• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Наурыз, 2018

Солтүстік Қазақстан университеті қытайлық компаниямен меморандумға қол қойды

761 рет
көрсетілді

Қытайдың «Tielin Logistics Invest» компаниясы Қызылжар өңірінде ірі өндіріс орындарын салу мақсатымен бірнеше жобаларды жүзеге асыруға кірісті.

Екі тараптың өзара уағдаластығы бойынша индустриалды парк құрылып,  сегіз жоба шеңберінде пестицидтер мен тыңайтқыштар, машина жасау зауыттары, логистикалық орталық, тағы басқа өндірістік ошақтар салынатын болады.  Ол үшін Қызылжар ауданы аумағынан 400 гектар жер телімі бөлініп, қағаз-целлюлоза комбинаты мен теміржолдың екі желісінің құрылысы биыл басталады. Қаржылық жағынан қамтамасыз етуді аспанасты елінің инвесторлары өз міндеттеріне алған. 1,5 мың жұмыс орындары құрылады деп жобалануда.

Жуырда компанияның бас директоры Жанг Ксиуминг бастаған делегация өңірге келген жұмыс сапарында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік  университетінің басшылығымен де  кездесіп,  білікті кадрлар дайындау жайы қызу талқыланды. Келешекте инженер, агроном, машинажасаушылар, электроэнергетиктер,биотехнологтар мамандықтарына  сұраныстың артатыны ескеріліп, оларды тәжірибеден өткізудің,  бәсекелестікке қарымдылығын арттырудың, жұмысқа орналастырудың нақты қадамдары атап көрсетілді.  Университеттің ректоры Серік Өмірбаев  өз сөзінде  Қытай компаниясы салатын өндіріс орындарын жергілікті кадрлармен толықтыруға әзір екендіктерін,  материалдық-техникалық базаны жаңарту, профессор-оқытушылар құрамын іріктеу жұмыстары  жалғасып жатқанын жеткізді. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік жағынан көмек берілсе, қытай тілін оқытуды қолға алар едік, деді ол. Қарсы жақ өкілдері ұсынысты қабыл алып,  жұмыс күші зәрулігі  бірігіп шешілетініне, барлық қажетті  жағдайлар жасалатынына сендірді.  Оларды еңселі оқу орнының ауыл шаруашылық және техникалық  әлеуеті де қызықтырды.  Ауқымды жобалар үш кезеңнене тұрады. Алғашқысы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Оылайша өзара келісімімен бекітілген меморандум шеңберінде ірі  қара малға арналған жемшөп өндірісі, агрохимия және ауыр өнеркәсіп саласындағы қолданбалы ғылыми-зерттеулер кешенді түрде іске асырылады. Бұған қоса алдағы уақытта солтүстікқазақстандық студенттер қытайлық озық кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, инвестициялық бағдарламалар бойынша салынатын  зауыттарда еңбек ете алады.

«Президенттің бес бастамасы» Үндеуінде атап өтілгендей  өнеркәсіптік  революция жағдайындағы жаңа экономикада  зор сұранысқа ие жаңа мамандар даярлау–басты талаптардың бірі. Меморандум негізінде «Жол картасы» жасалып,  жылына 10-15 студент Қытайда тіл үйренумен қатар біліктіліктері мен шеберліктерін шыңдап қайтады. Өзімізде қытай тілін меңгеру үшін дайындық курстары жүргізіледі. Аспанасты елінде тұрып жатқан этникалық қазақтарды қызметке шақырудың жолдары ойластырылған», дейді халықаралық стратегия және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі  проректор Айдос Мұқатаев.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.