Осыдан екі жыл бұрын Елбасының Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні мерекесінің жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, салмағы артып келеді. Атаулы күннің қарсаңында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен жалпыхалықтық мерекенің мәні мен маңызы турасында әңгіме өрбіткен едік.
– Құрметті Серікбай Сатыбалдыұлы, ертең халқымыз Алғыс айту күнін қарсы алатынын білесіз. Мереке басталып та кетті. Бір-біріне алғыс пен ризашылығын білдіруші жұрттың қарасы жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын да көріп отырмыз. Сіз үшін бұл датаның маңыздылығы қандай? Жалпы, еліміздің күнтізбесінде Алғыс айту күнінің пайда болуын қалай қабылдадыңыз?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Біз – адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынған, тыныштық пен татулықты басты тірек еткен елміз. Бауырмалдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар асыл қасиеттер. Соның нәтижесі болар, бүгінде қазақ топырағында өмір сүріп жатқан қаншама ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында өзара сыйласып ғұмыр кешуде.
Бағзы заманнан бері береке мен бірлікті, ынтымақ пен ырысты, достық пен татулықты ту еткен Қазақ елі тәуелсіздіктің санаулы жылдарында алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекетке айналды.
Біздің көпұлтты қоғамдағы өзара құрмет пен сыйластықты нығайта түсу үшін барша азаматқа үлкен жауапкершілік артылады. Жаһандану заманында сан түрлі ұлттың берекелі тірлікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты жолы – құрмет пен сыйластықта, бір-біріне деген сүйіспеншілікте, өзгеге тілекші болып, оған алғыс айта білуінде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алғыс айту күні туралы бір сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан гөрі жақындастыра түседі. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болар еді», – дегенін білесіз.
Расында, қазір бұл дата біздің қоғам үшін маңызды күндердің біріне айналды. Өйткені тағдыр тәлкегіне ұшырап, атамекенінен еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты мекені, екінші отаны – Қазақстан болды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді. Біз өзгеге жасаған жақсылықты міндетсінуді білмейтін халықпыз. Алайда Елбасымыз айтқандай, сындарлы кезеңде адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту әділетті болар еді.
– Осы алғыс айтуға қатысты Исламда қандай өсиет айтылған?
– Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндеті санайды. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да алғыс айта алмайды», – деген.
Бізді өмірге әкелуге себепші болған ата-анамызға, торқалы той мен топырақты өлімде қасымыздан табылған ағайын мен дос-жаранға, күнде шарапатын көріп жүрген басшымызға, қол ұшын беруде аянып қалмайтын көршімізге, қайғы мен қуанышты бөлісуге әрдайым дайын тұратын бауырларымызға әрқашан алғыс айтуға тиіспіз.
– Алғыс айту – адамдардың өзара қарым-қатынасына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Сұрағыңызға орай бір оқиға еске түсіп отыр. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген сөз бар ғой. Қиналған сәтте көмектескен адамның жақсылығы әрқашан есте қалады. Қостанайда имам қызметін атқарып жүргенде, жат ағымның жетегінде кеткен, имамға да бағына бермейтін бір азамат болды. Енді не істеу керек? Ұрысу, күшпен бағындыру, талап ету – біздің ұстанатын жол емес. Дін – нәзік дүние. Адам дінге жүрек қалауымен келеді. Сонымен имам әлгі жігітті дәстүрлі дінге қанағаттандыру жолдарын қарастырды. Тек сөзбен емес, амалмен. Қайғысы мен қуанышына ортақтасты, қолдан келгенше отбасына көмектесті. Жігіттің үйіне барған сайын азық-түлік, балаларына киім-кешек апарып беріп жүрді. Күндердің күнінде оның бала-шағасы имамды жақсы көре бастады.
Балалары имамды көрсе: «О-о-о, дядя имам келе жатыр», деп қуанатын. Бәріміз ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Адам әсерленбей тұрмайды. Сонымен шынайы ниет пен жүйелі амалдың арқасында қатайған жүрек жібіді. Жігіт қатарымызға қосылды. Қазір көзқарасы дұрыс, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Жігіттің отбасы мен туған-туыстары оның дәстүрлі діни жолға түсуіне себепші болған имамға әрдайым алғысын айтып, жүрекжарды тілегін білдіріп отырады. Көрдіңіз бе, шынайы ниетпен жасалған амал адамның көзқарасын өзгерте алады екен.
Қоғам қайраткері Асылы Осман деген апамыз әрдайым: «Біз қашан да қазақ халқына қарыздармыз», деп алғысын айтып жүреді. Ол кісі халқымызға алғыс айтып қана қоймай, ана тіліміздің жанашыр тұлғасына айналды. Байқап қарасақ, алғыс айту сол халықтың рухани құндылықтарына құрмет көрсетуден бастау алады.
Бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздікті тойлаумен қатар оның болашағын ойлау жауапкершілігі жүктеліп отыр. Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін әрбір азаматқа саналы жауапкершілік, парасаттылық, озық білім керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай, көзі ашық азаматтар жаңашыл ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс.
Қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.
Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді көкейіне тоқып алса – елдің дамуына қосқан үлесі осы болмақ. Біз, барша саланың жетекшілері осыған аса мән беруіміз керек.
Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», – деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез екенін айтып, парасатты пікірлерін жариялауда.
Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Қазіргі жастардың халыққа алғыс айтуы мемлекеттің дамуына үлес қосуынан көрініс табуы тиіс деп ойлаймын.
– Жастарға тиесілі бірталай міндетті атап өттіңіз. Білім-ғылымды меңгеріп, ұлттық дәстүр мен мәдениетіне көңіл бөлуі қажет дедіңіз. Осы жерде бір сұрақ туындайды: жұртты осындай істерге жұмылдыруда, берекелі тірлікке бастауда ықпалды ұйымның бірі ҚМДБ емес пе? Сіз басқаратын Діни басқарма бұған қандай үлес қосып жатыр?
– Алла тағала қасиетті Құранда: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған.
«Тозған қазды топтанған қарға алады» демекші, бірлігіміз болмаса, болашағымыз бұлыңғыр. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Өмірдің берекесі де бірлікте. Тәуелсіздік ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», – деген нақыл сөздің астарында мол мағына жатыр емес пе? Ынтымағы бар елдің ырысы мен берекесі де мол.
Бүгінгі мұсылман үмбеті, еліміздің кез келген азаматы қандай жағдай болмасын ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қоюы қажет. Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес.
Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламдағы төрт мәзһабтың ішінде халқымыздың табиғатына, ұлттық болмысына, салт-дәстүріне ең жақын дәстүрлі діни жолымыз – имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстануға үндейді. Исламда бір мәзһабта болудың хикметі көп. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды.
2 наурызда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бастамасымен Астанада Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтеді. Тұңғыш рет өтетін тарихи шарамызға Еуропа мен Орталық Азияның 22 елінен 30-дан астам делегат, атап айтқанда, бас мүфтилер, дін қайраткерлері, ислами бағыттағы ұйымдар мен одақтардың жетекшілері қатысады.
Бүгінде Түркия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзербайжан, Румыния, Украина, Латвия, Литва, Эстония, Польша, Венгрия, Хорватия, Моңғолия және басқа да елдер, барлығы 18 елдің бас мүфтиі халықаралық шараға қатысатынын ресми мәлімдеді.
Халықаралық форумда жаңа замандағы мұсылман қауымның жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, Орталық Азиядағы ислам тарихы, діни ықпалдастық және өңірлік рухани қауіпсіздік, жаңа замандағы Ислам және Еуропа факторы, т.б. тақырыптар төңірегінде баяндамалар жасалады. Форумда Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру мәселелесі талқыланып, «Бүгінгі мұсылман үмбетінің келбеті» құжаты қабылданады. Басқосу соңында арнайы қарар қабылданбақ. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – мұсылман үмбетінің бірлігін арттыру, әлемге діни татулықтың үлгісін паш ету.
Ел саясатының негізгі тірегі ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау болса, Ислам дінінің де мақсаты осы. Біз, дін адамдары осы мақсат пен мүдде жолында қызмет етіп келеміз. Ислам қоғамда өмір сүріп жатқан өзге дін, ұлт өкілдеріне діні мен нәсіліне қарап қысым жасамауды талап етеді.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Иман етпейінше жұмаққа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, иман еткен болмайсыңдар», – деген.
Данышпан Абай атамыз өз өлеңінде мынадай өсиетін қалдырған: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Баба нақылына бағынған ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарардай бірлігі, ең алдымен, адамдардың рухани үндестігі мен үйлесімділігінде жатқан жоқ па?! Уағыз-насихат жұмыстарында бұл мәселеге әрқашан басымдық беріп келеміз.
Елбасы Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу межесін алға қойды. Әрине, ол межеге жету үшін қоғамның тыныштығы, соның ішінде ұлтаралық әрі дінаралық татулық қажет. Сондықтан бабаларымыз: «Татулық –табылмас бақыт» деген. Бүгінгі алмағайып, қым-қуыт дүниеде тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік пен ынтымақтың күшейіп, дамуы үшін, әсіресе, дінаралық төзімділіктің мән-маңызы зор деп есептеймін. 1 наурыз – Алғыс айту күні адамдар арасындағы мейірбандықты арттыра түседі деген сенімдемін.
Аллаға шүкір, біз Исламның асыл құндылықтарын бойына сіңірген ұлтпыз. Ұрпағын имандылық пен ізгілікке тәрбиелеген елміз. Тәуелсіздігіміздің арқасында 2 мыңнан астам мешіт салынды. 9 медресе, діни кадр даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті, 2 қарилар орталығы ашылды. Осының бәрі мемлекеттің асыл дінімізге деген жанашырлығы мен қамқорлығының нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Көп ұлтты, көп конфессиялы елімізде әркімнің діни сенімі мен дәстүрін сақтауына барлық жағдай жасалған. Түрлі ұлт пен дін өкілінің бір шаңырақ астында тату өмір сүруі – Елбасының ел басқарудағы данагөй шешімі деп білемін. Бірлігіне сызат түскен елдердің қандай күйде өмір сүріп жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан тағы да қайталап айту керек: бүгінгі таңда бізге керек басты құндылықтың бірі – бірлік пен өзара түсіністік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қамбар Ахметов,
«Егемен Қазақстан»