• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Наурыз, 2018

Университет түлегі науқас балаға 200 мың теңге табыс етті

524 рет
көрсетілді

Алғыс айту күні мерекесі мен оқу орнының 60 жылдығына орай Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубының ұйымдастыруымен «Мейірім шуағы» атты көңілді толқытқан, өзгеше концерт өтті. Өзгешелігі сол, мүмкіндігі шектеулі балалар қаладағы Шалқар Мұхамғалиев, Влад Лоскутов секілді әнші жастармен бірге ән шырқап, би биледі. 

Әсіресе Айзар Айдос «Қайтер едік өмірге келмегенде» әнін айтқандағы мұңды дауысы залдағы жұртшылықтың көзіне жас үйірді. Қайырымдылық концерт басталмас бұрын С.Аманжолов атындағы университеттің «Шабыт» театрының студенттері мылқау қыздың тағдырын баяндайтын шағын қойылымды көрермен назарына ұсынды. Мәдени шара аяқталғаннан кейін «Үлбі» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығының тәрбиеленушісі, церебральды сал ауруымен ауыратын Роллан Сымбатов сахнаға шақырылып, оған осы университеттің түлегі, жеке кәсіпкер Мирас Сайнолдин 200 мың теңгені табыс етті.

«Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубының жетекшісі, оқу орнының сәулет факультетінің 3-курс студенті Нұргүл Базылқызының айтуынша, Роллан емделу үшін жақында Қытай еліне бармақ. Онда барып, тек тіркелу үшін ғана 2 жарым миллион теңге қаржы керек екен. «Былтыр «Нұрлы жүректің» мүшелері Ролланның өз елімізде емделуіне 500 мың теңге қаржы жинап берген болатын. Ал 2 жарым миллион теңге сәуір айына дейін жиналуға тиіс. Одан кейін қанша рет шақырады, қанша қаржы жұмсалады. Ол жағы әзірге белгісіз», - дейді Нұргүл.

«Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубы осыдан тура бір жыл бұрын жұмысын бастапты. Клуб мүшелерінің барлығы да - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттері. Елуге жуық мүшесі бар клуб мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында құрылыпты. «Өздеріңіз көргендей, бүгін сахнаға мүмкіндігі шектеулі балаларды шығарып, ән салғыздық. Олар өздерін ешкімнен кем сезінбесе, қоғамнан оқшау қалмаса дейміз. Клубымызды айналамыздағы көмекке мұқтаж, тағдыр тауқыметін тартып жүрген жандарға аз да болса септігімізді тигізсек деген ниетпен құрған едік.

Біз қайырымдылық акцияларын, қайырымдылық концерттерін, қайырымдылық жәрмеңкелерін жиі ұйымдастырамыз. Жәрмеңкеде өз қолымызбен пісірген тамақтарымызды сатып, түскен қаржыны науқас балалардың қажетіне жұмсаймыз. Жақында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спорттық сайыс өткіздік. Студенттер бәріне үлгеруге тырысады. Сабақты да оқиды, жұмыс та істейді, қайырымдылық та жасайды. Бір әттеген-айы, бір жыл ішінде қайырымдылық шараларына демеушілерді тарта алмадық. Бұл үшін біздің клубқа заңды түрде тіркелу керек екен. Қазір осы мәселемен шұғылданып жатырмыз», - дейді қайырымдылық клубының жетекшісі. Осы шараға Айзар Айдос есімді мүмкіндігі шектеулі баланың әжесі Маржан Шәбиева арнайы келіпті. «Менің немерем жүре алмайды. Арбаға таңылған. Мына студенттерге мың алғыс. Келіп, жағдайымызды біліп, сыйлықтарын әкеп тұрады», - деп ризашылығын жеткізді.

Кеш соңында «Үміт» балалар үйі, «Үлбі» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығы мен «Ақниет» мектеп-интернатының 130 тәрбиеленушісіне сыйлықтар табыс етілді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН