• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Наурыз, 2018

Парламентші пайымы: Ұстаздар мүддесін қорғау – өзекті мәселе

349 рет
көрсетілді

Соңғы кездері қоғамда белең алып, арқамызға аяздай батқан ұстаздарға деген теріс көзқарас, ұстаздардың бұқаралық ақ­парат құралдарында және әлеуметтік желі­лерде Парламент депутаттарынан өздерін оқушылар мен ата-аналар­дан қорғауды сұраған жанайқайы біздің Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа депу­тат­тық сауалмен қайрылуымызға себеп болды.

Қазір мемлекет мұғалімдерді жан-жақ­ты қолдау шараларын жүргізу үстін­де. Елбасымыздың тапсырмасына сәй­кес Үкімет мұғалім мәртебесін арт­­тыру мақсатымен білім берудің жа­ңар­­тылған мазмұнына көшкен ұстаз­дар­дың лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейту туралы жақын арада арнайы қаулы шығарды. Солай болғанымен қазақстандық ұстаздар білім саласындағы шенеуніктерден, ата-аналар мен өздері білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп жүрген оқушылар тарапынан кейбір қысымшылықтар көріп жүргенін айтпауға болмай отыр. Кейбір ата-аналар тарапынан ұстаздарға тіл тигізу, тіпті балаларының тәрбиесіздігіне кінәлау сияқты әрекеттер жиі болатынын бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз.

Ұстаз деген мәртебелі мамандықтың бүгінгі күні құнсыздануы өкінішті-ақ. Ата-аналардың балаларының көзінше мұғалімдерге дөрекі сөздер айтуы – жас жеткіншектің алдында ұстаз беделін айрандай төгеді. Мұғалім – қауқарсыз, құ­қығы тапталған адамға айналады. Қазіргі кезде диктафон, фотоаппарат, мобиль­ді телефон қолдану арқылы оқу­шы­лардың мұғалімдер беделін түсіруі жиілеп кетті.

Біз осындай жағдайларды ескере отырып, мұғалім мәртебесін қорғау үшін Үкі­мет тарапынан төмендегідей кешенді іс-шара­лар қолға алынуын сұрадық:

1. Қазіргі таңда ресейліктер ұстаз­дар­дың қорғалуына кепілдік беретін заң енгізуді талқылап, ұсыныстар дайын­дауда. Жобада педагогикалық қыз­мет­керлерге қарсы жасалған зорлық-зом­былық, сонымен қатар оның ар-ож­даны­на тию, билік өкілдеріне жасалған зор­лық-зомбылықпен пара-пар болып есептелінсін делінген. Осы тәжірибе бізде де қолданылса.

2. Мемлекеттік органдарда видеокамерасы бар және интернетке қосылған телефондарды пайдалануға тыйым салынғаны белгілі. Мектептердің де мем­лекеттік мекеме екендігін ескере оты­рып, оқушыларға, ата-аналарға, мұға­лімдерге оқу процесі кезінде мектепте интернет-модульдері мен фото-видеокамералары бар құрылғыларды пайдалануға шектеу қойса.

3. Қазіргі кезде орта білім беру меке­мелерінде қызмет ететін ер-аза­мат­­тар­дың үлес салмағы небәрі 18% бол­ған­дықтан, оқушы ер балаларымыз қыз мінезді болып барады деген пікірлер айтылып жүр. Осыған орай, ЖОО-дағы арнайы педагогикалық мамандықтарға ер-азаматтардың қабылдануына арнайы жеңілдіктер тетігі қарастырылса.

Ұстаздардың ар-ожданын қорғауға, беде­лін арттыруға бағытталған осы уәж­дерді ескеріп, Үкімет кешенді шаралар қа­был­дау үшін уәкілетті мемлекет­тік ор­ган­дарға тапсырма береді деген үміттеміз.

Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты