өтеусіз пай­да­лану үшін кәсіпкермен келісімге отырдық» деп хабарлады. Халық аң-таң. Жәрмеңкенің басқа жерге және жабық ғимаратқа көшуіне наразы.

Жалпы, жәрмеңке 2015 жылға де­йін облыс орталығындағы «Квазар» сау­да үйінің маңайында өтіп келді. Әр сенбі сайын сауда үйі орналасқан Есенәлиев пен Естай көшелерінің қиылысы жабылып, қызу жәрмеңкеге айналатын. Осы жерде 2010 жылдары аудандар облыс орталығына келіп, әр апта сайын жәрмеңкені кезектесіп өткізуді бастаған-ды. Кезектесіп өткізу – әр ауданның қолда барын, өндірген өнімдерінің қаншалықты бағалы, сапалы екенін көрсетсе, екіншіден, аудандар арасындағы бәсекелестік артады. Үшіншіден, облыс орталығына жақын және алыс аудандар арақашықтығы, ауа райы жайы да ескерілген-ді. Кейде екі-үш аудан бірлесіп те өткізіп жүр­д­і. Әкімдер де өз аудандары өткізе­тін жәр­­меңкеге жауапкершілікпен қарай бас­тады. Алаңда ән мен күй қалықтап, сахнада концерттік бағдарламамен аудан жастары өнер көрсетеді.

Кейін жәрмеңке облыс орталы­ғы­ның оңтүстік шетіне қарай жылжып, Торговая көшесі, 4/1 шағын айналым аумағына ауысты. Былтыр қыста бұл жәрмеңкеге «Ертіс ырысы» деген арнайы атау да берілді. Облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі арнайы назар аударып, тапсырма беріп, жаңа жәрмеңке ерекше бақылауға да алынған-ды.

Ал қазір қала әкімі Нұржан Әшім­бетов «жабық коммуналдық базар ашуды көптен бері ойлап жүрген едік» деп отыр.

 – Себебі тұрғындар жаз мезгілінде аптап ыстыққа, қыста қатты аязға шағымданатын. Енді өз ғимаратымыз бар. Күн сайын сауда жасай аламыз. Кәсіпкер 5 жылға тегін беріпті, – дейді.

Бірақ, аязға, ыстыққа шағымданған тұрғындар бар дегенге сену де қиын. Өйткені солтүстікте өмір сүретін облыс халқы, қала жұртшылығы қысы-жазы өтіп келе жатқан жәрмеңкелерге әбден үйренген, асыға күтеді. Облыстық, қалалық әкімдік сайттарынан да аяз бен ыстыққа арызданған шағым кез­дестірмедік. Қайта, тұрғындар жәр­меңкенің ашық алаңда өтуін сұрайды. Кейбіреулердің жаңа орынға көңілдері толмайды. Бәрінің де айтатындары: Жәрмеңкенің жабық алаңға көшкені дұрыс емес. Ұзын-сонар кезек. Тар жер. Өнімдер жетпейді. Өндіруші кәсіпорындардың өкілдері орынға таласып, өзара жанжалдасып қалуда. Тұрғындарға да қиын базар іші емін-еркін сауда жасауға кедергі келтіреді. Азық-түлік өнімдеріне таңдау аз. Сондықтан жәрмеңкенің емін-еркін кең жерде, ашық алаңда өткенін қалайды.

Жабық базарда өткізілген алғаш­қы жәрмеңке жақсы нәтиже бере қой­ған жоқ. Тұрғындар дүрлігуін күт­пеген қалалық әкімдік «Енді ауыл­шаруа­шылық жәрмеңкесі таңғы сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін күн сайын өтеді. Апта сайын өтетін жәрмеңкені енді күн сайын өткіземіз» деп уәде беруде.

– Сұраныстың артуына байланысты 15 қаңтардан бастап күнделікті өт­кізу туралы шешім қабылданды, – дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Тілеулесов.

Біз «Ертіс ырысы» деп аталатын ашық алаңдағы жәрмеңкені өткі­зіп жүр­ген «Форсаж» ЖШС-нің өкілдері­мен кездестік.

– Жәрмеңке өткізу жөнінде қалалық әкімдікпен келісілген. Біз жәрмеңкеге келетін көшеге дейін жөндеп бердік. Бәрі де өзіңіз көріп тұрғандай кең жерде, ашық алаңға ыңғайланып жасалды. Жалпы, ашық алаңда өтуі керек қой, – дейді серіктестік директоры Талғат Ысқақов.

Ал, қала әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімі және облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сындағылар «Біз ештеңе білмейміз, орындаушы ғанамыз» деп жауап берді.

– Егер халық қайта-қайта жәрмеңке керек деп сұрап жатса, мүмкін көшіп те келерміз, – десті олар.

Қазір әкімдіктер кәсіпкерлерге, кәсіпкерлер әкімдіктерге бір-біріне жауапкершілік артады. Бір-бірімен тіл табыса алмауда. Мүдделер қайшы­лығы байқалады. Нәтижесінде екіжақ­ты келісімдер орындалмай қалады. Жәрмеңкенің атын жамылған «Жабық коммуналдық базардың ендігі иесі «Gold Plaza» ЖШС-нің мүддесі қандай? Ертеңгі күні қалалық әкімдік «Gold Plaza» серіктестігімен де келі­сімді үзіп, жәрмеңкені тағы да басқа жерге көшірмесіне кім кепіл?!

Жәрмеңке халық үшін – мереке. Осыны түсінейік алдымен. Әр сен­бі сайын өтетін жәрмеңкені қала тұр­ғын­дары, зейнеткерлер асыға күтетіні ескерілсе екен.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы