• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2018

Әкімнің әкелік қамқорлығы

387 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы «Аналар үйінде» тағдырдың түрлі сынына түскен 9 ана, 11 бала тұрып жатыр. Көбі күйеуінен зәбір көріп ажырасқан, баласынан бас тартқан әкеден алимент ала алмай орталықтың көмегіне жүгінген жандар. Барлығы «Аналар үйінің» қамқорлығында. Әрине аналардың арасында жағдайы оңалып, жұмыс істеп, оқуға ынтасы ауған жігерлілері де бар. 

Солардың қатарында Гүлім Нүркебаева есімді жас ана бар. Ол да құндақтаулы баласын көтеріп, Талдықорған қала­сындағы «Аналар үйін» пана­лаған еді. Гүлімнің басынан өткен оқиға жұртқа сабақ боларлықтай. 12 жасында анасынан айырылған жас қыз әкесін мүлдем көрмеген екен. Кіші сіңлісін ертіп қаладағы «Айналайын» балалар үйінің табалдырығын аттайды. Осы жерден тәрбие алып, колледжде оқып ма­ман­дық иесі атанған Гүлім бақыттың жолына түс­кен­дей еді. Өрімдей жігітпен таныс­қанда, арманындағы жігітті жолықтырғандай сенген. Сезім жетегінде жүрген жастар сәбилі болатындарын білгеннен кейін барып, отбасын құруға қадам жасайды. Өкініштісі, жігіттің әке-шешесі жас келіннің жетім қыз екенін бетіне басып босаға­ла­рынан аттатпай қоя­ды. Ая­ғы ауыр жас қыз осылайша тағдырдың тезінде қала берген...

Гүлім «Аналар үйіне» келгенге дейін баласына құжат та жасата алмаған екен. Тиіс­ті жәр­демақы алудың да мүм­кіндігі болмаған. Қазір жағ­дайы түзелді. Қайсар мі­незді Гүлім басына түскен жа­ғдайды жұрттан жасырмай, облыстық «Жетісу» теле­арнасындағы «Болмыс» ток-шоуына қатысқан болатын. Осы бағдарлама Гүлімнің тағ­ды­рын түбегейлі өзгерт­кені анық.

Телебағдарламаны көр­ген облыс әкімі Амандық Баталов Гүлімнің жағдайына алаң­даушылық білдіріпті. «Ана­лар үйін» паналаған жас ананың жайын білуге орынбасары Жақсылық Омарды арнайы жұм­саған. Мәселенің мәнін ұққан А.Баталов Гүлімді арнайы қабылдауына шақырды. Сәбиін көте­ріп келген жас анаға әкелік құр­мет көрсетіп, баланың байғазысына Талды­қорғаннан пәтер беретінін айтты.

Енді Гүлім Нүркебаева 6 айға жалғасатын оңалту ша­ра­сынан өтіп, тиісті ем-дом қабыл­дағаннан кейін жөр­гектегі баласымен бірге жаңа пә­тер­дің босағасынан аттайтын болды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы