Ұлыбританиядан өз еліне қоныс аударған Еуропалық одақ елдері азаматтарының саны ұлғайған. Euronews арнасының хабарлауынша, бұл Брекситтің әсері болуы мүмкін.
Елдегі Ұлттық статистика департаменті Ұлыбританияға жұмыс істеу мақсатымен келген адамдардың әлі де көп екенін айтып отыр. Мәселен 2017 жылы 220 мың еуропалық азамат «Тұманды Альбионда» тұруға шешім қабылдаған екен. Әйтсе де Брексит басталғалы бері отанына оралған еуропалық азаматтар жетерлік. Былтыр олардың саны 130 мыңға жеткен. Яғни көші-қонның айырмашылығы 90 мың адамды құрап отыр. Ұлыбританияда миграцияның деңгейі бұрын-соңды жүз мыңнан төмен түсіп көрмеген-тұғын.
Сонымен қатар Англияны тастап кеткен ағылшындардың саны да артқан. Былтыр 125 мыңға жуық ұлыбританиялық азамат басқа елге қоныс аударған екен. Отанына қайта оралған ағылшындар небәрі 73 мыңды құраған.
«ЕО азаматтарына Ұлыбританиядан кетуге Брексит әсер етуі мүмкін. Алайда адамдардың шешімі өте күрделі болғандықтан, оған себеп көп болуы ықтимал», дейді Ұлттық статистика департаментінің өкілі Никола Уайт Euronews-ке берген сұхбатында.
Иран АҚШ-қа ескерту жасады
Иран тарапы ядролық қаруға қатысты 2015 жылғы келісім орындалмаса, оны игеруін қайта қолға алатынын мәлімдеді. Лондонда өткен Chatham house кездесуінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арагчи АҚШ президенті Дональд Трамп ұстанған саясат дүдәмал жағдай туындатып отырғанын айтты.
«Егер келісімді бұзсақ, тағы бір ядролық дағдарыс туындауы ықтимал. Оны шешу көп уақыт алатыны анық. Бұл – әлемдік деңгейдегі қауіпсіздік пен қатер төңірегіндегі таңдау. Санкцияның алынып тасталуынан Иран тарапы пайда көруі тиіс болатын. Алайда банктер мен компаниялар бізбен жұмыс істемесе, оның ешқандай тиімділігі жоқ», деді А.Арагчи.
«Еуропалық одақ, әлемдік негізгі күшке ие алты мемлекет және Иран арасындағы Вена келісіміне сай, Тегеран билігі уранды байыту бағдарламасын тоқтатуы тиіс болатын. БҰҰ бақылаушылары елдің өзіне қойылған талапты орындап отырғанын анықтады. Өз кезегінде Иранға салынған санкция алынып, мұнай мен газ сатуға мүмкіндік алды», дейді Al Jazeera.
Ресей БҰҰ қарарына вето қойды
БҰҰ Бас хатшысының Төтенше жағдайлар жөніндегі көмекшісі Марк Локок Сириядағы Шығыс Гутадағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, аймақта оқ атуды тоқтату туралы Қауіпсіздік Кеңесіне қарар қабылдауға шақырған болатын. Алайда дауыс беру кезінде Ресей тарапы оған вето қойды.
Қауіпсіздік Кеңесінің Сирия ға қатысты кезектен тыс отырысында баяндама жасаған М.Локок соңғы тәулікте 50 тұрғын қаза тауып, 200-ге жуығы жараланғанын жеткізді. Оның айтуынша, қоршауда қалған Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсету қиындап кеткен. Осының салдарынан кейінгі үш айда 22 мың адамға ғана қол ұшын созу мүмкін болған. Былтыр ай сайын 175 мыңға жуық адам тұрақты түрде гуманитарлық көмек алып тұрған еді.
«Ресей Шығыс Гутада 30 күндік оқ атпау және гуманитарлық көмек жеткізу жөніндегі қарарын қабылдамай тастады. Тараптың пайымдауынша, Сирия астанасы Дамаскінің маңындағы бейбіт тұрғындардың жаппай қырылуы жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды екен. Ресей өкілі Василий Небензя Швеция мен Кувейт тарапының атысты доғару жөніндегі ұсынысы мүмкін еместігін мәлімдеді», дейді BBC.
В.Небензяның сөзіне қарағанда, Шығыс Гутадағы басбұзарлар қарапайым тұрғындарды кепілге алып, қарулы бекіністерін ауруханалар мен мектептерге орналастырған көрінеді. Сонымен қатар аймақтағы қырғын туралы мәліметтер ақпараттық соғыстың кәнігі тәсілі екенін атап өтіп, оған сене беруге болмайтынын жеткізді.
Шолуды әзірлеген
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»