• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 26 Ақпан, 2018

Н.Нығматулин Бүкіләлемдік Банк өкілдерімен кездесті

225 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулин Бүкіләлемдік Банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браунмен және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Лилия Бурунчукпен кездесті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин аталған қаржылық институтпен қарым-қатынас орнаған 25 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәжіліс Спикері атап өткендей, осы уақыттар ішінде Қазақстанда 46 жоба қаржыландырылған, жоспарда тағы да 48 маңызды жоба бар.

2002 жылдан бері бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы қолға алынып келеді. Өткен жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік Банк арасында 2012-2017 жылдарға арналған әріптестік Стратегиясы табысты жүзеге асырылған.

Мемлекетіміздің даму бағыты жайлы сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы Жол» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымдар, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған басқа да ірі жобаларға айрықша назар аударды.

Бүкіәлемдік Банк өкілі біздің еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне жоғары баға беріп, аталған Банк үшін Қазақстанмен бірлесе жұмыс жасау мақтаныш екенін жеткізді. Ал, Лилия Бурунчуктың пікірінше, Қазақстан – Бүкіләлемдік Банктің Орталық Азиядағы маңызды әріптесі және біздің елмен бірлескен жұмыс ең негізгі бағыттардың бірі. Себебі бұл жерде ірі ауқымды жобалар іске асырылады.

Кездесу барысында парламенттер ықпалдастығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, депутаттық корпустың заңнамалық жұмысында Банк мамандарының тәжірибесі мен біліктілігінің де оң әсері бар. Мәселен, ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, саланы цифрландыру, сондай-ақ, инновациялық қаржылық тетіктерді енгізу мүмкіндіктері тақырыптарында пікір алмасудың маңыздылығы зор.