Алексей Лодочников – Ертіс бойындағы қалың қазақтың арасында өскен жігіт. Бала кезінен жүрегі қазағым деп соғады. Домбырамен халқымыздың ән-күйін құйқылжытып ойнауы бір бөлек, ол – бүгінде мемлекеттік тіл мен ұлт мәдениетіне олжа салып, көсегесін көгертсем дейтін санасы сергек азаматтың бірі.
Алексей балалар үйінде тәрбиеленген. Балалық шағын Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы балалар үйінде өткерді. Өнерлі жеткіншек 6 жасқа толғанда ұстаздарының кеңесімен дарынды балаларға арналған музыкалық мектепке оқуға түсіп, «Дәстүрлі ән және домбырада ойнау» мамандығын игерген. Қазіргі күні ол Instagram мен TikTok желілерінде танымал блогерге айналған. Бүгінде Астана қаласында тұрады.
– Қазақ руханиятына, менталитетіне жақын болуымның себебі – балалар үйінде қазақ тобында тәрбиелендім. Қазақы тәрбиенің нәтижесі болар, есейе келе араласатын жолдастарымның барлығы қазақ. Домбыра үйреткен алғашқы ұстазым Асхат Еркебұланов, одан кейін жол көрсеткен Медғат Манапов, Амангелді Қожанов, Жанболат Байсолтан сияқты ағаларыма алғысым шексіз. Мені шетсіз-шексіз қазақ ән-күй өнеріне жетеледі. Маған домбырамен ән айту бала шағымнан ерекше ұнайтын, бұл өнерімді әлі күнге жетілдірумен келемін, – деді белсенді жас.
Ол бүгінде уақытының көп бөлігін еліміздегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің шығармашылықтарын дамытуға арнап келеді. Былтыр «Жұлдыз болғым келеді» атты республикалық жобаны қолға алды. Бұл балалар үйлеріндегі жас таланттарға арналған. Өткен жылы алғаш рет вокал өнері бойынша байқау өтіп, Астанадағы финалдық кезеңге еліміздің әр түкпірінен 40 бала жиналды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Дубай қаласына жолдама, қымбат ұялы телефондар мен макбуктер сыйға тартылды. Жеткіншектердің қандай әсерлі сезімде болғанын тілмен айтып жеткізу қиын. Алғашқы сайыс нәтижелі өткенін байқаған Алексей биыл хореография бағытындағы жас өрендерді сынап көрмекке бел буып отыр. Оның финалында елордаға 100-ден аса бала жиналады деп күтіледі.
– Біздің қоғам әзілді жеңіл қабылдап, кез келген әлемдік өзгерістерге батыл түрде кірісіп кететіні ұнайды. Мемлекет басшысының өзі де жастар қозғаушы күш екенін айтты. Патриот болу жалаң ұран емес. Қазақ тілін жетік меңгергенім өзім үшін ғана, бірақ оны желеу етіп қызмет сұрап көрген емеспін. Отанымызға пайдамыз тисін десек, оны іспен дәлелдеуіміз керек. Кейде кейбір қазақ азаматтарының өз ана тілін білмейтінін көргенде жаным ашиды. Бұл кемшілік емес, өскен ортасы сондай. Бірақ ынта болса, барлығын лезде үйренуге болады. Ал өзің өсіп-өніп отырған мемлекеттің ана тіліне құрмет көрсету – ортақ міндетіміз. Шеттен келіп, еліміздің керегесін кеңейтіп жатқандарға қатысты да солай айтар едім. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы, деп жалғады сөзін.
Қазіргі уақытта Алексей әлеуметтік желідегі блогін күнделікті жүргізеді. Бір ғана Instagram-да 366 мыңнан аса оқырманы бар. Күнделікті түсіретін роликтерінің дені әзіл-оспаққа арналғанымен, қоғамдағы кейбір өткір мәселелерді көрсетуге тырысады.
– Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген дана сөзі бар. Бұл менің өмірдегі басты ұраныма айналды. Күнделікті өмірде де, желіде де қарапайым болуға тырысамын. Кейбір адамдар менің роликтерімді ата-әжелер жиі көретінін айтады. Мен үшін бұл – мақтаныш. Себебі олар арқылы немерелері де тамашалайды деген сөз, деп кейіпкеріміз сөзін тәмамдады.
Осылайша, Ертіс бойында жетілген сары бала бүгінде Астана қаласында жемісті еңбек етіп жүр. Алексейдің ойға алған бастамалары сәтімен өріле берсін деп тілейміз.
Павлодар облысы