Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі – ақиқатында маңызды және уақтылы көтерілген бастама.
Ұлық мерекелер – Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінен бастау алып, Халықаралық әйелдер күні және Наурыз мерекесі тойланатын айдың басында Елбасының әлеуметтік бастамалары барша қазақстандықтар үшін ерекше сый болды.
Биыл үшінші жыл қатарынан Алғыс айту күні еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде мерекеленіп, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында киелі қазақ жеріне, көңілі кең қазақ халқына қиын-қыстау уақытта қолдағандары үшін құрмет білдіретін монументтер ашылды.
Қазақстанның біртұтас халқы Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамаларына шын пейілмен қолдау білдіреді. Өйткені ортақ мақсатымыз – қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту, көлемді әлеуметтік жобаларды бірлесе жүзеге асыру, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» жалпыұлттық идеясын жаңа ойлармен толықтырып, әрбір қазақстандықтың жағдайының дұрыс болуына күш салу.
Мәселен, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз ету жоспарларынан елге шынайы қамқорлықты сезінеміз.
Жаңа жобалар еліміздің азаматтарының өмір сүру деңгейін барынша жақсартатындығына күмән жоқ. «Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет – әлеуметтік мемлекет. Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін», деді Президент.
Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға арналған жаңа әлеуметтік бастамалар да ортақ күшті біріктіру арқылы жүзеге асатындығына сенімдімін.
Леонид ПИТАЛЕНКО,
«Беларусь» этномәдени бірлестігінің төрағасы