Атырау облысының тұрғындары ауыз судың тапшылығына ұшырап отыр. Бұл өлкеде жерасты тұщы су қорлары мүлде жоқ. Экономикалық жағынан еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан осы облыстың Атырау қаласы, Индер және Махамбет аудандарының тұрғындары ауыз суды трансшекаралық су айдыны болып табылатын Жайық өзенінен алады. Бұл өзеннің гидрологиялық деңгейі Ресейдің Орынбор облысында орналасқан «Ириклинский» су қоймасынан жіберілетін су көлеміне тікелей тәуелді.
Облыстағы Исатай, Құрманғазы, Жылой аудандарының тұрғындары мен мұнай өндіру кәсіпорындары ауыз су мен технологиялық және техникалық қажеттіліктеріне қажет суды «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырынан алады. Осы құбыр Маңғыстау облысындағы тұтынушыларды да ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Елді мекендердегі тұрғындар санының өсуі, өндірістің ұлғаюы жақын болашақта су тапшылығын арттыра берері сөзсіз. Қазірдің өзінде Исатай, Жылыой аудандары және Құлсары қаласының тұрғындары мен мекеме-кәсіпорындары су тапшылығын сезініп отыр, оларға кейде су сағаттап қана беріледі.
Осы мәселені ескеріп, қазіргі кезде 30 жыл бұрын салынған су құбырын жаңғырту жұмысын қолға алу қажет. «ҚазТрансойл» акционерлік қоғамының бағалауы бойынша жобаның құны 102 миллиард теңгені құрайды. Бұл су құбыры қазір өзінің техникалық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп отыр.
Сонымен қатар Атырау облысымен шекаралас Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданында «Көкжиде» жерасты тұщы су орны бар. Бұл еліміздің батыс аймағындағы ірі су кеніші болып табылады. Үкіметтің 2016 жылғы 18 қазандағы тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі «Көкжиде» жерасты кенішіндегі суды пайдалану қорын қайта бағалау үшін Жобалау-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Жобаның сметалық құны 1,2 млрд теңгені құрады.
Біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Атырау және Ақтөбе облыстарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Көкжиде» кенішін пайдалану мақсатында су қорын қайта бағалау жөніндегі зерттеу жұмыстарын жүргізу және су кенішінің баланстық контурын анықтау үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде осы қаражатты бөлу мүмкіндігін қарастыруды өтіндік.
Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ,
Сенат депутаты