«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Патриотизм – рухани жаңғырудың берік іргетасы» атты ІІ Республикалық жас патриоттар форумы болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан патриоттары академиясының мүшелері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының менеджерлері, қаһармандық іс жасаған оқушылар және «Мен – өз елімнің азаматымын!» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары қатысты.
Аталған шарада қаһармандығымен ерекшеленген оқушыларды және белгілі бір жетістікке қол жеткізген балдәурендік жас патриоттарды академия мүшелігіне қабылдау рәсімі болып өтті. Жалпы соңғы екі жылда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде біраз шаруа атқарылған. Үлкен ізденістердің нәтижесінде қазақстандық жас патриоттар академиясының сапына 1442 оқушы мүшелікке қабылданыпты. Солардың қатарында жаңадан қабылданған екі оқушы ерекше атауға тұрарлық. Бірі Алматы қаласының оқушысы Кондрат Миль болса, екіншісі Ақмола облысының оқушысы Ұлдана Совет. Соңғысының ерлік ісің айтқанда еріксіз басыңды иесің. Ол өртеніп жатқан үйден інісі мен сіңлісін аман алып шыққан. Қазір Ұлдана Көкшетау мектептерінің бірінде үшінші сыныпта оқиды.
Мүшелікке қабылданғандар арасында, сонымен қатар «Мен – өз елімнің азаматымын!» атты республикалық байқаудың 25 жеңімпазы да бар. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 157 мектеп оқушысы өз жұмыстарын жолдаған. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі міндеттерін жүзеге асыру бойынша өткізілген үнқатысу алаңына 500 делегат жиналғаны мәлім болды. «Балдәурен» РОСО бас директоры Мұхитдин Төлепбай форум қатысушыларына арнаған сөзінде олардың алдағы уақытта қазақстандық жалпыұлттық құндылықтарға және мемлекет алдына қойылған міндеттерге атсалысатындарына сенім білдірді.
«Біз сіздердің форумда инновациялық идеяларыңызды қалыптастыру мен ұсыну бойынша құнды тәжірибе алатындарыңызға, ересектердің ұстанымдарын еститіндеріңізге сенімдіміз. Форум жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін дамытуға, және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосатын делегаттардың сұхбат алаңына айналуы тиіс. Осы отырған патриоттардан үлкен үміт күтеміз. Енді 15-20 жылдан кейін елге қызмет жасайтын нағыз патриоттар сіздерсіздер деп ойлаймын», – деді М.Төлепбай. Бұдан басқа, шара аясында Алматы облысы Жаркент қаласының балалары «Туған жер» бағдарламасы бойынша өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Одан кейін балаларға арналған қазақ эстрадасының өнерпаздарының концерті болып, ол қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Және де «Қазақ халқының ұлттық ойындары» спорттық ойындары да форум бағдарламасына еніп, балаларды бір серпілтіп тастады. Оның арты «Қазақ елі осындай!» спорттық флешмобқа ұласты.
Шара аясында «Бақытты болып жүргенім – сенің арқаң, Ұлы Отан!» деп аталған топтық жұмыстар көрсетіліп, Қазақстанның көрікті жерлері көрініс тапқан пазлдар жиналды. Сондай-ақ патриоттық тәрбие бойынша «Инновациялық ойлар банкін» құру бойынша жұмыстар қорғалды. Мұның барлығы да балалардың ойында жақсы әсерлер қалдырып, олардың отансүйгіш әрі бауырмал болып қалыптасуына өзіндік оң әсерін бергені анық.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы