Жаңа магистральды газ құбыры үш миллион қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Энергфетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
Баспасөз жиынында Энергетика вице-министрі Президенттің «елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деп аталатын бесінші бастамасын іске асыру бағытындағы жұмыстар жайын баяндады. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде бір жарым жыл ішінде, яғни 2019 жылдың желтоқсан айына дейін Астананы, Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Мәлім болғандай, «Сарыарқа» магистральды газ құбыры жобасына «ҚазТрансГаз» АҚ техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеген. Оған «Мемсараптама» РМК оң бағасын берді, дейді мамандар. Жобаның жалпы құны 370 млрд теңгені (ҚҚС-мен) құрайды. Жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.
М.Мырзағалиевтің айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 1081 шақырым, құны 267 млрд теңге болатын «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша бірінші кезең әзірленіп жатыр. Газ құбырының осы учаскесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындарын және магистральды газ құбыры трассасы бойына жақын орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады.
«Сарыарқа» жобасын іске асыру Астанада ауаға кететін зиянды қалдықтарды жылына 36,1 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы барысында шамамен 800 жұмыс орны және оны пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр. Сонымен қатар Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктері газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелерін пысықтап жатыр. Осылайша тарату желілерінің бірінші кезеңі газ құбырының құрылысы аяқталысымен 2019 жылдың желтоқсанында қосылуға дайын болуы тиіс.
«Сарыарқа» газ құбырының бірінші бөлігі, яғни «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты ағымдағы жылдың соңында аяқталады деген жоспар бар. Алайда оған дейін жергілікті әкімдіктер газды тарату жүйелерін әзірлеуі тиіс. Сонда ғана көгілдір отын тұтынушыларға таратылады. М.Мырзағалиевтің айтуынша, газ құбыры Қызылорданың Қараөзек ауылынан бастау алып, алдымен Астанаға, содан соң Көкшетау мен Петропавлға дейін тартылады. «Газ құбыры 2019 жылдың аяғына дейін Астанаға жетеді. Ал магистраль бос тұрмау үшін Қарағанды мен Ақмола облыстары, сондай-ақ, Астана әкімдіктері газды тарату желілерін жобалауды тездетуі керек. Біз арнайы жиналыс өткіздік. Осы саладағы жұмыстар басталып жатыр. Әрине біраз уақыт қажет болады. Дегенмен газ магистралі Астанаға жеткенде алғашқы тарату жүйелері дайын болады. Қала әкімі де уәде беріп отыр. Газ алдымен жылу электр стансасына, одан кейін Оңтүстік-шығыс шағын ауданына тартылады», деді вице-министр.
2014 жылы Үкімет Қазақстанды 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын бекіткен болатын. Осы схемаға сәйкес газдандыру деңгейін ағымдағы 47 пайыздан 2030 жылға қарай 56 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл 3 млн адамды немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»