Өткен жылы облыс әкімдігінен драма театрға академиялық атақ беру жөнінде Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс жолданған еді. Өнер ұжымы сол ұсыныстың қолдау тапқанына қуанышты.
– Соңғы екі жыл ішінде театр үлкен белестерге жетті. Шет елдерге гастрольдік сапарларға шығып, бірқатар шақыртулар алды. Өткен жылы 25-ші рет өткен республикалық театр фестивалінде бірінші орынға ие болды. Осы еңбек еленіп, бүгінде облыс әкімінің тікелей қолдауымен академиялық атақ алып отырмыз. Бұл бастаманы Қазақстан Театрлар ассосациясының президенті Асанәлі Әшімовтің өзі қолдады. Осының барлығы театр қызметкерлерінің еңбегі, – дейді театр басшысы Берік Жаменов.
Махамбет атындағы облыстық академиялық драма театр биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Театр басшысы, мерейтой қарсаңында ТМД мен еліміздегі ірі театр ұжымдарымен бірлесіп фестиваль және танымал әртістердің қатысуымен шеберлік-сағаттары өтетінін айтты.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ