Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға немесе жоғары оқу орындарына түсуге әзірленуге ауылды жерлерден гөрі қалада көп мүмкіндік бар екені белгілі. Дегенмен соңғы жылдары шалғайдағы ауыл мектептеріне де көңіл бөліне бастады.
Осы ретте «Казнаковка» білім беру қорының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Өз жұмысын 2005 жылы Көкпекті ауданындағы Казнаковка орта мектебінің оқушыларын кітап оқуға ынталандырудан бастаған қор қазіргі уақытта Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан және Үржар аудандарының 9-10-шы сынып оқушыларын үлкен өмірге батыл қадам жасауға дайындап жатқан көрінеді. «Қор 9-10-шы сынып оқушылары арасында жылына 5 рет (төртеуі – аудандық, біреуі – облыстық деңгейде) «Эрудит» эссе байқауы, математика, физика, ағылшын тілі және жеңіл атлетика бағыттары бойынша олимпиада ұйымдастырады. Олимпиада өткізу арқылы қабілетті оқушыларды іріктеп алып, олардың еліміздегі және әлемдегі ең үздік университеттерге түсуіне көмек көрсетіледі.
Шалғайдағы ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушылары Қазақстан мен шетелдердің жоғары оқу орындары, өзіне лайықты университетті таңдау, дайындалу, гранттар мен шәкіртақылар туралы ақпараттарды тегін ала алады. Сондай-ақ оларға университетте оқу кезінде белгілі бір кезеңге дейін қолдау көрсетіледі. Байқауға есту, көру қабілеті нашар және басқа да физикалық шектеулері бар оқушылар қатыса алады. Оларға тапсырмаларды орындау кезінде жеңілдіктер, тиісті жағдайлар жасалады», дейді «Казнаковка» білім беру қорының атқарушы директоры Айжан Садықова. Оның айтуынша, білім қоры ұйымдастыратын олимпиадаларға қатысатын оқушылар саны тоқсан сайын көбейіп келеді. Мәселен олимпиаданың 1-турына облыстағы 6 ауданның 9-10 сыныптарының 5250 оқушысының 1105-і қатысса, екінші турына қатысуға 1542 оқушы өтініш білдіріпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы