Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялағаны белгілі.
Аталған Үндеуде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселелері қамтылған болатын.
Елбасы Үндеуін халыққа түсіндіру бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Бірыңғай күні аясында Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, аналар, ақсақалдар және Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелді Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева ашып, жүргізіп отырды. Елбасы Үндеуінде көрсетілген бастамалар бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Жамбыл облыстық филиалы экономикалық талдау және статистикалық бөлімінің басшысы К.Қырғызбаева және «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Б.Құттыбаев «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы Қ.Нұрманбетов «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» және «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Асату» ЖШС-нің директоры Б.Жетпісбаев «Шағын несие беруді көбейту», «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы өндірістік техникалық бөлімінің басшысы А.Юсупов «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» мәселелері бойынша баяндамалар жасап, өз ойларын айтты. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылар Елбасы Үндеуі бойынша өз пікірлерін білдірді.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы