Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған он міндеттің ең алдыңғы бөлігінде жаңа технологияларды енгізу арқылы индустрияландыру деңгейін көтеру міндеті тұр. Бұл міндет, ең алдымен, ел экономикасын цифрландыру арқылы жүзеге асырылмақ.
Бұрын беттесіп көрмеген бұл жаңа үрдіс ел өңірлеріне де тың міндеттер жүктейді. Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің Ақтөбе облысына сапарының басты мақсаты – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өңірде қолға алынған істермен танысу болғанын айта кеткен жөн.
Бірден айтарымыз, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өндірісінде бұл істің алғашқы аяқ алысы тәп-тәуір. Мәселен өңір аумағындағы «Айс» ЖШС тауарлы-сүт фермасының қызметімен танысу барысында Асқар Қуанышұлы мұнда өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынарлықтай цифрландыру ісінің оң мысалдары мол екеніне көзін айқын жеткізді. Мұндағы агроөнеркәсіптік үдерістер толығымен автоматтандырылған. Сондай-ақ ірі агроқұрылымда цифрландыру үдерістерінің тиімділігі қазірдің өзінде алғашқы нәтижесін беруде. Бұған дәлел, бір сиырдан күніне орташа есеппен 25-30 литр сүт сауылады. Күніне 40-45 литрге дейін сүт беретін сиырлар да бар. Цифрландыру бағытталған бастамалар суармалы егістік өнімділігін бес есеге дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Айталық, бұған дейін мал азығына қажетті жүгері сүрлемінің әр гектарынан алынған өнім 100 центнерден аспаса, бүгінде оның мөлшері 480 центнерді құрайды. «Айс» ЖШС жаңа технологиялық желілер еңбек өнімділігін бірнеше есе көтеруге, аналық сиырлардың жай-күйін толықтай бақылауға алуға мүмкіндік береді. Алдағы кезде аймақта «Айс» тауарлы-сүт фермасы үлгісінде тағы да 31 шаруашылық құрылмақ.
Асқар Жұмағалиев бұл үдерістерге оң бағасын бере келіп, цифрлы технологияны енгізбейінше бір де бір шағын, орта және ірі бизнестің өрісі кеңейе қоймайтынын атап көрсетті. Сондай-ақ өңірде кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыруға және автоматтандыруға бағытталған бағдарламалар да оң нәтижесін бере бастағаны белгілі болып отыр. Әрі осы арқылы өнімдерді экспортқа шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашылған. Оның жарқын мысалының бірі Ақтөбе рельс арқалығы зауыты болып табылады.
Әрине осыған қарап өңірде жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мәселесінде ешқандай кедергілер мен проблемалар жоқ деуге болмайды. Әсіресе өңірдегі білім беру мен денсаулық сақтау салаларында бұл істе бірқатар кідірістердің орын алып отырғаны ешкімге де құпия емес. Мұндағы бірінші мәселе интернет желісі жылдамдығы төмендігінен туындайды. Тіпті мұны айтпағанда, интернет жүйесінен мүлдем тыс қалып отырған шалғайдағы елді мекендер де бар. Талшықты оптикалық желінің жетіспеуі де біраз қолбайлау туғызуда.
Осы мәселелер жөнінде айтып берген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсыныс-тілектеріне орай Асқар Жұмағалиев өңірдің барлық елді мекендеріне кеңжолақты интернет желісін спутниктік қондырғылар арқылы жеткізуге Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Қазіргі күні өңір экономикасы мен әлеуметтік саласын цифрландыру ісінде облыста кең ауқымды бағдарламалар жасалып, соған сай кешенді іс-шаралар қолға алынған. Бұл жөнінде Асқар Жұмағалиевке облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов мәлімдеді.
Вице-премьер сапар қорытындысында, тұтастай алғанда Ақтөбе облысындағы цифрландыру мәселесі бойынша Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттер деңгейінде шешімін тауып келе жатқаны жөнінде түйін жасады. 14 наурыз еліміздің Батыс өңірлерінде жылдың басы деп саналып, Көрісу күні аталып өтетініне орай ол барша ақтөбеліктерді осы атаулы күнмен құттықтады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ