• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2018

Қазақ журналистикасының қара нары – Ержұман Смайыл

1063 рет
көрсетілді

Қазақ журналистикасы орны толмас ауыр қазаға душар болды. Үстіміздегі жылдың 27 ақпанында кәсіби журналист, әм­бебап аудармашы, тәуелсіз Қазақ елі баспасөзінің көрнекті ұйымдас­тырушы­ларының бірі, абзал азамат Ержұман Өтешұлы Смайыл өмірден озды.

Е.Ө.Смайыл 1948 жылы 5 қаңтарда Алматы облысының Талғар ауданындағы Туғанбай ауылында дүниеге келді. 1965 жылы С.Сейфуллин атындағы №2 Талғар қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Фрунзе ұжымшарында клуб меңгерушісі, шопан, құрылыс бригадасында балташы болып еңбек жолын бастады. 1967-1970 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарындағы міндетті әскери борышын өтеуге аттанып, Қызыл тулы Солтүстік теңіз флотындағы сүңгуір қайық экипажында қызмет етті. 1971-1976 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, журналистика факультетін өте жақсы деген бағаға ие қы­зыл дипломмен бітірді.

1977-1978 жылдары КазГУ-де ассис­тент, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші болды. 1979-1987 жылдар аралығында республикалық «Лениншіл жас» басылымында редактордың орынбасары қызметін атқарды. Содан кейін аға газет редакциясына қайта оралып, ширек ғасырға жуық ғұмырын осы басылымның ыстық-суығына арнады. Атап айтқанда, ол 1987-1997 жылдары «Егемен Қазақстанда» бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарып, 1998-2003 жылдар аралығында бас редактор лауазымын иеленді. Ал 2003-2004 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоға­мының президенті, 2011 жылға дейін вице-президенті болды.

Өмір жолы тек қана өнегелі істерден тұратын Ержұман Өтешұлы Смайылдың қазақ баспасөзі саласындағы ерен еңбегі билік тарапынан әр жылдары лайықты бағаланып отырылды. Оған әріптесіміздің өз кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен екі рет марапатта­лып, Қазақстан ЛКСМ Орталық Коми­тетінің Баубек Бұлқышев атындағы, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарының тұңғыш лауреаты болғаны, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанғаны анық дәлел. Ал «Өмір деген жол үсті», «Туғанбай ауылының адамдары» атты деректі кітаптары болса, Қазақстан Журналистер одағының арнайы сыйлықтарымен аталып өтілді.

Ержұман Өтешұлы Смайыл үлкенге ізетті, кішіге қамқор әріптесіміз еді. Сондай-ақ ол табанды, талапшыл, белгілі бір мәселеде өзіндік берік ұстанымға ие басшы болатын. Оған әманда адалдық, әділеттілік қасиеттер тән еді. Қазақ журналистикасының кейінгі буыны Ерекеңнің шәкірттері десек еш қателеспейміз. Осындай қадір-қасиеттерімен бар өмірін, бойындағы қажыр-қайратын кәсіби білігі мен ұйымдас­тырушылық қарым-қабілетін ол төл журналистикамыздың өсіп-дамуына арнады. Тәуелсіз ел баспасөзінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңіріп, айтулы үлес қосқан, ардақты азамат, абзал жанның, үлкен жүректі адамның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады.

«Егеменқазақстандықтар»

Қазақ журналистикасының қара нары

Ай, қайран Ержұман-ай!

Қапелімде дәл осылай өзіңді білетін достарыңды, әріптес, қатарлас құрбы-құрдастарыңды қамықтырып кетеді деп біз ойлап па едік?.. Жүрсең, жүрісің – мығым, сөйлесең, сөзің – мығым арыс едің. Өзіңнің кәсібіңе, еліңе, жұртыңа соншама бір қадірлі кезде кетіп отырсың. Арқадан жеткен суық хабар Алатаудың бөкте­ріндегі қалың еліңді қайыстырып кетті.

Ержұман!

Мен сенімен «Егемен Қазақ­стан» дейтін ұлт газетінің бір ерекше қиын күндерді бастан кешіп отырған дәуірінде қыз­меттес болып, табысып едім. 1993 жылдың қаңтары. Мен алғаш бас редактор болып келген кезде демалыста жүр екенсің. Шыққаныңа үш-төрт-ақ күн болыпты. Шаруаңды жиысты­рып қойып, келдің. Бірден өзіңе тән қайыспас қара нардай қал­пыңмен:

– Нұреке, мен осы газеттің бас редакторының бірінші орын­басарымын ғой. Басқа орын­басар алғыңыз келсе, міне, қалам, қағаз. Айтыңыз. Сол үшін келдім, – деп, жомарт қал­­пыңмен қараған жайсаң мінезің көз алдыма елес­теп отыр. Екеуміз ұзақ бір-бірімізге қа­рап отырдық та:

– Ержұман-ау, мен сені бая­ғыдан білемін. Сен газет үшін жаралған қара нарсың ғой. Сенің қазақ журналистикасында ойып алған орның бар. Ешкім көтере бермейтін ауыр жүкті көтеретін кескекті мінезің, күшің бар. Мен сені ешқайда жібермеймін. Бірге боламыз, – дегенде жымиып келіп қолымды алдың. Міне, содан үш жарым жыл табандатып отырып, біріміздің қабағымызға біріміз қарап, біріміз ашу ша­қыр­ғанда, біріміз басу айтып, қара­мағымыздағы 160-қа тарта әріп­тесімізге бірге жүріп ие болып едік.

Сен өзіңнің туған Алатауыңа тартқансың, біреудің алдында орынсыз кішіреюді білмейтін едің. Тура тартып, тура сөйлеп, қарап отырушы едің. Сол міне­зің журналистикадағы бар әріпестеріңе ұнаушы еді. Бірде қатты, бірде жұмсақ айтып жү­ретін ең. Бірақ ешқашан артыңа зіл тастамай, салмақ артпай басалқы мінезіңмен «Егеменге» келген барлық бас редакторлармен бірге жұмыс істеп, «Менің Егеменім, менің бас газетім» деп жылап-егіліп айтқан сөзіңнің талай куәсі болып едім.

Арғы-бергі заманда қазақтың журналистикасында үндемей жүріп атпал жүкті көтерген небір нарларымыз болды ғой. Солардың бірегейі, қазақ журналистикасында өзінің қақыратып салған ізі бар, өрнек үлгісі бар, өрісі кең, өнегесі бөлек сирегіміз сен едің. Бүгін, міне, Сарыарқадан жеткен ауыр қайғыға қабырғам қайысып, қоштасу сөз айтқаныма қиналып отырмын.

Сен тұйық қана емес, жаның жайсаң, жүрегің жомарт, дос десе алқымыңнан жүрегіңді суы­рып беруге әзір тұратын ға­жап мінезді адам едің. Ғажап жур­налист болып өттің. Қазақ журналистикасының қара нары боп өттің. Сенің есімің біздің ғана емес, ондаған шәкіртіңнің, мың­даған оқырманыңның жү­регінде.

Иманың саламат болсын, бауырым!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

«Егеменнің» Ерағасы...

Журналистикада 40 жылдай қатар қызмет істедік.

Әлі есімде, Алматы облыс­тық «Жетісу» газетінде қызмет істей­тін кезім еді. 1976 жыл болатын. Бөлім меңгерушісі Бекболат Әдетов біздің «Партия тұрмысы» бөліміне сақадай жігітті ертіп кірді. КазГУ-дің соңғы курсының студенті Ержұман Смайылмен таныстырып, «Жас түлек» жастар бетіне тапсырыспен мақала жаздыруды тапсырды.

Одан кейін «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет істедік.

«Лениншіл жасқа» бас редактор боп келгенімде, ол «Егеменге» бөлім меңгерушісі болып шақы­рылды. Қимай қоштастық. Бірақ кейін «Егемен­ге» бас редактор болып кел­генімде, Ерекең бірінші орынбасар екен.

– Ержұман, мен келген сайын сен қызмет ауыстырғыш едің. Енді ешқайда кетпейсің. Бірге қызмет істейміз. Мен мұны Президент Әкімшілігінде де айттым, – дедім.

Екеуміз қол алыстық, құшақ­тастық. Шерағаңды кеңесші етіп шақыртып алдық. Содан небір қиын да қызықты күндерді бірге өткіздік. Камал мен Шерағаңның хаттарын бір жарым жыл жүр­гіздік. Журналистиканың қара нары десе де болады. Оған газеттен басқа өмір жоқтай көрінетін.

Кейін менің қызметім ауысып, «Егеменге» Ержұман Смайыл бас редактор болып та­ғайын­­­далғанда қатты қуан­дым. Өйт­­кені газет саясаты өзгер­мейді. Өз биігінде қалады.

Депутаттық қызметте жүр­генде де «Егеменнен» алыстамай, көлемді-көлемді материалдар жіберетін едім. Кейін қызметіне орай келеңсіздік саясат жүргізіле бастағанда:

– Уәке, мен қарапайым журналист болсам да, «Еге­меннен» кетпеймін, – деп еді.

Зейнетке шықса да, «Егемен­нен» қол үзген жоқ. «Оймақтай ой» топтамасы мен дүниеден өткен кластастары туралы керемет мақала жазды. Телефон шалатын едім. Сонда ол:

– Бізді де кейін біреулер іздейтін шығар, – деп еді.

Іздейді, «Егеменнің» Ержұманы. Журналистикадағы қолтаңбаң өшпейді, ұмытыл­майды. Бақұл бол, дос! Алдың жарық болсын, бауырым!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ

Ер аға

Қырық жыл бойы күндіз әріп түзетіп, түнде қаріп күзетіп, газеттің ауыр жүгін қайыспас қара нардай көтеріп, жұмысқа жанашырлықтың, жауапкершіліктің, журналистік жанпидалықтың қайран қаларлықтай қалыбын, үйренетіндей үздік үлгісін көрсетумен өткен азамат арамыздан кетіп барады. Ержұман Смайыл есімі қазақ жур­налистикасының тарихында осы мамандықтың мәрте­бесін көтерген адамдардың қатарында ардақ­тала аталатын болады деп сеніммен айта аламыз.

 Біздің буын қолға қалам алған жетпісінші жылдарда әдебиет пен журналистика әбден қойындасып кеткен еді. Ақын-жазушы атаулының бәрі әу бас­та шығармашылық жолын газеттен бастайтын, журналистік кәсіп жазушылыққа жетер жолдағы белес сияқты қара­латын, ол белестен біреулер өте алады, біреулер өте алмай­ды деп саналатын, журналистің бара-бара ақын-жазушы болмауын жұрт бола алмаудың белгісі деп қана қарайтын.

Осы қасаң қағиданы қақыратып берген аз адамның бірі еді Ержұман Смайыл. Ол газеттің қара жұмысын атқара жүріп-ақ, мақаланы айында-жылында бір жазып-ақ, зейнет жасына жеткенге дейін жалғыз ғана кітап шығарып-ақ журналистика саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атана алды. Өйткені ол журналистика тек өзің жазу еместігін, нағыз журналистиканың мәні ұйымдастырушылықта, алдымен өзгелердің жазуына жағдай жасауда, редакция жұмысын жоспарлауда, ойға ой қосуда, қолға тиген дүниені жөндеуде, өңдеуде, қырнауда, сырлауда, жұмырлауда, қалам иелерін қанаттандыруда, адамдардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасауда екендігін өзгеше өнегесімен дәлелдей білді. Тұп-тура қырық жеті жыл бойы білгенде, соның жиырма алты жылында қызметтес болғанда, оның он төрт жылында біріміз басшы, біріміз орынбасар күйінде қатарласа, қанаттаса қызмет еткенде өз басым Ерекеңнің жұмысты жапырып жіберетін ерен қайратына, ел дегенде ештеңеден аянбайтын жүрегіне, тек жұртқа болсыншы дегеннен басқаны білмейтін жанына тәнті болудан танбағанымды айта аламын.

Ерекеңді соңынан ерген шәкірттерінің, ізін басқан іні-қарындастарының бәрі Ераға деуші еді. Енді сол атауды бөліп-бөліп айту қажет болып тұр. Қош, бақұл бол, Ераға – журналистикада талай ерлік жасаған Ер аға!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Қайран, Ержұман!

Қапияда сенен айырылып қаламыз деп кім ойлаған?!. Естіген кезде төбемнен жай түскендей болды. Сол күйі әлі ессіз, түссіз отырмын, Ержұман!

Қаншама қауырт жұмыстың үстінде отырсақ та, екеуміздің өзара әзіліміз таусылмас еді. Көңіліңнің көгі сап ашылып жадырап, шарт бұзылып түнерер еді. Кейде өкпелеп, кейде қызықтап отырар едік. Енді ғой, тап өзің сияқты оңай өкпелетіп, оңай күлдіре алатын ешкім жоқ. Жасымыз қатар болғанымен, сен бізге өзімізден әлдеқайда ересек, әлдеқайда байсалды көрінер едің. Айтқаныңнан қайтпайтын, бірбеткей, тұрақты мінезің алғашында бәрімізге ұнамаған. Сол қайсар мінезіңмен бізді отқа да, суға да салдың. Баурадың! Кейін ойласам, қарамағыңдағы қыз-жігіттердің бәрі жараған аттай мықты журналист болса, сөзсіз сенің тәртібің, тәрбиең еді. Сенің темірдей талабың жастарды өрге сүйремесе, ылдиға түсірген жоқ.

Қайтейін... Сені өлімге қияр жүрек бар ма?!. Маңдайыңа жазылған өл­шеулі ғұмыр осы екен. Оны қайдан білейін?!. Кейде қалжыңдасып, қағы­тып отырғанда: «Сенен бұрын барып, алдыңнан тосам» деуші едің. Сол сөзіңде тұрыпсың! Келместің кеме­сіне бұрын міндің! Алдыңнан Құдай жарылқасын! Бақұл бол, досым! Қима­сым!

Жұмагүл СОЛТИЕВА

Бақұл бол, досым!

Курсымыздың құты еді. Бір қазанға басы сыймайтын өңкей қош­қарлардың басынан сипап, өргізіп, тұрғызып, өріске жайып, өрге өрле­тетін. Бәрімізге бүкіл курстың адресі мен телефонын жазып беріп, «Әй, хабарласып тұрыңдар!» деуші еді. Қаралы хабар жеткенде, көп қағаздың ішінен сол Ержұман берген тізімді таба алмай қара басты. Қайтейін, қу тірлік!

Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне мені 1991 жылы мамыр айында Шерағаң – Шерхан Мұртаза ағатайыма айтып, жұмысқа алдырған Ерекең. «Курстас» деп аяған жоқ. Табанымды тіліп, тасқа да, отқа да салды. Сол дұрыс болыпты. Әрине пенде болған соң, іштей ренжідім. Кейін бәрін ұқтым. Сабақ екен. Редактор болғанымда кәдеме жарады.

Ержұманмен соңғы рет 26 ақпан күні 18 сағат 19 минутта сөйлестім. «Егемен Қазақстан» газетінің Қара­ғанды облысындағы бұрынғы мен­шікті тілшісі, зейнеткер Айқын Несіпбайды сұрады.

– Ереке, не болып қалды, сонша? – дедім.

– Туған күні екен. Құттықтайын, – деді.

Ол сондай еді. Ешкімді ұмыт­пайтын. Сол күйі кетті.

Бақұл бол!

Ержұманым-ай!

Мағауия СЕМБАЙ