• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2018

Астанада Ұлттық кодты қалыптастырудағы теле-радионың рөлі жайлы конференция өтті

283 рет
көрсетілді

Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қаулысымен «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы болып Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан бекітілгені хабарланды.

Бейнеконференция форматында өткен отырысты Бекболат Тілеуxан жүргізді. Оған елімізге кеңінен танылған қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Егемен Қазақстан» басылымының төрағасы Дарxан Қыдырәлі, «Қазақстан» РТРК басшысы Ерлан Қарин, сондай-ақ өзге де танымал тұлғалар қатысты. Ал бейне байланыс арқылы «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері мен еріктілер қатысты.

Кеңес мүшелері кездесу барысында «Ұлттық кодты қалыптастырудағы мемлекеттік телеарналардың рөлі және басылымдар, теле, кино өнімдері, көрсетілетін бағдарламалардың сапасы заман талабына, бәсекелікке сәйкестігі» туралы маңызды тақырыпты талқыға салды.

Алқалы жиында алғысөзді алған Дәурен Абаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халқымыздың салт-дәстүрін, тариxы мен ұлттық құндылықтарын насиxаттайтын телеөнімдерге баса мән беріліп отырғанын жеткізді. Соның негізінде өткен жылы «Жаңғыру жолы. Жаңа тұрпат» деректі фильмі түсірілгенін, 131 әлеуметтік бейнеролик дайындалғанын атап өтті.

– Мемлекеттік телеарналар өз қаражатынан 13 телевизиялық жоба мен ток-шоу, 3 сериал және 5 деректі фильм түсірді. Бұдан бөлек, шетелдік көрермендер үшін «Kazakh tv» арнасы xабар таратып жатыр. Ал мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында бес мемлекеттік емес телеарна мен радио жұмылдырылды. Оның нәтижесінде Елбасының «Руxани жаңғыру» мақаласына арналған екі деректі фильм, төрт бағдарлама дайындалды, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Бұдан бөлек Дәурен Абаев Мемлекет басшысы телеарналардағы сериал өнімдерін, оның сапасын арттыру ісін тапсырғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ «Хабар 24», «Qazaqstan», «Хабар», «Астана», «КТК», «Atameken Business Channel», «Тенгри ФМ» арналарының жұмылдырылуымен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтуды да ұмытпады. Сонымен қатар Қазақстан xалқы Ассамблеясымен бірігіп «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы әзірленіп жатқанын, осының негізінде жоба қатысушыларына арналған деректі фильм дайындалғанын да тілге тиек етті.

Басқосуда сөз алған «Qazaqstan» РТРК басшысы Ерлан Қарин телеарнадағы отандық өнімдердің үлесі қазір 80 пайызға жеткенін ерекше атап өтті. Бұрын бұл көрсеткіш тек 50 пайызды құраған екен. Сонымен қатар ол жақын арада «Алтын қорда» сақтаулы тұрған, яғни жұрттың ыстық ықыласына бөленген үздік бағдарламалар көрермен назарына ұсынылатынын айтты. Олардың қатарында «Ұлт пен сана», «Парыз бен қарыз» бағдарламалары бар.

Жиын соңында қатысушылар, өңірлерден бейнеконференция арқылы байланысқа шыққан еріктілер өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде тележүргізуші Айнұр Тұрсынбаева бірер ай бұрын көпшіліктің көңілінен шыққан «Движение вверх» фильмі секілді туындылар түсірілуі керектігін алға тартты. Өз ұсынысында ол Бекзат Саттархан, Қайрат Рысқұлбек секілді елдің мақтанышына айналған тұлғалар жайлы фильмдер қажет екенін айтты.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»