«Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызының құттықтау хатын алды. Алғыс айту күнімен құттықтаған лебізді мерекелік шарада облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова оқып берді.
Еліміздің бірінші ханымы және барлық балалардың анасы Сара Алпысқызының: «Өмір сүріңіздер, жақсы көріңіздер, кешірімді болыңыздар. Жүректеріңізден сенім, үміт, махаббат өшпесін. Сіздерге бақыт, денсаулық тілеймін», деген ізгі тілегі атыраулық балаларға қуаныш сыйлады.
«Шаңырақтағы» алты отбасында 59 бала бар. Олар балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваны «Үлкен мама» деп атайды. Тіліне, дініне бөлінбей, бір үйде тату-тәтті өмір сүріп жатқан балалар өнерге де жақын. Түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылықтарын шыңдап жүр. Араларында жас актерлер де бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» тапсырысы негізінде түсірілген «Аманат» фильмінде осы балалар үйінің тәрбиеленушілері Руслан Джаббаров, Бекзат Серікқали, Нұрдәулет Шудабай басты рөлдерді ойнады. Мерекеге орай оларға да алғыс хаттар табысталды.
Әрине әр бала өз отбасында, ата-анасының аялы алақанында өскені жақсы. Бірақ өмірде әрқилы тағдыр бар. Балалар ауылын мекендейтін балғындар қашанда мемлекет қамқорлығында. Үлкен жүректі азаматтар мен өңірдегі мекемелер, кәсіпорындар да қайырымдылық жасаудан тыс қалып көрген емес. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айгүл Тәшенова, судьялар Нағима Ысқақова, Ғизатолла Отарұлы, Сәния Айдарбаева, Атырау қалалалық сотының судьялары Лаура Лұқпанова, Медина Серікбаева, Әйгерім Қаршыға секілді абзал жандар Алғыс айту күніне арналған шараға арнайы келіп, балаларға сыйлықтар табыстады. «Барбанг» күрд этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Әли Сеидов пен «Еділ-Жайық» қарақалпақ этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Жеткербай Пішенбай, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жастар қанатының төрағасы Алексей Ишин, «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Айдана Балашевалар да балаларға базарлықтарын ала келді. Еріктілер тобы концерттік бағдарлама қойды.
– Мұндай шаралар балаларға мереке сыйлайды, – дейді Гүлсара Ботатаева. – «Үйімізге қонақ келеді» деп балалар алдын ала дайындалады. Кішкене кездерінен осы тәрбиені алып өскеннен кейін оларға қоғамға бейімделу, жетістіктерге жету қиынға соқпайды. Түрлі байқауларда жеңімпаз атанған мақтаныштарымыз бар. Балалар ауылының қабырғасынан кетсе де, өмірден өз орындарын тауып, елге пайдасын тигізіп жүрген жастарды үлгі етіп отырамыз. Балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та жиі келеді. Бұл жерде бақытты балалық шақты қамтамасыз етуге қажет жағдайдың бәрі жасалған. Биыл жаңа ғимараттың құрылысы басталады деген қуанышты жаңалығымыз бар.
«Қуантсаң, баланы қуант» деген осы. Өздеріне жасалған жақсылыққа әдемі киімдерін киіп, дөңгелене билеп, шаттана ән шырқап алғыс айтқан балғындарға қарап отырып, осылай ойлайсың. Тағдыр түрлі болса да, баланың бәрі бақытты, өйткені оларды аялайтын ел бар, жаны ізгі жақсылар бар.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ