• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Наурыз, 2018

«Ел аналары» – ауқымды шара

497 рет
көрсетілді

 

«Нұр Отан» партиясы Елбасы, партиясы Төрағасының тапсырмасы бойынша Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ел аналары» атты тың бастаманы қолға алды. Осыған орай еліміздің әр өңіріндегі барша нұротандықтар ғасыр жасаған және жасы жүзден асқан ақ жаулықты әжелерді мерекемен құттықтауда, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Жаңа акция аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жасы 103-ке келген Астана қаласының тұрғыны, еңбек және тыл ардагері Дана Құлмұхамедқызы Досполованы құттықтады. Апамыз үйіне арнайы келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған нұротандықтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Дана әже 1915 жылдың 12 қыр­күйегінде Ақмола облы­сының Қорғалжын ауданына қарасты Жантеке ауылында ту­ған. Жастайынан еңбекке ара­ласқан асыл әжей ел тарихында ерекше маңызға ие Транссібір темір жол магистралінің құ­ры­лысына да үлес қосқан. Аталған магистральді салу кезінде апамыз аспаз болып жұмыс істеген екен. Соғыс жылдарында да тыл­да еселі еңбек етіп, Ұлы Же­ңісті жақындатқан жандардың қа­тарында болды.

Дана әжейді барша нұр­отан­дықтардың және Елбасы, пар­тия Төрағасының атынан шын жүректен құттықтап, сый-сияпат тарту еткен Мәулен Әшім­баев заты асыл осындай апаларымыздың өнегеге толы өмір жолы жас ұрпаққа қашанда үлгі екенін айтты. Олар өт­кен ғасырдың қиын-қыстау кезең­дері: азамат соғысы, тарихы­мызда зұлмат жылдар деп таңбаланған саяси қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы сияқты небір тар жол, тайғақ кешулерге тайсалмай төтеп беріп, елінің ертеңі үшін аянбай күресе білді. Сол арқылы апаларымыз қайсар рух пен жалынды жігердің жар­қ­ын үлгісін көрсетті. Соның нә­ти­жесінде аяулы да асыл апа-әжелеріміз Қазақстанның тәуел­сіз ел атанғанына куә болды. Бүгінде олар азат елдің азат ұрпақтарын тәрбиелеп, неме­ре-шөберелерінің ортасында бақытты өмір сүруде.

– Мейірімділіктің нышанын­дай болған 8 наурыз – Халық­аралық әйелдер күні – әдеміліктің, ізгіліктің және жылылықтың мерекесі. Соған орай «Нұр Отан» пар­тиясы «Ел аналары» деген ауқымды шараны қолға алып отыр. Осы акция аясында партияның барлық филиалдары ғасыр жасаған және жасы жүзден асқан әжелерімізді үйлеріне арнайы барып құттықтауда, – дейді Мәулен Әшімбаев.

Шын мәнінде әулетінің ғана емес, тұтас еліміздің алтын қазығы, береке-бірліктің ұйытқысы болып отырған осындай апа-әжелеріміздің өмірінен алар сабақ мол. Сондықтан нұротандықтар абыз аналарды жеке-дара құттықтап, ақ баталарын алуды өздерінің абыройлы міндеті деп санайды.

– Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта етігімен су кешіп, келешек ұрпақ үшін жанын беріп еңбек еткен аяулы жандарға құрмет көрсетуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз. Өйткені біздің бүгінгі бақуатты өміріміздің бастауында еліміздің іргесі берік, бірлігі бекем болуына зор еңбек сіңірген осындай аналарымыз тұр, – деген Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы барлық ақ жаулықты әжелер мен аяулы аруларды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.

Бүгінде Қазақстан бойынша жасы жүзге жеткен және ас­қан 415 әжей бар. Олардың басым бөлігі, яғни 80-і Оңтүстік Қазақ­стан облысында тұратынын атап өткен жөн.

Айта кетейік, «Ел аналары» акциясы еліміздің барлық өңі­рінде өткізілуде. Соның аясында нұротандықтар облыс, аудан орталықтарымен қатар, шалғайда орналасқан ауылды жерлердегі апа-әжелерімізді де арнайы барып, мерекелерімен құттықтауда.