• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Ақпан, 2018

Кіріс алудың қырлары көп

323 рет
көрсетілді

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде аумақтық мемлекеттік кірістер органдары басшыларының қатысуымен алқа отырысы өтті. Алқа отырысында мемлекеттік кірістер органдарының 2017 жылғы қызметінің нәтижелері қаралды және 2018 жылға мақсаттар мен міндеттер айқындалды. 

Алқа отырысында 2018 жылы Жаңғырту 3.0 шең­берінде «Салықтардың жиналуын ұлғайту» жобасын жүзеге асыру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, сотқа дейінгі өнді­рісті ұйымдастырудың сапасын арттыру, мемлекеттік кіріс­тер органдарының құқық қорғау және қадағалаушы органдармен, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен өзара әрекет етуінің тиімділігін көтеру мәселелері талқыланды.

Негізгі баяндаманы жасаған комитет төрағасы Ардақ Тең­ге­баев 2017 жылы «жылдам жеңістер» үлгісіндегі бір­қа­тар қысқа мерзімді іс-шара­лар жүзеге асырылып, фис­калдық рәсімдерді оңайлату нәтижесінде экономикадағы кіші және орта бизнестің үлесі өскендігін атап өтті.

2017 жыл үшін еңбекақы төлеу қорының 400 млрд теңгеге өскені байқалады. Елі­мі­з­дегі орташа жалақы 150 мың теңге деп алғанда, бұл қосымша 223 мың жұмыс орны құрылғанын білдіреді. Осыған сәйкес жергілікті бюджет түсімдері 96 млрд теңгеге өскен екен.

Ардақ Теңгебаев мемле­кеттік қызмет көрсетулер және әкімшілендіру цифр­лы форматқа көшіріліп жатқан­дығын айтты.

– «Бизнес-процестерді же­­ңілдету және жеделде­ту үшін қолданылатын авто­маттандырылған проце­ду­ралардың үлесі жыл сайын артып келеді. 2017 жылдан бастап Egov порталы арқылы барлық мемлекеттік органдардың 34 миллионнан астам мемлекеттік қызметі көрсетілсе, мұның 17 миллионы бізге тиесілі. Демек Қазақстандағы барлық электронды қызметтердің 50 пайызын мемлекеттік кірістер органдары ұсынып отыр, – деді ол.

Жалпы алғанда 2017 жыл­дың қорытындысы бойынша бизнес құрылымдар мемлекет қазынасын 8 812,0 млрд тең­генің салығымен толықтырды.

Алқа мәжілісінде Прези­денттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов, Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев және комитеттің жауапты қыз­меткерлері сөз алып, атқа­рыл­ған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы ой бөлісті.

Іс-шара соңында мемле­кеттік қызметтерді көрсету қорытындылары шығарылып, үш санат бойынша жүлде берілді. Номинациялар бойынша «Республиканың ең үздік қызмет көрсету орталығы» деп Алматы қаласындағы Әуезов ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы, «Ауыл немесе қалада орналасқан ең үздік қызмет көрсету орталығы» деп Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласының мемле­кеттік кірістер басқармасы, «Республиканың ең үздік кедендік рәсімдеу орталығы» деп Алматы қаласының «Ал­малы-КРО» кедендік бекеті та­нылды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»