• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Наурыз, 2018

Өскеменнен Аягөзге 11 тонна ұн жөнелтілді

397 рет
көрсетілді

11 наурыз күні ауа-райының күрт жылынуынан кіші Аягөз өзені арнасынан асып, Аягөз қаласында 100-ден астам үйді су басып, 8 үй мүлде жарамсыз, 10 үй апатты деп танылғаны белгілі. Төтенше жағдай орын алған күннің ертеңінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен Өскеменде 3 жерде гуманитарлық көмек бекеті ашылған болатын. Осы ретте қайырымды істің басы-қасында жүрген «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Маржан Бақытпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

- Маржан Бақытқызы, өзіңіз жетекшілік ететін «Жас Отан» жастар қанаты алғашқылардың қатарында үн қатып, жұртшылықты қайырымдылық көмек жасауға шақырдыңыздар. Гуманитарлық көмек жинау қалай жүргізіліп жатыр?

- Өскеменде гуманитарлық бекет ашылған 12 наурыздан бері жан-жақтан хабарласып, көмек қолын созуға ниет білдіріп жатқан жандар аз емес. Қызметтегі азаматтардан бастап қарапайым адамдар да жан-жақтан хабарласып жатыр. Тіпті түнгі сағат үште Ақтау қаласынан бір апамыз: «Не болып жатырсыңдар? Амансыңдар ма?» деп телефон шалды, ертесінде көмек ретінде ақша салып жіберіпті. 5 келі майын, 10 келі рошкиін әкеп жатқан қарапайым тұрғындар да бар. Шын мәнінде, еліміздің ынтымақ-бірлігі осындайда көрінеді екен. Біз қазір негізінен құрылыс материалдары, жылы киімдер, бұзылмайтын тағамдар, жеке гигиеналық заттар мен кеңсе тауарларын қабылдап жатырмыз. 4-5 күн көлемінде жиналған дүниелердің алғашқы легін 17 наурыз күні КамАЗ көлігімен Аягөзге жөнелттік. Нақтырақ айтсақ, 11 тонна ұн, 10 тонна картоп, 6 тонна қарақұмық, 2 тонна күнбағыс майы, 3 тонна макарон өнімдері мен шаруашылық тауарлары тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жіберілді.

- Қайырымдылық шарасына белсенді атсалысқан азаматтар мен мекемелер жөнінде айтып өтсеңіз.

- Жалпы алғанда, облыс тұрғындарының көпшілігі Аягөздегі жағдайға бей-жай қараған жоқ. Қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Өскеменнің өзіне келсек, шаһардағы «Марат м» ЖШС, «Кседо» ЖШС, «Шығысагрохолдинг» ЖШС, «Шығыссүт» ЖШС, «Шығыс таңы» базары, туберкулезге қарсы облыстық диспансер мен облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұжымы мен Ержан Нұрбаев, Лұқбек Тұмашинов, Әлия Досыбаева, Сейілжан Сайлаубаев сынды облыстық және қалалық мәслихат дептутаттары ізгі іске ерекше қолдау көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, облыстық мәслихат депутаты Лұқбек Тұмашиновтың 15 тонна құрылыс материалдарын, Ержан Нұрбаевтың 2 тонна ұн бергенін айтпай кетуге болмас. Өскемендегідей гуманитарлық бекет облыстың бірқатар қала-аудандарында да ашылып, Семей мен Риддер қалаларынан, Шемонайха, Катонқарағай, Абай, Глубокое аудандарынан Аягөзге гуманитарлық көмек жөнелтілді. Бұлар – әзірге су тасқыны қаупі жоқ аудандар. Ал енді өздері де су тасқынымен алысып жатқан аудандарды «көмектесіңдер» деп қинаған жоқпыз. «Нұр Отан» партиясының өңірдің қала-аудандарындағы бүкіл филиалдары бір күндік жалақыларын аударғанын да атап өтуге болады. «Жас Отан» жастар қанатының басқа облыстағы филиалдарының жетекшілері, өзімнің әріптестеріме ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бір-екі күнде Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан гуманитарлық көмек керуені келуге тиіс.

- Бұл шара әлі де жалғасып жатқан болар.

- Иә, жалғасын табады. Өйткені, өңірде қар әлі толық кеткен жоқ. Тасқын қаупі әлі де бар. Сондықтан облыстың қай жеріне жәрдем керек болады, соның бәріне мүмкіндігінше көмек қолын созуға тырысамыз. Аягөзге күнделікті хабарласып, түрғындарға не қажеттігін сұрап-біліп отырмыз. Дәл қазіргі уақытта оларға бірінші кезекте төсек жабдықтары керек. Өйткені, су астында қалып қойғаны белгілі. «Жас Отанның» Өскемен қаласындағы белсенділері тек гуманитарлық көмекпен шектелмей, арықтарды тазартып, жер үйде тұратын жалғыз басты қарт адамдардың ауласындағы қарды сыртқа шығаруға да көмектесіп жатыр.

Реті келгенде айта кетейін, қазіргі уақытта республиканың 9 өңірінде 17 гуманитарлық көмек бекеті ашылған. Оның бесеуі - Шығыс Қазақстанда. Сонымен қатар өңірдегі мешіт қызметкерлері «Шығыстың асары» атты шараны қолға алып жатқанын да атап өтуге болады.

- Cұхбатыңызға алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН