• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2018

Киіктің киесі

1061 рет
көрсетілді

Көкжиекті қызғылт түске бояп, құланиектеніп таң атып келеді екен. Даланың қыр­мызы гүлдері мен алуан түрлі өсімдіктерін таң самалы тербе­тіп тұрғандай... Ығы-жығы қа­лың жұлдыздар таң жарығы мо­лайған сайын көмескі тартып барады. Түнгі маужыраған ұй­қы­дан оянған жан-жануар атауы өз тірліктеріне кірісіп жатыр.

Айналасы жарқабақ болып біткен сор жағасында бір топ киік жайылып жүр. Шеткерірек тұрған кәрі теке айналаға көз салып, делдиген қос танауын жусанның жұпар иісіне бөленген таң самалы аялап, қауіптің жоқтығын сездіргендей. Енді ғана оянып, аналарының уыз сүтіне тойған лақтар бір-бірімен сүзісіп, ойнақтай шауып жүр.

Кенет жарасымды табиғат тіршілігін гүрілдеген мотор үні мен алыстан көтерілген шаң бұзды. Спидометр тілі 160-ты көрсеткен «Джип» көлігі таңғы тыныштықты жаңғырта жүйткіп келеді.

Жынды суға бөгіп, қы­зара бөрткен екі жас жігіт магни­то­фон дауысын барынша шыға­рып, көлікті еліре айдай түсті. Қауіпті сезген кәрі те­кенің бел­гісімен қашқан бөкен­дер­ді қуа жөнел­ген көлік жыл­дамдығын үдете түсті. Бір кезде көлік те­ре­­зесі­нен қос ауыз мылтық кө­рінді. Айна­ласына ажал оғын сеуіп, атқы­лап келе­ді. Мылтықтың шүріппесін басып отырған жас жігіттің түрі адам шошырлық. Атқан сайын ақсия күліп, тойымсыз көздері қызарып кеткен. Бар қауіпті бір өзіне бұрғысы келгендей кәрі те­ке көліктің ал­дынан кетер емес. Оқ та дарымайды. Атқан сайын оғы далаға кеткен жас жігіт ызалана түсті. Оптикалық көздеуіші бар мыл­тықты қолына алды. Асықпай көздеп, тынысын тежеді. Жүре­гінің соғысы жиілей түскендей сезілді. Атып келе жатқан күн­нің алтын шапағымен шағы­лысқан қос мүйіздің ортасынан көздеді. Гүрс еткен мылтық­тың үнімен бірге кәрі теке де аспанға шапши секіріп, омақаса құлады. Осы кезде рульде отырған сері­гінің жан ұшыра айқай­лағаны құла­­ғына келіп, дүние астан-кес­­тен болып жүре берді. Бір қа­раң­ғылыққа сүңгіп кеткендей...

Қанша жатқаны белгісіз, ұйқыдан оянғандай күй кешкен Асылхан көзін әрең ашты. Әбден қара түнекке батқан қос жанары жарық сәулеге үйренер емес. Жаман түс көргендей, денесі суық терге малшына тер­лепті. Төсекте жатқанын енді сезді. Жарыққа енді көзі үй­рен­­гендей айналасына көз жі­берді. Аурухананың жан сақ­­тау бөлімінде жалғыз өзі жа­тыр. Шөл қысқан еріндері кезеріп, тілі таңдайына жабысып қалған. Тек қос жанарынан парлай аққан жастың ащы дәмі тіліне білінді. Жылап жатыр екен. Орнынан тұрғысы келіп талпынып еді, аяқ-қолы өзіне бағынбайды. Бағынбақ түгілі қозғалмайтын сияқ­ты. Таспен бастырып тас­тағандай.

Асылхан ауруханада ұзақ жатты. Дәрігерлер көлік апаты салдарынан бел омыртқасына зақым келген деген диагноз қойды. Алла сәтін салып, ажал тырнағынан аман қалған еді. Тек бір өкініштісі, жиырма беске енді ғана аяқ басқан жас жігіт қол арбаға таңылмақ. Кеуде­сінен төмен жан жоқ. Қасын­да болған досы Әлібек өмірден озыпты. Жақында қырық күндік асы берілмек. Бұл жағдайды ауру­ха­наға келген анасынан естіді.

Жан дүниесі өртеніп кеткендей, жылап жатыр. Бұл – өкі­ніштің көз жасы. – Неге бұлай болды? – деген сұрақ көкейінен кетер емес.

Үйдегі төсегінде жатқан Асыл­ханның қазіргі жағдайы еш өзгеріссіз. Бір жылдан асса да ауруына шипа табылмады. Ата-анасы шырылдап жүріп Қы­тайға дейін алып барды. Бірақ еш нәтиже жоқ. Алдына қойған асқа да тәбеті шаппай, асты-үстіне түсіп жүрген ата-анасына да, бауырларына да тіс жарып сөйлеген емес. Өзінің тұңғиық ойына бата береді...

Көзін жұмса болды кәрі киіктің бейнесі көз алдынан кетпейді. Көзіне елестеген сайын бар дүние астан-кестен болып, қара түнек басқандай.

– Киіктің киесі деген осы шығар, осы шығар?! – деп күбір­лей берді...

Қайрат ЖАҚЫП

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы