Бүкіләлемдік спорт күнтізбесінде 4 наурыз – дүниежүзілік теннис күні. Бұл мерекелі датаны Қазақстан теннис федерациясы да дүркіретіп атап өтті.
Еліміздің көптеген теннис орталықтарында осы спортқа аяқ басқан бүлдіршіндерге арналған шеберлік сыныптары өтіп, олардың ата-аналарына арналған сый-сыяпаттар табысталды. Елімізде теннис спорты қарқынды дамып келе жатқан Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Орал қалаларында түрлі мерекелік жиындар ұйымдастырылды. 2013 жылы Халықаралық теннис федерациясы бекіткен мереке бұл жолы «Теннис 10» бағдарламасының аясында атап өтілді. Яғни, үлкен тенниске енді аяқ басқан, 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында түрлі сайыстар жасалынды. Жүзден астам жеткіншекке теннис таяқшалары табысталып, көптеген сыйлықтар таратылды. Осындай мерекенің бірі елордадағы «Дәулет» ұлттық теннис орталығында да болды. Онда біз Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевты сөзге тарттық.
- Халықаралық теннис күні біз үшін өте маңызды. Осы спортты дамытудың, насихаттап қалудың тағы бір мүмкіндігі десек артық емес. Бүгін жаттығулар ашық түрде жүріп жатыр. Балаларының қалай жаттығатынын ата-аналар да көріп отыр. Тенниске енді келіп жатқан елордалық балаларға көптеген сыйлықтар жасадық. Олардың осы спортқа деген махаббатын одан әрі аша түсуіміз керек.
- Диас Бауыржанұлы, еліміздегі теннистің дамуына байланысты атқарылып жатқан шаруалар өте көп. Алайда, жаңадан ашылатын теннис орталықтары қашан бой көтермек. Бір сұқбатыңызда Астана мен Петропавлск қалаларында теннис орталығы ашылады деп едіңіз?
- Негізі Солтүстік Қазақстан облысындағы орталықтың техникалық ашылуы болып қойған. Орталық қазір жұмыс істеп тұр. Тек біз оны ресми түрде жазға қарай ашып, кең қолданысқа қосамыз. Ал Астанада «Жерұйық-2» саябағының ішінен ашылатын теннис орталығының құрылысы осы жазда басталады. Сонымен қатар, қазір құрылысы жүріп жатқан Шымкенттегі теннис орталығын да айта кетейін. Ондағы кешен жақын арада пайдалануға беріледі. Орталықта қонақүй, бассейн, көптеген корттар болады. Алматыда тағы бір орталықтың құрылысы аяқталып, 9-ақпан күні пайдалануға берілді. Қазір онда бапкерлер жұмысқа кірісіп, тенниске жазылған жеткіншектерді қабылдап жатыр. Барамын, қатысамын дегендерге есік ашық. Мекен-жайы «Мамыр» ықшамауданында. Ендігі мақсат – Қарағанды, Ақтау, Қостанай қалаларында екінші тенннис орталықтарын ашу. Негізі мен атап өткен қалалардың барлығында теннис орталықтары бар. Бірақ, жаттыққысы келетін балалардың саны тым көп болғандықтан, біз оларды бір орталыққа сыйдыра алмай жатырмыз. Бүгінде 7 мыңнан астам жеткіншек тенниске жазылған. Одан бөлек, әуесқойлардың өзі қаншама?!
- Диас мырза, жақын арада Қазақстан құрама командасы Хорватияға қонаққа барады. «Дэвис» кубогында тегеурінді қарсыласқа тап болдыңыздар. Бұл құраманы жеңіп, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік бар ма?
- Бізде бұл ойынға үлкен жоспар бар. Бес рет ширек финалға шықтық. Бірақ, тарихымызда ешқашан жартылай финалға өтіп көрмедік. Сондықтан да, осы ойында бар күшімізді көрсетуіміз керек. Хорватия құрамасы Марин Чилич, Борна Чорич секілді мықты тениисшілерден жасақталған. Бес теннисшісінің бесеуі де ТОП-50 қатарына кіреді. Жұптасып ойнайтын теннисшілерінің өзі мықты. Бізге қиын болатыны анық. 100 пайыз жеңеміз деп айтудан аулақпын. Бір өзгешелігі бұл жолы біз Загребтің қасындағы Параждин қаласындағы құмдауыт төсеніште өнер көрсетеміз. Хорватияның ең мықты теннисшісі Марин Чилич осы жолы құрама сапында ойнаймын деп айтыпты. Қазақстан құрамасы деген кезде барлығы ең мықты ойыншыларын шақыртатын болған.
Басты мақсат ел абыройын төмен түсірмеу. Оның үстіне Халықаралық теннис федерациясы келер жылы үлкен бір жобаны қолға алмақшы. Бұл жарыстың форматын өзгерткелі жатыр. «Дэвис» кубогы енді Әлем чемпионаты секілді өтеді. Бір аптаның ішінде 18 команда топ-топқа бөлініп өнер көрсетеді. Ал сол кезде бізге тобымыздан шығу қиын болады. Әлемдік топта қалудың өзі оңайға соқпайын деп тұр. Демек, қазірден бастап әлемдік рейтингімізді жоғарылата бергеніміз жөн.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»