Министрліктің жақында өткен бір алқа жиналысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Бізге жетіп жатқан ақпараттар бойынша, «сенімді басқаруға беру» туралы желеумен жергілікті жерлерде балабақшалар мен колледждерді жекешелендіру мәселесі қолға алына бастаған көрінеді», деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ол жекешелендіруге үзілді-кесілді қарсы екенін айта келіп: «Біз бұрын бір рет бұл жағдайды басымыздан өткеріп, жекешеленіп кеткен балабақша ғимараттарын қайтадан сатып алуға мәжбүр болғанбыз. Білім беру саласы нысандарының жетімсіздігі әлі де ұзақ уақыт сақталатын болады», деді.
Министр мырзаның дабыл қағатын-ақ жөні бар. Біздің елдің шенді-шекпенділері өткеннен сабақ алар тәубесін ұмытқан. «Жең ұшынан жалғасқан» жаппай жекешелендіруді желеу етіп, еліміздегі бүкіл балалар бақшасын талан-таражға салып, қарапайым халықты тесік астауға телмірткені күні кеше ғана еді ғой.
Сарапшылардың нақты дерегі бойынша, тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдары Қазақстанда 7 жасқа дейінгі балалардың 70 пайыздан астамын қамтыған Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім және тәрбие беру жүйесі болды. 1991 жылы елімізде 8743 балабақша жұмыс істеген екен. Үкімет «оңтайландыру» ұранын ортаға тастап, айналасы жеті сегіз жылдың ішінде 4868 балабақша ғимаратын жекешелендіріп, қалғанын «өз күніңді өзің көр» қағидасымен қараусыз қалдырды. Соның салдарынан 2000 жылға дейін еліміздегі балабақша саны 1144-ке дейін құлдырады. Сөйтіп аз ғана уақытта еліміздегі жылдар бойы жиналған материалдық игілік пен тәжірибе құрдымға жіберіліп, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру саласы қатты ойсырады. Сөз орайына байланысты айта кететін болсақ, біз балабақша саны жағынан күні бүгінге дейін сол 1991 жылдың деңгейіне жеткен жоқпыз. 2017 жылы еліміз бойынша 7074 мемлекеттік балабақша жұмыс істеді.
2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің кәсіпкерлеріне, әртүрлі жолдар арқылы бизнеспен айналысатын шенеуніктеріне ашық сөз арнап, 90-шы жылдары жекешеленіп кеткен балабақша ғимараттарын қайтадан мемлекетке қайтару қажеттігін күн тәртібіне қойды. Сол жылы Астана қаласы бойынша 14 балабақша ғимараты қалалық білім басқармасының иелігіне қайтарылды. Бірақ жақсы басталған бастаманың ғұмыры ұзаққа бармады. Уақыт өткен сайын сиырқұйымшақтананып, 2011 жылы елордамызда 1 балабақша ғимараты ғана қайтарылса, содан бергі өткен жылдарда мүлде тоқтады. Жалпы еліміз бойынша, 2010 жылдан бастап 2016 жыл аралығында кезінде жекешеленіп кеткен 246 балабақша ғимараты мемлекетке қайтарылған екен. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, 1991 жылдан 2000 жылға дейін еліміздің білім беру саласы жеті мыңнан астам балабақша ғимаратынан айырылғанын ескерсек, бұл «құмға сіңген судай» мардымсыз көрсеткіш.
Соңғы жылдары балабақша тапшылығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Өткен жылдың соңындағы мәлімет бойынша, тек Астана қаласының өзінде ғана 40 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұрған көрінеді. Үкімет бұл өткір әлеуметтік проблеманы шешу жолында қолдан келгенді жасап жатқан сыңайлы. Атап айтар болсақ, қазір елімізде 9400-ден астам балабақша жұмыс істейтін болса, оның 7074-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік балабақшалар болып табылады. Жергілікті атқарушы билік органдары балабақшадағы орын тапшылыған жекеменшік балабақшалар ашу арқылы жойғысы келеді. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, жекеменшік балабақшалар талабын қарапайым халық көтере ала ма? Мәселен, мемлекеттік балабақшаға төлейтін бір айлық төлем 15 мың теңге мөлшерінде болса, жекеменшік балабақшалар бүлдіршіннің бір айлық тәрбиесіне 60-80 мың теңге көлемінде. қаржы талап етеді. Сапасы ол бағаға лайық емес Ай сайын 100 мың теңгенің о жақ, бұ жағында жалақы алатын жас мамандар бүлдіршіндерін мұндай «бизнес балабақшаларға» қалай бермек?
Әлемдік тәжірибе бүлдіршіндердің 3 жастан 6 жасқа дейінгі даму кезеңі мектепке оқуға дайындау үшін ең қолайлы жас екенін көрсетеді. Осылайша Францияда 3 – 6 жасқа дейінгі балалардың барлығы дерлік балабақшаға барады. Осындай үрдіс Германияда, Канадада, Венгрияда, Англияда орын алған. Өркениет биігіне ұмтылып, әлемдік үрдістегі білім беру жүйесінің 12 жылдық оқыту тәжірибесіне кіргелі отырған Қазақстанда да балаларды мектепке дейін 3 жастан 6 жасқа дейін даярлауды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін еліміздегі балабақшалар жүйесінің санын да, сапасын да арттыру керек. Сондықтан, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, мектепке дейінгі білім беру саласын күйреткен «жекешелендіру» тәжірибесін енді қайтіп қолдануға болмайды. Жалпы, әлеуметтік әділетілікке басымдық берген елде балабақшаны жекешелендіру жат құбылыс.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»