Ауыз су мәселесі Маңғыстау өңіріндегі ең өзекті жайт. Тұздылығы жоғары теңіз суын тұшытып пайдалану көлемін арттыруды көздеген өңірде талай тұрғынның таңдайына тамызық етіп отырғаны – жерасты сулары.
Су тұшыту демекші, өткен жылы су көлемін арттыру бағытында «Каспий» су тұшыту зауытын жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Қазір тәулігіне 30 мың текше метр су шығарып тұрған зауыт Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы және Құрық ауылын сумен қамтуға сеп болды. Зауыттың қуаттылығын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңінің жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар еңсерілгенде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында игерілетін 11 мың жаңа жер учаскесі сумен қамтылады деген жоба бар. Сондай-ақ бұл бағытта өңірде жаңа су тұшыту зауыттарын салу бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Су тұшыту жұмыстары жайы осылай болғанда, жерасты суларын пайдалану ахуалы қандай?
Маңғыстауда біраз ауылдық елді мекендер ауыз су ретінде жерасты суларын пайдаланады. Тіпті бірқатар өндіріс орындарының да торсығын толтырып тұрған тұс – осы. Мәлімет бойынша, қазіргі таңда жерасты су қорынан облыс тұрғындарына беріліп отырған ауыз су мөлшері тәулігіне 16 117,41 текше метрді құрайды. Мысалы, Қызылқұм массивіндегі Қияқты жерінен сорылған су Тұщықұдық, Шебір ауылдарына, Қаламқас кен орнына жіберілсе, Түйесу массивінен Өзенге, Сенекке айдалады. Ал Бостанқұм массивіндегі Сауысқан суы Өзен мен Сазды, Қызылсай, Бостан, Үштаған ауылына жіберілсе, Құйылыстан Ақтауға, Ұланақтан Жыңғылдыға, Көгезден Шетпеге жөнелтіледі. Ауыз су ретінде пайдаланылатын жерасты суларын сору тек бұлармен шектелмейді, оның үстіне мал суару үшін пайдаланылып жатқан көздерді қосып есептегенде, жоғарыда айтылған көрсеткіштің бірнеше есеге ұлғаятыны анық.
Суы тапшы өңірде ауыз суды табу және оны пайдалану – басты мақсат. Осы тұрғыдан алғанда дұрыс-ақ. Бірақ, жерасты суларын пайдаланудың екінші жағы ескеріле бермейді. Ғылым табиғи су көздерін пайдаланғанда, су ресурстарының қайта қалпына келу жылдамдығын есепке алу қажеттігін ескертеді. Себебі жерасты сулары 1 400 жылдан соң қалпына келсе, жер үстіндегі түрлі жағдайларға, зат алмасу үрдісіне қатыспайтындықтан терең қабаттағы су қоры қалпына келмейді екен. Жаңбыр жауу мөлшері аз, сондай-ақ қар қалың түспейтін Маңғыстауда жаңбыр мен қар суының жерге, әсіресе, терең қабаттарға сіңімділігі туралы сөз қозғаудың қажеті шамалы. Осы орайда орта есеппен 50 метр тереңдіктен, тағы да орта есеппен 50 жылдан бері суы сорылып келе жатқан өңірлердің табиғи ахуалы қалай?
Жерасты суларынан нәр алып тұрған бұталы өсімдіктердің шөліркеуі нәтижесінде қурауы, оны жақын маңдағы ауыл тұрғындарының отын есебінде пайдалануы салдарынан Сенек, Үштаған, Тұщықұдық ауылдарында құм көшкіндері пайда болып, ауылды сусыған құм басу қаупі төнді. Бүгінде бұл дабылы мен дақпырты басылған әңгімедей көрінгенмен, осыдан он шақты жыл бұрын Маңғыстау үшін маңызды мәселе болып, жиынның күн тәртібінен түспеген болатын. Осы жылдары Алматыдан келген География институты өкілдері құм етегіне өсімдіктер отырғызу арқылы құмды тоқтатуға сынама, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кейіннен бұл сексеуіл отырғызу жұмыстарын Маңғыстауда құрылған «Жасыл әлем» мекемесі жалғастырды. Сенек, Үштаған ауылдарына бірнеше түп сексеуіл отырғызған олар бұл істі Тұщықұдық, Шебір ауылдарында жалғастырды. Алғашқы жылдары Тұщықұдықта жылына 70 мың сексеуіл отырғызылса, қазір жылына 30-35 мыңнан кем емес сексеуіл егіледі. Оны жүйелі түрде суарып, бағып-күтіп отырған арнайы бағбан болмағандықтан, қыруар еңбектің соңы кей жағдайларда құмға сіңгендей болатын кездері бар, яғни сексеуілдің біраз бөлігі көктеп-көгермей қалған кездері көп. Ал бұл жұмыстардың қаражатсыз, шығынсыз атқарылмағаны тағы белгілі. Сауысқан су тарту орнынан Үштаған ауылына дейінгі 30 шақырым қашықтықтың өн бойына орналасқан 29 ұңғымаға қарап судың қажеттілігін, маңыздылығын мойындасаң, құм мен ауылдың арасындағы ну сексеуілге қарап екінші ойға – табиғаттағы өзгерістерге, туындайтын экологиялық мәселелерге налисың. Тек, ауыл іргесіндегі сексеуілдің тұтасқан орманын от шалмасын деңіз...
Сондықтан жерасты суларын пайдалану маңызды, әрі аса қажет болғанның өзінде, оның табиғатқа, қоршаған ортаға келтірер залал-зардабын ескеріп, оны болдырмау мүмкіндігін де ескерген жөн. «Таяқтың екі ұшы бар» деген осы...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы