• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Футбол 01 Наурыз, 2018

Стойлов ресми түрде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды

218 рет
көрсетілді

Қазақстан ұлттық федерациясының бас бапкері болып "Астана" футбол клубының бұрынғы жаттықтырушысы Станимир Стойлов ресми түрде тағайындалды.

Бүгін Астанада футболдан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысын таныстыру рәсімі өтті. Баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин журналистерге бұған дейін елорданың «Астана» командасын жаттықтырып, жоғары нәтиже көрсете білген болгар маманы Станимир Стойлов ұлттық құраманың бас жаттықтырушы қызметіне тағайындалғанын мәлімдеді.

Осыған дейін ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожин құрама тізгінін ешқандай ресейлік бапкерлер ұстамайтынын, ұлттық құрамаға Талғат Байсуфинов пен «Астана» клубының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов келуі мүмкін екендігін айтқан болатын. Сөйтіп, таңдау соңғысына түскен екен.

«Біз ешқандай ресейлік бапкерлермен келіссөз жүргізген жоқпыз. Бізде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болуға төрт үміткердің тізімі болды. Атап айтқанда, қазақстандық Талғат Байсуфинов және қазақстандық командамен жұмыс істеген болгариялық Станимир Стойловты ерекше қарастырғанымызды жасырмаймын. Сондай-ақ тізімде шетелдік жаттықтырушылар да болды. Бірақ біз Станимир Стойловты ұлттық құрамаға лайықты жаттықтырушы деп таптық», деді бас хатшы.

Баспасөз жиынында «Астана» футбол клубының емес, ұлттық құраманың бас жаттықтырушы ретінде сөз алған  Станимир Стойлов ендігі кезекте Қазақстан футболының дамуына бар күш-жігерін салатынын айтты.

«Кеше Қазақстан футбол федерациясының президентімен жолығып, ұлттық құрама төңірегіндегі бірқатар мәселелерді талқылап алдық. Мен бұған дейін Қазақстанның командасын жаттықтырып, биік белеске көтерген болсам, ендігі кезекте бар күшімді ұлттық құрамаға саламын. Қазақстандық жанкүйерлер бұған дейін тең ойынға қуанған болса, енді тек жеңіске қуанатын болады деп үміттенемін», дейді С.Стойлов.

Айта кетейік, бұған дейін ұлттық құраманы ресейлік маман Александр Бородюк жаттықтырған болатын. Ол Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып өткен жылдың 27 ақпанында тағайындалып, үш жылдық келісімшартқа отырған болатын. Бір жылдың ішінде Бородюк ұлттық құрамамен жеті ойын өткізіп, бер рет тең ойнап, жеті рет қарсыласқа есе жіберген. Осындай сәтсіз нәтижесі үшін ұлттық құрама оның қызметінен бас тартқан еді.

Станимир Стойловтың Қазақстан ұлттық құрамасымен алғашқы ойынын 23 наурызда Будапеште Венгрия құрамасымен жолдастық кездесуде өткізеді.