Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологияны енгізу мен дамыту және интеллектуалық жүйені қолдану мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігінде көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.
Комитет төрағасы Георгий Ким отырысты аша келіп, азаматтар қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуін көрсететін маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті. Қазіргі кезде БҰҰ-ның «Жер институты» рейтингінде Қазақстан 159 елдің ішінде 60-шы орынды алады. Біздің еліміз қауіпсіздік деңгейі бойынша 141 елдің арасында 72-ші орында тұр. Осылайша, тұрғындардың ішкі істер органдарына деген сенімін көрсететін қауіпсіздік рейтингі дамыған елдерден елеулі түрде артта қалып келеді.
Г. Ким халықаралық рейтингтің төмендігі мен азаматтар тарапынан айтылатын сындар ішкі істер органдарының жекелеген қызметкерлерінің өз міндеттерін сапалы атқармауы ғана емес, осы саладағы жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттардың жоқтығы екенін атап өтті. Осыған байланысты, сенатор мемлекеттік қызмет көрсетулерді, оның ішінде қауіпсіздік саласына қатысты шараларды халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру қажеттігін айтты.
Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев қоғамдық тәртіпті қорғаудың жай-күйі, қылмыспен күресті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде құқық қорғау органдары жүзеге асыратын шаралар, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметін цифрландыру барысы туралы депутаттарды хабардар етті.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдармасы аясында Ішкі істер министрлігінде үш инвестициялық жоба көзделіп отыр. Атап айтқанда, «Полицияның учаскелік инспекторы» ақпараттық жүйесі әрбір учаскелік испекторға Ішкі істер министрлігінің орталықтандырылған мәліметтер базасына қол жеткізуін қамтамсыз етуге арналған. Автоматтандырылған «Тергеуші» ақпараттық жүйесі мәліметтерді жинау мен қорыту жөніндегі құрал болып табылады, ол сотқа дейінгі тергеудің бүкіл үдерістерін автоматты түрде атқарады. «Шағын қалаларды жедел басқару орталықтарын құру» үшінші жобасы көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда жасалған кез-келген тәртіп бұзушылықтарға жедел әрекет етуге арналған. Қазіргі кезде бес қалада: Жаңаөзен, Рудный, Хромтау, Семей және Щучинскіде жедел басқару орталықтары іске қосылған. Жоба аясында тағы 35 шағын қаланы қамту жоспарланып отыр.
Е.Тұрғымбаев атап өткендей, бүкіл қызметті цифрландырудың басты мақсаты еліміздегі қоғамдық тәртіпті қорғауды нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ішкі істер органдарының міндеттерін іске асырудағы бақылау, айқындық және жеделдікті қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі кезде ішкі істер органдары бейнебақылау жабдықтарымен тек 10 пайызға ғана қамтамасыз етілген.
Отырысқа Ішкі істер министрлігі қызметтерінің басшылары, Бас прокуратураның, ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, «Транстелеком», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарының, «Көркемтелеком» ЖШС өкілдері қатысты.
Көшпелі отырыс аясында депутаттар Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталығында және Астана қалалық ішкі істер департаменті Жедел басқару орталығында болды. Сенаторлар жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын бейне бақылау мониторларының жұмысымен, сондай-ақ интеллектуалды бейнебайқау жүйесін іс жүзінде пайдалану барысымен танысты.